- Негізгі бет
- Поэзия
- Қытай ақыны Бей...
Қытай ақыны Бей Даудың өлеңдерінен
Өлеңдерді аударған: Зұлқапылдың Мұраты.
МАХАББАТ ХИКАЯСЫ
Жалғыз дедік дүниенің қойынын,
Бізді есейтті сол бір жаздың сейілі.
Үлкендердің жүріп кеттік жолымен,
Сәбилердің жалғастырып ойынын.
Елемедік жатқандарды сұлап бір,
Кемелер де қайраңға кеп құлап тұр.
Бақыт шығар?
Еңбекшінің жонынан,
Ғашықтардан тамшылаған шуақ нұр.
Қалжыраған қара түнге көміліп,
Жол үстінде мауық бастық жолығып.
Бізге үңілген дұшпандардың көзінен,
Сұсты ызбар тұрды дерсің төгіліп.
Бұл хикая емес әсте жай тіпті,
Сен екеуміз, және талай адамдар,
Бастарынан өткергенін айтып тұр.
ШЕГАРА
Арғы жаққа өтпекшімін
Кеңістікті һәм бояп менің бетімді,
Өзен жатыр
Сырғып барам алқынып.
Жай отынан қираған тал секілді,
Көлеңкемді бергі жаққа қалдырып.
Арғы жаққа өтпекшімін, мен, сірә...
Арғы жақтан тоғай иісі аңқиды.
Жанай өтіп сол тоғайды шалқыған
Бір көгершін маған қарай қалқиды.
ЖАҢҒЫРЫҚ
Шыға алмайсың енді терең шатқалдан,
Мына шеру қаралы һәм шерменде.
Аша алмайсың табыт аузын, мақтанба.
Ажалменен келісімге келгенде,
Мейшара күз үйіңізде қап қалған.
Қалып қойған...
Қасындағы пешіңнің
Құмырада
Тозаңдамас жесір гүл.
Қарашы, анау жан бітіпті көшкінге
Кешіргін!
Ал, жаңғырық,
Адамдармен ортаңдағы ой-сезімді
Дәп басып тұр қаңғырып.
Аман қалып, жалғастырып ертеңмен,
Тарап жатыр бір нәзік нұр
Кеудеңе
Жасырынған гауһарыңнан
Сен! Сенбе!
Шыға алмайсың енді терең шатқалдан.
Мына шеру қаралы һәм шерменде,
Иә, сені апарады жерлеуге.
АДАСУ
Іздедім сені
Көгершіндердің үнімен,
Алдымда зәулім ормандар жатты шынымен.
Жол жағасында
Адасқан бейбақ бақ-бақ гүл,
Сілтеп жіберді көлге апаратын соқпақты.
Тербелген сағым ішінен таптым өзіңді,
Шым батыратын тұңғиық, сырлы көзіңді.
МӘЛІМДЕМЕ
Мүмкін...
Әппақ айы туған шақта ажалдың,
Еш өсиет қалдыра алмай балама,
Қаламымды сыйлай салып анама,
Бұл әлемнен, тұл әлемнен озармын.
Атағы зор баһадүр де емеспін,
Еңіреген ерлері жоқ ғасырда,
Елбеңдеген жәй ғана бір елеспін.
Жым-жырт қана бөліп жатыр көкжиек
Өлілер мен тірілердің арасын.
Ғарыш жақты таңдармын мен, соңғы рет,
Жер бетінің көрмеу үшін табасын.
Қан көксеген көкжал сынды көкбет жел,
Өршеленіп ұлиды-ау кеп мәңгі бір.
Жұлдыздардың саңлауынан оқ тескен,
Қып-қызыл боп тамшылайды таңғы нұр.
ЖАУАП
Пасықтық мүңкиді сұмдардың есінде,
Жайсаңның миында ізгілік бүрлейді.
Алтынмен апталған кеңістік бетінде,
Қым-қиғаш көлеңке билейді.
Мұздықтар дәуірі қалғанмен жырақта,
Сұп-суық мұз құрсап тұр міне әлемді?!
Қайырымды үміт мүйісі табылды...
Бірақ та,
Желкендер теңізде қырылысар, ал, енді!..
Мен мынау өмірге келген ем,
Қағазым... Арқаным... сүйретіп сүлдемді...
Адамдар алдында ақынын тергеген,
Үкімді өзім-ақ оқырмын...
Білгенмін...
Айтатын сөзі бар, ей, саған, тұл әлем!
Мен бірақ, сенбеймін, сенбеймін!
Табаның астында мың бәле жүр, әне,
Мың бірінші өлермен мен деймін.
Аспанды түпсіз дейд, осыған сенем бе?
Сенбегем...
Және де найзағай үніне...
Сенбеймін... көрген түс алдамшы дегенге,
Сенбеймін... көресі жоқ десе өліге.
Көк теңіз тосаттан тасыса бір күні,
Құйылсын дәл менің кеудеме.
Құрлықтар зел-зала болса егер сілкініп,
Адамзат тың қоныс іздейді шерлене!
Жаңа бір бетбұрыс һәм жарық жұлдыздар,
Аспанда жыпырлап жанады –
Мың жылдық тарихтың жазуы ол сырлы із бар,
Ертеңгі ұрпақтың қадалған жанары.
***
Мына әлемге бөтенмін, ұғынбаймын тілін мен,
Ол ұқпайды мендегі үнсіздікті бүлінген,
Бірімізді біріміз ұнатпаймыз торығып,
Айна ішінде қалмасақ екен деймін жолығып.
Өзіме де жат екем, түсінбейсің ал мені!
Тосып қалдым тәніммен жалғыз жарық сәулені.
Өмір бойы шошып бір жүруші едім түнектен,
Көлеңкеме сыр айтып, араз болдым жүрекпен.
ҚЫЗЫЛ ЖЕЛКЕНДІ КЕМЕ
Аңыраған жыртық-тесік айналам,
Табан асты созылады жол, әні!
Жұлдыз емес, көше шамы жайнаған
Қарашықтан жоғалады...о, бәлі!
Жүрмін сені жұбатпауға бекініп...
Дірілдеген жапырақта...
Жаратқан!..
Жазылыпты көктем жайлы өтірік,
Жылы жақтан келген құстар таратқан –
Қонбады олар мына біздің терекке,
Һәм қонбады орманға анау төгіліп.
Шаң-тозаңы аспанға ұшып бөлекше,
Ымырт жатыр керіліп.
Мұз құрсанса жер-дүние, тағы біз
Кетер ме едік жылу іздеп теңізге?!
Су астында қалса болашағымыз,
Батар күнге қарар ма едік... жоқ іздеп.
Күл болуды аңсамаймыз жо-жоқ-жоқ.
Қалқып жүрсек сол да жетер жай ғана.
Сенің құлаң шашың бар ғой керемет,
Қолдарымды созамын мен... аймалап.
ЖҮР, КЕТЕЙІК!
Жүр, кетейік!
Жапырақтар жауып жатыр шатқалды,
Әлде бір саз жүйе таппай мастанды.
Жүр, кетейік!
Мұз бетіне тамшылаған ай нұры,
Дәрияға мелдеп қалды, ләйліді.
Жүр, кетейік!
Көз ұшында – жалғыз аспан, тынық тым,
Жүрегіміз қақты есігін ымырттың.
Жүр, кетейік!
Есімізден қалмай тұрып айрылып,
Іздейікші көкшіл ғұмыр айдынын.
Жүр, кетейік!
Пай-пай біздің жолымызға (ұзарған!)
Тұнып қапты көкнар гүлi қызарған.
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: жеке мұрағаттан
Қ. Қауымбек