- Негізгі бет
- Поэзия
- Күз бен біз...
Күз бен біз күңіренеміз де жүреміз...
Құрметті жырсүйер оқырман, бүгін біз сіздерге бірқатар ақындардың күз туралы өлеңдерінің топтамасын ұсынып отырмыз. Сары сағыныштың символына айналған бұл мезгіл ақын жанын тебірентпей қоймас. Сүйгені мен күз сұлулығын астастыра суреттейтін олар сағынышқа толы күздің бір күнін де қалт жібермейді. Сағынады... Сарғаяды... Жырлайды. Сары күзді қара өлеңмен суреттеген ақындардың шығармашылығына кезек берейік, ендеше!
Күз
Күз.
Алакеуім.
Жатыр әне ішке тартып дала демін.
Бүгін тағы...
Келмедің... Үміт жылап.
Жалғыздық құшағымда қала бердім.
Мұң түнетіп санасына Қоңыр Күздің.
Жолымызды қоспайма, Өмір біздің???
..."Күт" деген ең...соңғы рет...Содан бәлкім.
Үмітті келді ме екен, соңында үзгім.
Хабарсызсың...Көңілде күдік басым.
Сарқылқылған жоқ сонда да үміт жасым.
Түндер өлген күн бар ғой...мен ешқашан.
Ол жайлы,
Ұмытпаспын...Ұмытпаспын.
Айжан Табаракқызы
Күз бен қыз
Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,
Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.
Сағынышқа бөленген мұңлықтарға,
Дәрі бола қояр ма біздің өлең.
Сабағынан үзіліп жапырақтар,
Көңілсіздеу күй кешті атырап бар.
Мақпалдайын жапырақ емес анау,
Жатқандайын тапталып топырақта ар.
Жұлдыздай төбемізге таяу аққан,
Кыр үстін қызғылт түске бояды ақ таң.
Елестей ме ғашығы күні-бойы,
Сезімін іздейді қыз саябақтан.
«Күту деген тәйірі сөз бе, тағы,»
Дегеніңмен, сүркей Күн боздатады.
Күрең өңір сол күйге қосылып ап,
Қай-қайдағы жайларды қоздатады.
Сықпытындай сұр күздің мұң қабыздап,
Жүректегі жарасы тұр ма сыздап?!
Аппақ жүзін қарайтып жіберіпті-ау,
Қоңыр бақта уілдеп түрлі аңыздақ.
Енді ешкімге сенбейді ол, өмірінде,
Күздей мұңның табы бар көңілінде.
Ізгі арудың көз жасы сияқтанып,
Қыз-қайыңның моншағы төгілуде...
Сыртқа шықсам сарғайған күзді көрем,
Жүдеу жүзді сонан соң қызды көрем.
Ұғынбаған сол жанның мұңлы сырын,
Маған салсаң дер едім түзді керең.
Құзарларға қонғанмен сұңқар ұлың,
Кеудемдегі әлегі-ай мұң табының.
Қыздың мұңы...үзілген жапырақтар,
Жан-жүйемнің үздің-ау бір тамырын.
Бауыржан Әліқожа
Күзгі әуендер
- 1 -
Қаздар қайтып барады түстігіне,
Өлеңіммен саз қостым құс тіліне.
Сары күзде сарғайтқан жапырақты
Мендік жалқы жүректің ыстығы де,
Қаздар қайтып барады түстігіне...
Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі,
Жабырқаған жанымды жарлы етеді.
Саздар ұшқан айдыннан қаздар ұшса,
Оның-дағы сағынар бар мекені,
Тәңіртаудың талықсып таңғы етегі...
Қара таппай тұратын ұрынарға,
Бұл тағдырдың беймәлім сыры бар ма?
Көз алдымда көлбеңдеп тұрып алма,
Бақыт деген сыймайды алақанға,
Уақыт деген ұқсайды зымыранға.
...Тәңіртауға қарасам күнес көрдім,
Етегінде шалғынмен бір өскенмін.
Қайтқан қаздың барады қанатында
Сағынышым сағымға ілескен күн.
Тәңіртауға қарасам күнес көрдім...
-2-
Осы күздің боларын
Өткенде білдім,
Көктемде білдім, жан құрбым.
Мен онда көкбелде тұрдым,
Өткелде тұрдым,
Жазуы шығар тағдырдың...
Мен онда
Бұлақтың көзінен жыр оқып,
Тау етегіне гүл ектім.
Күмбір көңілдің күйін түлетіп,
Қалауы шығар жүректің.
Жасылым көшсе –
ішім бос,
Қырларым қайда гүлдеген?
Көктемнің сырын түсінбес –
Күздің боларын білмеген...
-3-
Күзім менің,
Сарғайған сағымдардың ізінде мұң.
Сабағынан жапырақ үзілгенін,
Тырналардың мен көрдім тізілгенін.
...Күзім менің!
Сенбі күні,
Тағдырым өзі айтады ендігіні,
Жанымның күй тартады шерлі мұңы.
Қараша, желтоқсанның желді күні...
Төбемдегі Ай,
Қарайлай қоймайтындай төмен қарай.
Өзекті жарып шыққан өлеңде арай,
Білмеймін келем қалай?
Далада күз,
Біздерден де бір күні қалады аңыз.
Сағынышқа айналар самаламыз,
Сенен жақын жанына таба ма қыз -
Сары ала күз?
Мақпал Мыса
Күзгі мұң
Сар дала мылқау...
Жамылғысын жалмап жатыр ақ.
Суық жүзінде сұрланған сұсты ақырап.
Қоштаса алмай, қоңырқай сәтпен тұрғандай
Дірілдеп ана үзілгелі тұрған жапырақ.
Күйрек жүректің жүйрік қиялы бел асқан
Бел асқан сайды айымен орайды кең аспан.
Суық күздегі семіз сұлулық әуені
Білмедім дәйім,
Нені бекітіп,
Нені ашқан?!
Алтыншапақ Хаутай
Дайындаған және суреттерді түсірген: Ақерке Әбілхан
А. Әбілхан