Қуаныш Дәлей 1975 жылы 8 желтоқсанда Алтай аймағы, Көктоғай ауданына қарасты Үліңгір өзені бойында дүниеге келген. 1997 жылы Күйтүн оқу-ағарту институтының қытай тілі факультетін бітірген. Қазір Көктоғай ауданында оқытушы. Республикалық мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы.
Тырналар, тыраулашы
Тырналар –
Тыраулашы
Қажыдым, көз алдын мұнар басып!
Сен мені жарға соқпай тынбаушы едің,
Ескі үміт,
Тағы алдымнан бұлаңдашы!
Жараланбай қанжарға басыңды ұрып,
Қашан тыным алушы ең,
Ақын – рух?!
Тоғышарлар маңыма жинал енді,
Топас сөздер жанымды ашындырып!
Ақ пейіл адалдардың асын ұрлап,
Жатайын қайғымды ішіп,
Тасып,
Улап.
Шаң бұрқатқан мотордың бензин иісі,
Сыйла қара жолдарға тосын ырғақ!
Ар-намысын саудалап таққа келген,
Баста ағайын болайын бәтшағармен.
Сайтан көбелектермен сүйісейін,
Қанатының жартысын отқа берген.
Жетімнің нан шылап жеп көз жасына,
Жақсының балға ойнатқан әз басына –
Төс соғысып тамырлас дос болайын,
Қандестерді жинап ап өз қасыма!
Тырналар,
Тыраулашы –
Басымнан күз тағы да бір аунасын!
Соңымнан қалмайды бір көлеңкелер,
Ақиқат тағы кіммен тұр арбасып?!
ЖОҢҒАРИЯ
1
Жоңғария –
Алып қазан бұл.
Пісіп тұр онда дәмді астар...
Тораңғы – ақын
Төккенде мұңлы ғазал жыр
Ұйқысынан
Оянады жылап таңғы аспан!
2
Сексеуіл –
Саусағын құмға тығып
Жазады өлең...
Селеу,
Жантақ,
Сарбалақ,
Көл.
Алдамшы елес
Жоңғария –
Ғажап әлем..!!
3
Алып жайқын теңіз боп
Бетпақ дала –
Неге алдайсың
Алданасың
Негіз жоқ!
Шаршаймын мен түндер бойы
Жайқын құм
Арасынан сені іздеп –
Бостандық!
4
Жоңғария –
Аңыздағы мың бір түннің елесі...
Бірақ саған еніп кеткен жолдар
Оралмайды
О несі?!
5
Қағыр құм –
Самал
Не жел?
Тымық.
Иә,
Дауыл...
Мұң...
Уақыттың уысында үгілген
Қурап түскен жапырағы сабырдың.
Мен тағы да сағындым
Өзіңді –
Жалғыздық..!!
6
Мұнда келіп пана тапқан
Ғасырлардың өксігі
Булығады
Жылай алмай
Көмейіне кеткен тағдыр тас тығып...
Шөл меңдеген
Кәрі құм –
Енді немен басар екен сарығын?!
... Білмеймін!
7
Тоқтаған ба тораңғының ғазалы,
Қырат,
Қырқа,
Құм жалдар
Маусымның табанында тозады...
Жоңғария –
Өртенген құм,
Жалған елес –
Көк теңіз...
Тағы,
Тағы
Қаңсып қалған қазаны!
8
Ішінде ауыр табыттың
Жоңғария –
Үнсіз өксиді алып құм!
Еркіндік ғазалы
1
Көзімде тұнып тұрған теңіздер
Дауылға ілесіп
Жоғалды бұлтқа байланып...
Найзағай оны
Сүйіп еді
Ыстық ернімен,
Жуып тұрды ол сені
Ақ жаңбырға айналып!!
2
Күз.
Тас орындық.
Аспан тағы сүркей тартты бұлттап...
Тоңып тұрған жоқпын
Бірақ
Жүрегім –
Кетті суып
Сен жоқсың
(беу, Жалғыздық!)
Енді оны кім жылытпақ?!
3
Ымыртта
Қойған ұйытып бақытымның айранын
Түгетті кім ұрттап?!
4
Ерніңе келе жатқан бүр жарып
Қонады рухым –
Ақ көбелек
Қанаттары дір қағып!
Айналасың енді сен де тозаңға
Айналамын енді мен де ғазалға...
Қашып жүрем
Жер бетінде жоқ пана,
Көңілімді шер меңдеп,
Қуады бір көлеңкелер
Ербеңдеп...
Сондай мұңлы,
Шерлі әуендер мазамды ап
5
Қара түн –
Кіріп келе жатыр қасіретім де
Қара кісі боп,
Аулама
Жетегіне ап меңсіз сұлу қара атын...
6
Жұлдыз –
Сенің көздерің
Аспанда анау тұр жайнап...
Тәп-тәтті бір бар еді ғой сөздерім
Саған деген
Әттең...
Әттең...
Қорқыныш –
Айтқызбайды тіл байлап.
Шексіз...
Алыс кеңістік
Қолымды үнсіз созамын.
Жүрегіммен жатам тыңдап
Тамұқ түнде оянған
Қара бояу-қасіретіммен боялған,
Сенің ауыр дертіңнен
Мезгілдің
Домбырасында шертілген –
Батқан күннің жанды азаптар ғазалын!
...
Қойшы енді,
Сен –
Тоқта бір сәт
Аза-мұң!
Жылата алмас ешкімді де
Менің түкке татымайтын азабым!
7
Шақырады алыстарда мені кім –
Сен шығарсың
Баяғы
Ашқанда өмір есігін.
Құшақ жайған серігім!
Білем,
Ертең –
Көз жасыңнан тігіледі кебінім!
Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы
Сурет: dreamwaver.org