- Негізгі бет
- Поэзия
- Махаббат жайлы 3...
Махаббат жайлы 3 өлең...
Махаббатта мезгіл жоқ дейді. Бірақ, күз — махаббат мезгілі. Меніңше бұл мезгілде туған сезім көктемдегідей албырт емес, махаббат мұраты саналатын тұрақтылыққа бастайтындай... Дәл қазір осы күйді кешіп жүрген жандарға махаббат поэзиясының падишахы Мұқағалидің 3 өлеңін ұсынамыз.
Махаббат диалогы
- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
- Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.
- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?
- Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?
- Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін.
Жанымды тыншытпайды сезім деген
Қалай жүр, япырау, төзіп денем?
Қаншама күндер өтті дамылдамай
Қаншама түндер өтті көз ілмеген.
Білмеймін, не іздейді сезім менен?
Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы.
Белгісіз қайда апарып соқтырады
Не сезім мені бір күн от қылады
Не сезім мені бір күн жоқ қылады.
Адамның сезімінен сезіктенбе
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады
Шынайы шын сезімге кезіккенде.
Алдыңнан терезеңнің жүріп өттім,
Сен мені байқадың ба, құдіреттім?
Тұрдың ба терезеңнің ар жағында
Теңселіп, тұтқан пердең діріл етті.
Неге өртенді?
Жүрегім неге өртенді?
Нелер келіп, басыма нелер төнді?
Балконыңнан қол бұлғап қарсы алушы ең
Неге менен жасырдың көлеңкеңді?
Көзің қайда көшеден мені іздеген,
Сөзің қайда жанымыз егіз деген?
…Терезеңнің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей…
Қысты күн… Жем іздеген…
А. Оралқызы