Лукбанов Меңдібек Нұрболатұлы 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің 3 курс студенті. Меңдібек қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының бірнеше дүркін жеңімпазы. Бүгін біз жас ақынның сыршыл сезімді, көркем бейнелі бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Сыйлық сыры
Өзгерткім кеп көмегімен қыр гүлдің,
Бірақ, бәрін қарғыс атқыр бүлдірдім.
Тасасына жасырынған бір гүлмен,
Сезімімді келіп еді білдіргім.
Атқаны да бөлек едi бұл таңның,
Оны мендей ұғынар кім, шырқар кім?
Жалғыз гүлдi ұсынғанда iшiнен,
Тайыздығы деп түсiндiң қалтамның.
Кешір, бірақ жөн емес бұл дегенің,
Алайда оған іштен шыдап келемін.
Жалғыз гүлді ұсынғаным мен енді,
Жалғыз сені ұнатамын дегенім.
Жылу тапты ерке назды, бал қыздан,
Таппағаның іздеп жүріп сан қыздан.
Жалғыз гүлдің жұмбақ сыры сені тек,
Бақытты етер мен ғанамын.
Жалғыз жан ұсынарда болғаны рас, ән күдік,
Жұмбақ жаны көрсеткесін сан қылық.
Жалғыз гүлдің құпиясы, тағы бір,
Жалғыз сені жырлайтыным мәңгілік.
Сезім гүлі бүр жарғанда ең кіші,
Бұл жүректің келмейді ғой сенгісі,
Жалғыз гүлді сыйлағаным сендей жан,
Жалғыз ғана екенінің белгісі.
Қимай жылап кеткен шығар ол қырды.
Сол гүл менен мен ұмытпайм бұл күнді.
Солдырмашы сезімімді, өтінем,
Солдырсаң да мен ұсынған сол гүлді.
Қар – ғұмыр
Қар жауады.
Жақтан анау жоғары,
Адамзаттың қардан таза жоқ ары.
Қар жауады қара жерге не үшін?!
Ал, жауабы жоқ әлі.
Сезім әлде, шығар бәлкім, заңдылық.
Ұғып сырын жатқаны жоқ жан біліп.
Құшағына құлайды кеп аппақ қар,
Жер дейтұғын ғашығының мәңгілік.
Қар ғұмырдың басына сәл бақ қонар.
Бақ қонады сорға кейін тап болар.
Жылдар бойы жоғаларын сезгендей,
Айлар бойы аймаласып жатты олар.
Екеуара кешіп Ұлы сезімді.
Сезімдері бізге анық сезілді.
Жер күнәға батты ақыры жігіттей,
Қар қыздай-ақ жылап жатып көз ілді.
Еріндерін сүйіп жердің өпті бір.
Жылай-жылай көзден жасты төкті кіл.
Адамзаттың аз болғандай табаны,
Жерде оның таптады арын мөп-мөлдір.
Оныменен бұзылды өң, неше рең,
Және солай жазылған ед неше өлең.
Қар бейшара көлдей қылып көз жасын,
Кете барды көшемен.
Ей, ақ қарлар, болса-дағы бар мұңың,
Құштың келіп тағы жерді ал, бүгін.
Сырттай сүйіп тұрғанменен қызықтап,
Іштей жылап аяп тұрам тағдырын.
Мен сені әлі сүйеді екенмін
Мен сені әлі сүйеді екенмін,
Жұмсам да көрем көзімді.
Тәтті азабыңменен биік екенің,
Биік екенің сезілді.
Бір қарағаның көп ішіндегі,
Сезім бе әлде өзге ме?
Кінәламайын ол үшін-тегі,
Кінә артпайын көзге де.
Қалған шығармын сірә, кеште ұнап,
– Күнә ма? – деп тағы қарады ол.
Қиылып қарау – күнә емес, бірақ,
Күнәға бастап барар жол.
Ол үміт кетер жаңылысып-ау,
Обалы және өзгенің.
Көптен күткен бір сағынышым-ау.
Неткен мөп-мөлдір көздерің.
Сыйлап жүр мұңды саған қай кісі?
Бағы гүл жан ең жаны нұр.
Ұрлағанменен адам қайғысы,
Азаймайды ғой бәрібір.
Жүдетті жанды кеше де қайғым,
Сол жанарларға білші Айым.
Жырын оқыдым Есенғалидың,
Жырымды оқыдым түн сайын.
Тағы да сүйдім өзіңді бүгін.
Кінәлі, бәлкім, ән шығар.
Сақташы мөлдір көзіңді Күнім.
Тамбасын мұңнан тамшылар.
Жайық
Жайық! Сені жылатпайын деген ем,
Жанды ауыртар жай күйін.
Көзіңнен жас бұлатпайын деген ем,
Қайтейін...
Қайтем еңді, көніл шерлі, жаның мұң.
Сені ұғатын, сен түсінер бар ма әлем?!
Уысынан сусып түсіп Тәңірдің,
Қара жерге тамған ең.
Қасіретің қайғысындай жесірдің,
Ал, шаттығың күлкісіндей сәбидің.
Тарам-тарам тарихыңды төңкерсең,
Тағдырыңнан танимын.
Өкініштің өрті өршісе өзектен,
Өкпе өмірге өкпелесін, аһ ұрсын.
Асылдардың мұңын жұтып мезі еткен,
Ғасырларға сіңіп бара жатырсың.
Сен арнаңа, мен жалғанға сыймадым.
Бағытынан жаңылысып барады ел.
Сен өзіңді, мен сөзімді қимадым,
Қорқыныш па еді қара жер?
Кімге керек күңнен бетер күн мына,
Жүзі сынық, өңі кеткен сазарып
Толқыныңмен тобығымнан ұрғыла,
Күнәм қалсын тазарып.
Сен көктемде күңіренсең, күзде – мен.
Ақтала алмас таға алады айып кім?
Өкінішің өлең еткен, біз деген –
жазылмаған жарасымыз Жайықтың.
Тағы да түн
Тағы да түн. Мазасыз ой не түрлі.
Сені ойлатқан, мені оятқан мұң деймін.
Қала шамы сенің күлкің секілді,
Мені алдайды. Неге алдайды?! Білмеймін...
Неге алдайды шамдары анау көшенiң,
Бағыттардан, қамыттардан шаршаған.
Сол шамдарда жасырулы неше ерін,
Сол шамдарға алданды екен қанша адам?!
Қанша жанның көтере алмай күнәсін.
Сөнеді олар, өледі олар ақырын.
Кетпей қойды көз алдымнан бір асыл,
Жетпей қойды ақылым.
Түнге сіңген бір бейнемен тілдесем
Шамдарынан сан іздедім неше үйдің.
Сылқ-сылқ еткен сұлудай шам күлмесе,
Сен мұңайып қалды ма деп шошыймын.
Кенет,кенет... Шамы сөнді қаланың,
Кетер сәтім бар ғажаптан безініп.
Кірпігіне хаттың жазып жауабын,
Ал сен кеттің көз іліп.
Қайырлы түн!!!
Қалқатай-ау, өкпеліміз біз кімге?
Кінәсі жоқ көктемнің һәм күздің де.
Кінәсі жоқ сарғайған хат, іздердің...
Күнәсі көп үміт жібін үздің бе?!
Үздің білем, оған жасты төкпеп ем,
"Сен де үздің бе?.." деп сұрама тек менен.
Қайырылмай кеткен анау жылдардай,
Кеткен едің. Кеткен едік. Кеткен ем...
Содан бері өкінішім қалды үдеп,
Жанардан жас, жүректен қан тамды кеп.
Жетім ойлар санамда жүр сандалып,
Жетім қыздың жанарындай жәудіреп.
Түн – сырласым, құрдасымдай тең көрем,
Хатымды оқып қойған жалғыз сол дер ем.
Гүлдің тілін түсінгенмен жердегі,
Түннің тілін түсінбейсің сен деген.
...Жазылған хат, оқылар жыр... Бекер ғой.
Еңді жаның, еңді бағың бөтен ғой.
Отқа қимай отыр едім хатымды,
Қарашада құс қайтады екен ғой.