Таяуда ғана Қарағандыдан бір топ қыз-жігіттер Массагет ауылына өлеңдерін жіберген болатын... Назарларыңызға ұсынамыз!
Шалқаров Жәлел Қуандықұлы - 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасы, Беруний ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Бүгінде Алматы қаласында қызмет етеді.
Жырлары мерзімді баспаларда жарияланып тұрады. Өлеңдері "Қасымнан - ғасырға" атты Қарағанды облысы жас ақындарының аудиоантологиясына (2011), «Өмірге келер әлі талай Қасым...» жыр жинағана енген (2011). Бірнеше жас ақындар мүшәйрасының жүлдегері.
ТӨЛЕГЕНШЕ
Тағдырымен алысқан пенде дертін,
Жылуымен жырымның емдеп еркін.
Өлең - дейтін өлкеге өрлік етіп,
Өз жүгімді арқалап мен де келдім.
Жүрегімде ғасырлар жарасы бар.
Қабағымда халқымның наласы бар.
Тамырымда Әмудің толқындары
Төлегенін сағынып аласұрар.
Мен шуақпын басылмас табы мүлде.
Шумақпын дайын тұрған қалібінде.
Ақ парақпын Төлеген Жырынан соң,
Тамшы сия көрмеген әлі күнге.
Мен самалмын есетін ырғақ-леппен,
Нөсермін бұлт кірпігін тырнап өткен.
Мен сап-сары сазымын сағыныштың,
Қазақтың маңдайына сыймай кеткен.
Еділ, Тұмар аңызға татыр мақтан.
Абай, Қасым халқына атар ақ таң...
Түсі тозған Құмдағы мұнарадан,
Тауып алдым Рухымды тасып жатқан.
Заман түлкі, жалаңдап іште нарық,
Бас бармақты әбжылан тістеп алып,
Бюстіңнің алдында мұңымды айтып,
Ескерткішке теңеймін күнде барып.
Көктемімнің сарғайтса гүлін күз кеп,
Аспаныма салса егер тұман тізбек...
Жаратқаннан жұртыма жұмақ сұрап,
Қала кезіп кетемін жырыңды іздеп...
Түнгі аялдама
Тырбың тұрмыстан тынысым тарылып,
Күйбең күндерден көңілім зарығып.
Қараңғылықты қақ жарып қайта,
Түнгі аялдаманы келемін сағынып.
Жіпсіз желкенмен жер үсті жолығып,
Түпсіз түнектен жүрегім толы үміт.
Көк теңіздегі қалқыған кеменің –
Аппақ нұрына отырмын шомылып.
Иісін іздеумен сілпі жаңбырдың,
Қара бұлттардың қаласын қаңғыдым.
Сыршыл жапырақпен қосыла теңселіп,
Сыршыл жапырақпен шырмала қалғыдым.
Түнгі шаттықпен арақты жары ғып,
Болашақ жүр тағы күнәға малынып.
Ал мен қағазбен сырласып отырмын,
Майқұдық төрінде, қараңғы жамылып...
Бағын аралап бұлыңғыр елестің,
Дертке шалдықтым, сағыммен кеңестім.
Сол түнгі бақты күнде бір барып,
Кезіп тұрмасам жазылар емеспін.
Қара түнектің бозарып жанары,
Қалғып қатыгез сағатын санады.
Ауысым тапсырған қарауыл сынды,
Қара жейдесін әкетіп барады...
Күз,үміт...
Сол бейне-
Сол бір сәт-
Сол бір түн.
Мен неге осынша солғынмын?
Селт еткен бір күндік махаббат,
Елес боп-
Көзіме толды мұң.
Мен неге осынша солғынмын?!
Қондың да қайта ұштың бағымнан,
Мен бе едім
Сен бе әлде жаңылған.
Біз кеше бақытты–ек
Ал бүгін,
Айналып барасың сағымға.
Пәк сенім шықты да, бір қалқып.
Жүректі жіберді сандалтып.
Бір түндік махаббат жалыны,
Жеп барад,
Жанымды дал-дал ғып.
Жылт еткен бір сезім жылымық,
Әп-сәтте жоқ болды үзіліп.
Атымды бір рет айтпастан
Келдің де
Кеттің ғой, күз, үміт..
Ғұмыры аз ұшқынның әлегі,
Еркімді неге ұрлай береді?
Көңілім сол қаңбақ сезімнен,
Әлі де-
Боп жүр ме дәмелі?!.
Ләззат
Ләйләдай лағыл лебізге лайық,
Балапандайын бейкүнә бейнең.
Күлкіңнен артық ем іздеу айып,
Тұншыға қалса керқұла-кеудем.
Әлем әспеті әлі де әрсіз,
Сендік сиқырды сезіне алмаса.
Кереметтердің бәрі де нәрсіз,
Мейірімді сендей кезі болмаса.
Затыңдай зарсыз, Зайдалық зердең,
Бақытқа лайық қиялдай керім.
Өмірге тағы айналып келсем,
Ешкімді сендей сүйе алмас едім.
Заман заман ба заңдылықтарсыз?!
Шегінсе шындық шертеді мұң күз.
Ажарсыз дер-ем паң қылық қар қыз,
Ғалам-құбыжық еркелігіңсіз.
Ақын ақын ба арбаса арын,
Сезім сезім бе бір жылытпаса.
Өмір өмір ме далбасаларын,
Тізгілей бермей сырып тастаса.
Тағдыр тағдыр ма тар жол торламай,
Шабыт шабыт қой шапса қайда да.
Жәлел, Жәлел ме бір жыр арнамай,
Жұматай жүз жыр жазса Ләйлаға.
Күнә
Жылдарым жырақта қалған,
Мұңлы әнім сынаққа салған.
Кешіңдер күнәмді менің-
Табыстап бір қуатты аман.
Күндерім күлкімен өткен,
Түндерім ұйқымен өткен,
Кешіңдер күнәмді менің-
Сыр шертіп сан құдіреттен.
Сәттерім сезім лаулаған,
Тәтті ерін төзімді арбаған,
Кешіңдер күнәмді менің-
Оралып келемін саған.
Сағаттар қияға өрлеген,
Парақтар сия көрмеген,
Кешіңдер күнәмді менің-
Аймалап аялы үнменен.
Көңілдер күбір үзбеген,
Өмірлер жылу іздеген,
Кешіңдер күнәмді менің-
Ұлың-ем, аппақ әлемге
Қарайтын нұрлы көзбенен...
Көшірме жасаушы келіншек
Жанымды жаралап жыр ұшқын,
Сырғумен өтуде тұнық күн.
Түнерген менің де қабағым,
Сенің де көзіңнен мұң ұқтым.
Қабыл кек алғанмен Абылдан,
Өмір тек тұрмайды лағылдан.
Пендеміз, біз құдай емеспіз,
Саналы сұрыптау жазылған.
Мейлі, ұнат, мейілің, сөк мені,
Көңіліңнің бар мүмкін көктемі.
Кеше гөр мұңыңды ұрласам,
Сөйтпеске хақым жоқ өйткені.
Қара жер. Көк аспан. Тіршілік.
Ал уақыт қалмайды іркіліп.
Сұлулық. Кер мінез. Бір өлең.
Көзіңнен көріп ем бір қылық.
Сарғайып уайымға берілсек,
Шерліміз тағдырдан жеңілсек,
Түпнұсқа қалпыңды сақтай гөр,
Көшірме жасаушы келіншек.
Соңғы...
Соңғысына жетпей-ақ дамыл легі,
Соңғы вагон, соңғы орын бағым ба еді?
Ардан қуат алатын пойызымда,
Соңғы бекет болмайтын сарында еді...
Соңғы қармен қоштасып мұңды сүйреп,
Соңғы ақшаға алынған соңғы билет.
Жыр-ғұмыр бұл есеппен өлшенбейтін,
Гүл-көктемі келетін тоңды түйреп.
Соңғы бағыт белгісіз соңғы нүкте,
Сан күдікті жеңдіріп жанды үмітке,
Есениндер өлмейді мәңгі тірі,
Соқыр қоғам маталған соңғы жіпке...
Мазасыз мансұқ ойдан еңсем жүдеп,
Таңсық күндер қол бұлғар,келсеңші деп,
Музам маған соңғы рет қанат беріп,
Жыр жазғандай боламын, ең соңғы рет...
суреттер:rewalls.com; yvision.kz; dangerlove.net; penulis165.esq-news.com; fullhdoboi.ru