Олжас Сәндібекұлы 1984 дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.
Сағындым...
Күз келсе, күз келсе арманым,
Сырым мен мұңымның ырысы.
Көктемге ғашық бола алмадым,
Ғашық қыла алмады ол, дұрысы.
Дәнеңесі де жоқ сенбейтін,
Кім білген, ойлап жүр кім кімді.
Өзгелер сезіне бермейтін,
Сары күз сыйлады бір мұңды.
Сол кезге куә боп жол жатты,
Аралап сап-сары бақ ішін.
Сағындым сарғайған сол бақты,
Сағындым...
тағы да тағысын.
Кім білген, кім кімді ойлап жүр,
Ескі мұң сен тағы табылдың.
Жұрт біткен көктемді тойлап жүр
Мен күзді өлердей сағындым.
Сол қызды өлердей сағындым.
Мен сені іздедім
Қараша желіне тоналып,
Ақпанда ақ қарға оранып.
Көктемде бүр жарып елеңдеп,
Оралған құстармен келер деп.
Мен сені іздедім,
Шілдеде қырық күн.
Соңында үміттің.
Елемей, ескермей,
Күңкілін күдіктің.
Өзіңді көрсем деп асығып,
Ақыл мен сабырды басынып.
Жүйесіз ойларым
Жұлдыздай шашылып.
Мен сені іздедім
Жанарым құрғамай,
Қабағым мұңға бай.
Санамда жалғыздық,
Төбемде сынған ай.
Өзіңсіз жалғанның,
Бір кем боп тұрғаны-ай.
Мен сені іздедім...
Жанар
Үзіліп жүз үміт
Құлауды үйретті.
Мөлдір шық тізіліп
Жылауды үйретті.
Тағдырға бағынып
Шаршауды білмеппін.
Сарғая сағынып
Аңсауды үйретті
Күздің жанары.
Кірпігі қытықтап
Күлуді үйретті.
Қылығы құрықтап
Көнуге үйретті.
Көргенді көңілге
Түюді үйретті
Ал маған өмірде
Сүюді үйретті.
Қыздың ЖАНАРЫ.
Махаббат сыйлаған көктем,
Бізден де күдерін үзбек.
Қоштасу бізге де жеткен,
Көңілге күз кеп.
Сен жалған қызыққа құмарсың,
Шуағын себе ме әр күн?
Шынында бақытты шығарсың,
...Бәлкім?..
Сен маған несіне қарадың,
Көздерің күлімдеп мұңсыз.
Мен кетіп барамын...
Күллі әлем үнсіз.
Уәде
Бұл сөзіме уәде етем әуелі,
Үнің неткен, демің неткен бал еді.
Саған арнап жыр жаза алмай келемін,
Дәл өзіңдей әдемі.
Қылықтарың үшін әрбір сыйқырлы,
Ұмытқаным үшін әрбір ұйқымды.
Саған арнап бір жыр жазам деп едім,
Дәл өзіңдей сүйкімді.
Менен өзге жан сезбеген бұл бақты.
Оқылатын баяу әрі ырғақты,
Саған арнап жыр жазамын қалайда,
Дәл өзіңдей қымбатты.
Болмысыңда мәңгі шуақ көктем жүр,
Жанарыңнан айналайын төккен нұр.
Саған деген сезімім де, жырым да,
Дәл өзіңдей Мөп-Мөлдір.
Бұл сөзіме көкте Ием куә де.
Бұл сөзіме көк те, жер де куә де.
Өлмейтұғын өлең жазам бір күні,
Бұл уәдем, УӘДЕ.
Сен гүлді сүйесің,
Гүл тектессің ғой жарқыным.
Мен түнді сүйемін,
Себебі, жалқымын.
Сен нұрды сүйесің,
Жанардан нұрың шашырап.
Мен мұңды сүйемін,
Жалғыздығымды қасыма ап.
Сен айды тосасың,
Күн батса болды аспаннан.
Мен қайғы құшамын,
Жастығым сосын жас толған.
Сен күнді сүйесің,
Сүйесің несін күндеймін.
Мен кімді сүйемін?
Білмеймін.
Сосын сүймеймін.
Жаныма ауыр тиер ме еді мұншама,
Сап-сары боп сағыныштан күз өлді.
Ет жүрегім қанша ауырып тұрса да,
Қоштасамыз біз енді.
Мен әлі де сыңарымды таппадым,
Әсте сабыр күттірді.
Сенің маған түнде жазған хаттарың,
Менің жалғыз қалғанымды ұқтырды.
Махаббатты ардақтаған түріміз,
Өзімізге қарсы қойып жебені.
Бұл ғұмырдан бірімізге біріміз,
Кездеспей-ақ кеткеніміз жөн еді.
Көңілімді жырларымнан ұғарсың,
Мені бекер тумас болар Хауа Анам.
Енді мені білгің келсе сұрарсың,
Жұлдыз бенен ауадан.
МУЗЫКА
Ұлым Әлімханға
– У-у-у, у-ү-ү, м-м-м.
– Ұлым сенің осы ғажап уілің
Естілгенде нұрға айналар көңілім.
Санам жетпей қоюшы еді өмірге,
Сен екенсің Өмірім.
Осы болса тартар сыйың әуелгі,
Бұл сазыңа бүкіл болмыс тәуелді.
Құлыным-ау, қайдан жаттап алғансың
Мұндай ұлы әуенді.
Неткен көркем, неткен тәтті қылығың,
Осы сәттің садағасы ғұмырым.
Қалай еді қайталашы құлыным,
– У-у-у, у-ү-ү, м-м-м.
сурет:ult.kz; yvision.kz; alokhdood.com; cards.i.ua ; tapeciarnia.pl; microcosmos.yvision.kz
Дайындаған: Фараби Арыстанбек