- Негізгі бет
- Поэзия
- Құл Керім ЕЛЕМЕС:...
Құл Керім ЕЛЕМЕС: Абай әдебиетін танығанмен, Ибраһимнің әдебиетіне бойлай алмай келеміз
- Азан шақырып қойған есіміңіз - Керім. Бүгінде өзіңізді құл Керім атап, басылым беттерінде де осы есіммен бой көрсетіп жүрсіз. Керімнің өзінің есіміне құлды тіркестіруінің сыры неде?
- Расында, Керім едім, осы есіммен 35 жыл өмір сүрдім. Аллаһқа сансыз шүкір, дінді жақсы көруші едім. Бірақ оны толық, тіпті бастауыш дәрежесінде де білмейтінмін. Сөйтіп жүргенде, менің Құранды оқығым келді. Шамамен 1995 жылдар болатын. Дәулетбек Байтұрсынұлы деген азаматтың үйінің төрінде тұрған Құранның қазақша тәржіма кітабын көруші ем, соны алып оқыдым. Бірақ жиырма беттен ары аса алмадым. Сосын не істейін, сақтап қойдым да, бір айдан соң иесіне қайтара апарып бердім. Содан арада екі-үш жыл өткенде Құранға қайтадан ықыласым ауып, оны қазақша оқып, маңдайымды сәждеге қойып жүрдім. Сөйтіп жүргенде, ауырғанымды білем, айығып тұрғанда, Құранға деген ықыласымның ерекше екенін сезіп, қолыма алдым. Қолға алдым да, таңғалдым, екі-үш жыл бұрын жиырма беттен аса алмаған пақырың енді кітаптан бас алсашы. Ертемен тұрып аламын да, көзге ұйқы тығылып тұрса да, оқи бердім, оқи бердім. Құранды оқығаннан кейін пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін оқып, мешіт имамдарын ұйып тыңдай бердім, тіпті бала айтса да, құлақ түретінмін. Содан не керек, Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен өз атымның Аллаһтың бір есімі екенін оқып, оның «жомарт» деген мағына беретінін білдім. Хадистен, сондай-ақ адам есімі Аллаһтың сипат есімімен аталатын болса, оған «әбді», яғни «құл» деген тіркесті қосу керек екенін оқыдым. Сосын мен «әбді» емес, қазақша «құл» деген сөзді өз атыма қосып алдым, міне, содан бері де мен - құл Керім Елемеспін.
- Жаңа есім өміріңізге үлкен өзгерістер ала келген екен. Ал әдебиетіңізге ше?
- Әлбетте, содан бастап өмірімде де, әдебиетімде де үлкен өзгерістер болды. Ол өзгеріс «Үйлеспестен ақылым мен иманым, отыз бес жыл иір-иір жол жүрдім» деп басталатын өлеңімде-ақ көрініс тапқан. Жыр жолдары «Дінсіз кезім - нұрсыз кезім екен де, нұрсыз кезім - кезім екен тірі өлік» деп тәмамдалады. Яғни тірі жүрген өлік болғанымды түсіндім. Адам емес, пенде екенмін, адамдықтан мүлде хабарсыз пенде болып келіппін. Иманға келуіммен бірге өмірімде де, өлеңімде де бұрынғы Керімге қарама-қарсы жүру дағдысы басталды. Жалпы, адам нені таныса, соны шындық деп біледі екен. Мен де осы уақытқа дейін діннің сыртындағы нәрсенің бәрін шындық деп біліп келіппін. Ал діннің ішіне кіргеннен кейін оның сыртындағының бәрі жалған екенін, ал нағыз шындықтың бәрі діннің ішінде ғана екенін сезіне бастадым. Тіпті әдебиетте де дәл солай. Сондықтан біздің әдебиетті оқи отыра, бұлардың бәрі нәпсіби әдебиет екенін ұғындым. Яғни ол бірыңғай нәпсіге құрылған, хақиқаттан алшақ, «хақиқат» деген сөзді ғана білетін, бірақ атауын білгенімен, оның не екенін түсінбейтін бір орта мен хақиқатты таныған ортаның арасы екіге бөлініп тұрғанын көрдім. Бұл бөліну адам санасында тұрғаннан, ол адамның жүріс-тұрысы, қозғалысы, өмір сүруінен де көрініс табады екен. Ақын-жазушы болса, шығармаларынан көрінеді. Міне, осы жерден келіп, біздің әдебиет те иманды әдебиет және имансыз не бейимани әдебиет деп бөлінеді деген ой менің санама нәсіп болды. Иманды әдебиет және имансыз әдебиет дегенді бөліп жазып, әдеби ортаға ұсынып та көрдім. Қазір «модернизм, постмодернизм» деп, иманның сыртындағы неше түрлі ағымдарды әдебиетке жатқызып жүрміз. Ал иманшылық әдебиет жөнінде не бар? Тек қана зар заман әдебиетін атай аламыз. Сөйтіп, нағыз хақиқи әдебиетті итере салады екенбіз. Сөйте келе, бәріміз құрметтейтін Абайдың өзінен де теріс айналамыз. Бұл сөзіме ешкім келісе қоймас, бірақ біз Абайдың құр атын ғана айтып жүрміз де, оның идеясынан мүлде алшақ өмір сүріп келеміз. Қарама-қайшы, кереғар әдебиетті ұстанып жүрміз. Иманды әдебиет өз-өзінен бастырылып, біз керек етпейтін дүние ретінде ғана дәріптеліп қалды. Оның орнына нәпсіби әдебиет келді.
- Нәпсіби әдебиет нені дәріптейді?
- Бұрынғылардың танығаны Аллаһ болса, ендігі біздің танығанымыз - ару болды. Білгеніміз - ару, қыз-қырқын, табиғаттың сыртын сүю дәстүрі. Абайға дейінгі әдебиетіміз иманды әдебиет те, одан кейінгі әдебиетте ауытқу пайда болыпты. Міне, осыдан келіп, 70 жылдық иллаһи, Құдайлық сынақтан кейін біз қайтадан хақиқатқа қарай бет бұрудамыз, қайтадан бес арысымызды таптық. Шәкәрімді өмірге қайтып алып келдік десек те болады. Аллаһ Тағала бізге хақиқи әдебиетті қайта әкеліп, көрсетіп жатыр. Әдебиетте жаңару немесе шындыққа қайту, адамның өзінің адамдығын тануы, пендешіліктен шегіну, шындыққа қарай бет алу көрініс тауып жатыр. Бұл да әдебиетіміздің кешегі иллаһи сынақ уақытында жұқтырып алған келеңсіз нәрселерді өз бойынан тастауының көрінісі болар. Ендігі жерде ол ары қарай иллаһиятқа, адам баласының өмір сүру дағдысындағы шындыққа қарай келе жатыр немесе нағыз классикаға енді келе жатыр десек те болады.
- Бізге әдебиет зерттеушілер түсіндірген «классика» ұғымында иман жайлы мүлде түсінік жоқ. Әлде, бәлкім, сіз «классиканың» басқа түсіндірмесін айтқыңыз келе ме?
- Біз «классика» дегенді қате түсініп келіппіз. Оны қазақ халқы «имани әдебиет» деп түсіну керек. Міне, біздің классикамыз да - имани әдебиет болуға тиіс. Оған бет бұрғандар озады, бұрмағандар сан ұрып қалады. Бұл тұрғыда Абай шығармаларын әңгімелейік. Абайдың өзінің әдебиетін екіге бөлуге болады. Бірі - Абайдың иманға келгенге дейінгі немесе өзінің балалық шағынан хақиқатты танығанға дейінгі шығармашылығы, сосын балалық шағын тастап, хақиқатты танығаннан кейінгі әдебиеті. Немесе нәпсіби әдебиет өкіліндегі Абай және иман әдебиеті өкіліндегі Абай. Оның нәпсіби әдебиеттегісін Абай деп, имани әдебиеттегісін өз атымен, Ибраһим деп атаған жөн шығар. Өйткені пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кімнің аты қалай азан шақырылып қойылса, сол атты айтуды дәріптеген екен. Сол есімді атау - адам баласына міндет. Адамның екінші қойылған лақап атына дінімізде рұқсат етілмейді. Сондықтан біз Абайдай данамызды имани әдебиетте «Ибраһим Құнанбайұлы» деп атап, Ибраһим әдебиетіне қайтадан бойлайтын кезең келді деп есептеймін. Ол: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре тұра тексермедім, өскеннен соң түспеді уысыма, қолымды мезгілінен кеш сермедім», - деп жырлады. Бұл - ақынның жүрегімен айтқан жыр жолдары, яғни иллаһиятқа келгеннен кейін жазғаны екені даусыз. Абай һақиқатты танығаннан кейін, жасында ғылым бар деп ескермей, пендешілікпен жүріп қалғанын айтып отыр. Бірақ оның өмір сүрген уақыты ақынмен келіскен жоқ. Сондықтан оған өз қоғамының ортасында өмір сүру оңайға соқпады. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» деп отырған Абайға қалай кінә артпақсың? Соған қарамастан, Абай бір адамға жетерлік хақиқат айтып, жазып қалдырды. Білімді адам қашанда жалғыз қалады. Әрине, ол жалғыз қалайын деп қалмайды, білімін басқаларға айтады, ал басқалар білмегеннен кейін одан қашады. Білімдінің жалғыз қалатын себебі - осы. Міне, Абайдың халін өзінің өлеңінен-ақ түсініп алуға болады: «Адасқан күшік секілді, адасып жұртқа қайтқан ой!». Ақын өзінің түйсінген ойларын, хақиқатын халық арасына жіберіп көріп еді, ешкімге керегі болмай, адасқан күшік секілді өзіне қайтып келді. Абайды біздің сабағанымыздың себебі де сол. Абайды сабаған надандық кезінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тісін түсірген еді. Олар қоғамына хақиқат әкеліп еді, халық керек етпеді де, бәрін өлтіріп тастады. Имансыз ортада хақиқатты танушыларға орын жоқ.
- Ислам қайраткерлері өміріндегі ұқсастық пен олардың әдебиетіндегі ұқсастықтың тылсым байланысы бар дегенді меңзеп келесіз бе?
- Ұқсастық бар. Оған таңғалмау мүмкін емес. Йассауидің жер астына түсуі мен Абайдың жалғыз қалуы немесе Шәкәрімнің тауға барып, саяқ ғұмыр кешуі - мұның бәрінде ұқсастық бар. Олардың бәрі де өзінің ортасына керек болған жоқ. Керек болмағаннан кейін олар Құдайға жалғыз өздері мінәжат етуге мәжбүр болды. Жалаладин Румидің шығармаларын да қарап отырсаңыз, өзінің жалғыз қалғанын жазады. Оның да жанында адам қалмаған. Ұқсастық па, ұқсастық. Құранда «білетіндер мен білмейтіндер ұқсас па?» делінеді. Құдайдан білімділер ғана қорқады, ал білімсіздер Құдайдан да қорықпайды. Содан кеп, Құдайдан қорықпағандардан қорқуға тура келеді. Хақ діні - ақылдылардың діні. Абай ақылды ма, әлхамдилулла, ақылды, Шәкәрім ақылды ма, әлхамдилулла, ақылды, Йассауи ше, ол да, әлхамдилулла, ақылды. Бұқардың шығармашылығында «Аллаһ деген ар емес» деген пікір бар. Оны қазіргі тәңіршілдеріміз басқаша түсініп, «Аллаһ деген ар емес, яки арсыздық» дегенді Бұқар айтқан деп, қате түсінік таратып жүр. Мұндай сорақы пікірді мен философ Әуезхан Қодардың аузынан естіп қалып едім. Негізінде Бұқар «Аллаһ деген ар емес, яғни, ол ұят емес, ұялатын дүние емес» дегенді айтқан. Абайға жүгінейік, «Ақылға сыймас, ол Аллаһ» дейді ақын. Хақиқат Құдайдың ілімінде ғана немесе Аллаһтың Құранында. Аллаһтың діні - ислам, дәл осыған келмейінше, басын сәждеге қоймайынша, Абайды біздің қазақ тани алмайды. Абайдың атын білмейтін қазақ жоқ, бірақ Абайдың руханиятын білетін қазақ аз. Білсе, неге ғамал етпейді? Білсе, неге Абайды қыбыланама жасамайды? «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Аллаһты жаннан тәтті»! Бұл да Абайдың сөзі. Біреулер «махаббат тәтті», біреулер «жан тәтті» дер. Ал Абай үшін жаннан да тәтті Аллаһ бар. Демек, бұл қандай биіктік болғаны? Осыны ойлағанымыз абзал.
- Осыдан екі жыл уақыт бұрын Алматыда өткен жыр мүшәйрасы қорытындысында айтқан сөзіңіз есте қалыпты. «Бұрынғы поэзияда рух бар еді, бүгінгі жырларда сезім басым. Енді осы екеуін үндестіру қажеттігі тұр» деген едіңіз. Сіздіңше, осы екеуі үндесіп келе ме?
- Иә, екі жыл бұрын дәл осылай айтсам, бүгін де соны қайталап айтар едім. Әлде де діннің сыртындағы нәрселерді жырлау көп көрініс беріп қалып жатыр. Махаббатты тік көтеріп жүреміз деп, оны «ұлы» жасап алдық. Ұлы махаббат дейміз. Құдайдың құлы емес, махаббаттың құлына айналдық. Махаббатты тыр жалаңаш күйде ортаға алып шығып, доп құсатып теуіп ойнап жүр кей әдебиетшілер. Жығылып-сүрініп жатса да, махаббат деп жырлайды. Өлең жазумен-ақ зинаға барады. Бұл әдебиет пен өнерде қатар көрініс беріп жатыр. Сұбханалла, қазір бетбұрыс бар, иманға келгендер қатары қанатын кеңге жайып барады. Бұрынғы имансыз әдебиетті лақтыратын кез келді. Әйтпесе кезінде миллиондаған таралыммен шыққан кітаптар қайда? Әлдебіреудің үйінен кездейсоқ таппасаң, табылмайды. Бұл да ойланатын нәрсе. Бір кісілердің көзімен қарағанда, менің сөзім жаппай қара күйе жағу болып көрінетін шығар, бірақ шындықтың бетіне тіке қарайтын кез келді. Өзіміздің бойымыздағы жаман қылықтарды тастайтын уақыт жетті. Біз өйткені ешкімнің қоластында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Тәуелсіздік елімізге келді екен, ол жүрегімізге де енді деген сөз. Соны өзіміз толық түсінуіміз керек. Бодандық кезеңде басқалардан жиып алған жаман қасиеттерді ішкі-сыртқы әлемімізден шығарып тастайтын кезеңге келдік. Ол кезең басталды. Осы уақытта адамдар бір-біріне көмектескені абзал. Қандай көмек? Бір-бірінің кемдігін, қатесін көрсетіп, достықтан емес, қателіктен кету керек. Досты дұшпан санамау қажет. Қазір иманды сүйетін әрбір азамат имансыз әдебиетті оқымайды. Өткенге салауат ете білген дұрыс. Әйтпесе Абайда да нәпсіби әдебиет болған жоқ емес, болды. Бірақ ол иманға келгеннен кейін ондай әдебиетті жазған жоқ. Керек десеңіз, «Салмағыңнан қалсын дене жаншылып...» деп жазған да Абай болатын. Қазіргі ақындардың жетіп жатқан биігі осы болса, Абай оны бала күнінде-ақ жазып тастады. Демек, постмодернизмнің бәрін Абай сол уақытта кешіп өтіп кеткен ғой. Ал Ибраһим Құраннан түсінген сөздерін халыққа жеткізіп отырды. Бір қырынан Абайды ақын дегеннен гөрі хакім деу дұрыс.
- Әңгімеңізге рақмет!