- Негізгі бет
- Поэзия
- Мадияр Төлеуов: "Түн...
Мадияр Төлеуов: "Түн - боздаған саулы інген"
Төлеуов Мадияр Жалғасұлы 1997 жылы 14 сəуірде Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүние келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті. 2015 жылы Қадыр Мырза Əлінің 80 жылдығына арналған республикалық мүшəйраның бас жүлде иегері, 2016 жылы Серік Томанов атындағы республикалық мүшəйраның ынталандыру сыйлығының иегері. "Өлмес өлең" жыр жинағында өлеңдері жарық көрген.
Сыр өңірінен тағы бір талантты жас түлеп ұшты. Мадиярдың өлеңдерін оқып отырып, қазақ поэзиясына жаңа бір есім келді деп қуандық. Ендеше, жас ақынның жыр дәптеріне бірге үңілейік!
Түнек
Мүсіндер көз алдымда күреңітіп,
Жат әлемге көңілім жүр елітіп.
Өзге сөзін санама сұғып алып,
Таңғы шық жаны бардай күледі ыршып.
Сұлбам-ай, солған гүлдей түнеріңкі,
Өртеді өлең үшін күдерін кім?
Сұлулықтан гөрі мен сағымына,
Жұтылғанда сүйемін, білемісің?
Бақытсыздың қашанғы жасын ұрттап,
Жүреді екем қалайша ғасыр ұқпақ?
Ол кісінің бір ақын досы болған,
Жырын оқып тұр екен асылып қап.
Әлеміне сыймаған зарлық екен,
Өсек қылып айтады бәз бір екеу.
Өткеннің мен іздейтін естелігі,
Көз көбемде көміліп қалды ма екен?
Құстардың тұмсығымен қазып алып,
Құстардың қанатына жазып алып,
Түнекте діріл қағып дөңбекшіген,
Ешкім де жанын ұқпас базыналық.
Қызыл іңір
Төбемізден төнген бе қызыл іңір?
Құс жолында нәзік нұр сызылды кіл.
Жүрегімнің түбінде суарылған,
Тым бейкүнә кейіпте үзілді гүл.
Жүзіңді бұр!
Ойға шомсам телміріп қарайды, еркем,
Дертіңді ішу уақытқа оңай ма екен?
Сары шәлі оранған күз сылқымға,
Ақ кебінін көмкерем қалай ертең?
Көктемені бауырына ала қашқан,
Құстар бүркеп есінен танады аспан.
Түбітті бұлт жыласа жұбатам деп,
Алақанын жайып тұр қара ағаштар.
Тарамыс жол легінде сарнап ағып,
Шұғыласы үздікті таңға қалып.
Құйрығына іңірдің ілескенде,
Аңдаусызда көзімді қанға малып.
Жұлдыздардан тамшылап нәр құйылған,
Түніменен шала мас жанға ұйығам.
Қызыл іңір сейілер сәт келгенде,
Қарындастың сипай кет маңдайынан.
Ең алғаш осы ауылда
Көршінің əуес болдық жидесіне,
Қол жүгірттік арудың түймесіне.
Арбамен түзді егінге күліп бардық,
Мінбесек те патшаның күймесіне.
Жолдардың жүгенсізін ұғып қарап,
Пендеде болатынын сынық қанат.
Анаға танытарда тұнық ағат,
Əкенің қолындағы шыбық талап.
Жұлдызда Тəңір жасы бар екенін,
Баланың сүйретері кəрі етегін.
Тыныштық сынық ойлар арпалысы,
Бүтіні бермейтінін жəне тыным.
Сағымның да кейіпі болатынын,
Құстардың жүрекке кеп қонатынын.
Қауырсыны деміңде солатынын,
Шым қайғы өзегіңді оратынын.
Санаңды уақыт жұтып кететінін,
Сүйіктің үнсіз қарап өтетінін.
Құдайға мылқау үні жететінін,
Ымыртта бөріден де бетер ұлып.
Ғаламды ұлылыққа көтерді мұң,
Жақынның да сездіріп бөтендігін.
Өлеңнің үнсіз қалу екендігін,
Жəне, ол - күлсіз жанып кетер жымың.
Сездім мен...!
Әкесі оның
Бозбаланы майданға аттандырды қараша,
Көшкен құстың қанатына таласа.
Шеше қалды кемсеңдеп, босағада қақшиып,
Қыз да қалды орамалын жас сүйіп.
Қорда өліктің үстінен түсе қалды ертесі,
Жанарымен көр қазардай жер тесіп.
Бүрсеңдеді ақпанда көңілінің аршасы,
Отырғызды жаздыгүн жүрген жолға қаншасын.
Шеше алмай түндерде сағыныштың қақпанын,
Самсап сезім, желге ұшырды xаттарын.
Кеуде қағып шоғырда, ерімін деп түркінің,
Асып жүрді коммунисттің мылтығын.
Өрлігінің қос қолы бұлттың ұстап жалынан,
Найзағайын шаншып алды жауына.
Қорғасынның бір түгі қарып түсіп арқасын,
Өліарада сүйретіпті қаңқасын.
Жалынынан оттардың жерімейтін қауымға,
Қош айтысып жаралы ер тартып кетті ауылға.
Езудегі шаттығын сыйға тартып зарлы елге,
Кей күндері шомылады дәуренге.
Әкесі оның осылай аман қайтқан ауғаннан,
Аласармай ауғандағы таулардан.
Кеуде қағып қазір де ерімін деп түркінің,
Біздерге де көрсетіп жүр тыртығын.
***
Сылдыр-сылдыр шытынаған тостақ жүз,
Сыңғыр-сыңғыр шайқалғанда қоңырау.
Бұлдыр-бұлдыр елес артып көшті андыз,
Тұлдыр-тұлдыр бағы айналған ғұмыр-ау!
Жылдың үңгіп өзектегі төрінен,
Бір күн сырғып айналады түнекке.
Қылдың ыршып тайғанаған белінен,
Бір мұң сүңгіп батып өлді жүрекке.
Мірдің үрдім моншағына зар жұққан,
Біздің түндік сүйер кештің сауығын.
Күмбір-күмбір күйге жаны шалдыққан,
Сеңгір-сеңгір бұлтың едім, ауылым.
Селдір-селдір сорымды ішке жасырдым,
Шүлдір-шүлдір елеңіме оянған.
Жырдың мүлгіп құшағында жатырмын,
Сырдың күлгін сәулесіне боялған.
Кезбелік
Алматыдан кеткім келді,
Кеттім мен.
Е.Ашықбаев
Бұлай айта алмас едім, сірә, мен,
Айта алмас, пенде болса құба дөң.
Сәуле құлап шашылады дегбірі,
Үнсіздігін ұрттап алған жырамен.
Шам қалғып тұр, жауырынын қар көмген,
Түн - боздаған саулы інген.
Көмейімнен көшіп жатқан түтіннің,
Сыбырына есеңгіреп қалдым мен.
Еңсені езген мылқау зіл,
Кеудем іші жазын күткен сұрқай көл.
Құлағыма ернін тосып тәтті елес,
Алматыны шырқайды.
Маған тегі таныс сынды кей мүсін,
Күрсінемін өрттілерден сый құшып.
"Сыра толы құтыларын шынжырлап,
Өзектерін дәуір тепті деймісің?"
Жұлдыз ақты, үзіп кетіп шідерін,
Сәттер сыңсып, уысынан жыл өріп.
Жалықпайды ай ілесіп соңымнан,
Жүрісімнен жыр іздеймін түнеріп.
Талықсыған естіледі жесір ән,
Ымырт көмсе, сәл ыңылдап қосылам.
Өлең - зікір, Құдай үшін айтылар,
Бәлкім, xалық қорқа ма екен осыдан?
Үйеңкі ағаш жапырағы сиреді,
Күзді ертіп кетіп қалдық, себебі:
Сол қалада қар боп жауып жатам да,
Жол үстінде еріп кете беремін.
Әбілxаят
(өмір суы)
Мәңгі тәтті мінсіздікті жамылған,
Тырнағынан көбелек түс ағылған,
Кірпігімен жүрек қоса қағылған,
Еx, сұлулар, құрбандығы өлеңнің,
Сөздің сағым сарайында көнердің.
Тамсанғаннан көшімді әрең шөгердім.
Таңдайыма тамшы жұқпай түңілдім,
Сол шырыннан мен де талай сімірдім.
Сәукелесін сылып тастап іңірдің.
Бармақ майын сарқып сорған күй жанын,
Ұғынғанда теңселген тән,
сыймадым
ойларыма теңселгенде, Иманым.
Жұмақ құмар міскін болдым, күштер ме ең?
Еміс-еміс есте қалған түстерден,
Өмір құрап алғанымды кеш білгем!
Мықтың үйі
(Отан үшін қан төккен сансыз ұрпақтың үнсіз молалары)
Т.Әсемқұловтан
Маңған бұлттың адасқан даласында,
Жол көрсеткен құлпытас.
Мөлиген төбелердің шарасында,
Ойлар шоршиды, сұрқы мас.
Ұшқын ескен көздердің қарасында,
Сөгілген сылаң көбесі.
Аңсар кепкен Еділдің жағасында,
Қазтуғанның күтті ме бізді елесі?
Шалынды ма екен тағдырлар етегіне?
Толарсақты суы бүркімей.
Ұшарға қанатсыздың секемі не?
Ұйымай кеткен жұрты кей.
Кемпірқосақ жүзіне боялған маң,
Сайранда көңіл сайранда.
Ессіз дүние әуелде оянғанда,
Мұң деп айтып қойған ба?
Кеуделерді кездердің көмсе алаңы,
Шайқады мені сырға ауыл.
Сол төбелерге Тәңір дем салады,
Аят оқыды сұр дауыл.