Қос жүректің арасында – космос

Ержан Жұмабекұлы – 1987 жылдың 23 мамырында Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы ШҚО Үржар ауданы, Үржар ауылындағы Абай атындағы орта мектеп-лицейін, 2008 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. ШҚО бойынша өткен «Жігіт сұлтаны» байқауының бас жүлдегері. ІХ Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. Қазақстан ұлттық телеарнасының тікелей эфирінде өткен «Қазақстан чемпионаты», «Аламан» айтыстарының жүлдегері. Филология ғылымының магистрі. Өлеңдері «Қазақ әдебиеті» сынды республикалық газеттерде жиі жарияланып жүр. 2012 ж. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Шексіздік шұғыласы» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Қазір Қазақстан Семей телеарнасының жүргізуші-редакторы.

 

Хат

Ренжіттім...

Құрып кетсін батылым!

Назаландың, батар күндей ақырын...

Қос жүректің арасында – космос,

Қос ауылдың арасы – мың шақырым.

 

Келешектің көк нұр бояп жолағын,

Ми ішінде сырқырайды мол ағын...

Махаббаттың өзін ұқпай жүрсем де,

Машақатын түсінгендей боламын.

 

Қатесін кеш, мендей ымырт кісінің,

Бақ самғауы – бір-ақ сәттік ұшырым.

Күңгірт үміт хатын жаздым өзіңе,

Қиялымнан сорғалатып құс үнін...

 

Әтіріңнен арман иісі аңқи ма?

Жақындасам, жүрек-демің шарпиды-ау!..

Сен жымисаң – көңілім қобыз тартады.

Сен мұңайсаң: тән – садақа, жан –  пида!

 

Күн көзінен естілгенде ақ сұр үн,

Біз кездейсоқ кезіккенбіз...

Жақсы ырым?..

Сені ойласам:

жүрегінен даңғыра,

соққылайтын бақсымын...

 

Лава – жыр

Іңірмен арадағы бірлік аппақ,

Ішінде отырамын түнді аптап...

Тек, анам, ауырғаны – қорқынышты,

Беймезгіл қалатынадай тірлік тоқтап...

 

Үмітке өзеуреген шақта мына,

Ұлыңның жауап берші хаттарына!..

Жан сақтау бөлімінде есің жимай,

Анашым, апта болды жатқаныңа.

 

Әрбір күн жаныңа азап берер келіп –

Өртейді өзегімді өлең болып.

Құдайдың құдіреті қолда тұрса,

Дертіңді тастар едім терең көміп...

 

Сен болсаң, еңсем қалмас аласарып,

Тілеуің – бәйге алсам да дара шауып.

Мәңгілік мейірімнің мекеніндей –

Жүрегің – қазақтың кең даласы анық!

 

Өзіңе әкем, інім бірге елеңдеп –

Таң атса, бір қалыппен түн де келмек.

Заманның дәрісі дауа болмаса,

Жазармын өзім, ана, жырмен емдеп?!

 

Болайын қанша жерден сабырлы адам,

Дем жетпей ентіккенің ауыр маған!

«Көрсетіп үлгерсем ғой», - деп келемін,

«Асуларымды әлі алынбаған?!»

 

(Өзімен-өзі қалсын қашқан уақыт...)

Батаңмен мерейімді аспандатып;

Ауырмай көз алдымда аман жүрсең;

Мен үшін соның өзі асқан бақыт!

 

Естимісің, Ана?!

Қазақ

Түнгі әуеде қалықтаған ой болып,

Бір мезетте көкбөріге айналып...

Періштенің күлкісіндей сезім боп,

Ақ арманын мың айнала безілдеп...

Жанарынан жасын атқан ібіліс,

Кейде өзін-өзі шалған кідіріс.

Құс жолының жиегінде дірдектеп,

Бейне тұнған шұғылалы бір көктем.

Бірде дана – дұшпан көрген тағдырын,

Бірде бала – дос санаған барлығын.

Және қозғалғанға қамқор үй болып,

Сай-сүйекті сырқыратқан күй болып.

...Өзін-өзі іздеп таппай жоғалған,

Жылуы мен мейірімі тоналған.

Топырағы тозған дала сыңайлы,

Айнадағы бейнесіне жылайды!

Сосын оның сомдауы ауыр күрсініс,

Қайта қуат тұндыратын құлшыныс.

Азабы мен қасіретін өрнектеп,

Үмітінің елесімен тербете...

Мақтануды шығарыпты ұялмай,

Құдаймен де түскі ас ішкен қиялдай...

Кім біледі, дұрыс шығар мұнысы,

Ақыл айтқыш дым білместер құрысын?!

Айрық

І    

Дәл бұлай сүйе алмаспын өзге ешкімді,

Азапқа жаным енді төзбес мұңды...

Жұбымыз жазылмауын жазбаған соң,

Несіне  тағдыр бізді кездестірді?..

 

Үкімі бұл тағдырдың қатал қандай?

Жол арман – тығырыққа тақалғандай.

Біледі жүрек қайтып қосылмасын,

Үмітке әлі бәрі атар таңдай!..

 

Шығысқа жетсе кезбе, қазбауыр бұлт,

Сен жаққа құс боп ұша жаздауым - құт!..

...Жылайды жүрек үнсіз кеудемдегі,

Махаббат жайлы барлық сазды ауыр ғып...

 

Келеді мен де өзіңмен бірге болғым,

Сеземін тоғыспасын мүлде жолдың.

Байланған шын ғашықтар өкінішке,

Ей, бақыт, жауап берші, кімге қондың?..

 

ІІ

Айқара ашып тастап түндігімізді,

Мың күнге балаушы едік бір күнімізді.

Білсек те оралмасын өткен көктемнің,

Ұмыттық қалай ғана бір-бірімізді?..

 

Жаулаған жүрегіңнің ақ гүлім төрін,

Баураған мұңым бірде шаттығым едің...

...Сен мені ұғынарсың, отқа ұсындым,

Қалмады суретің де, аққуым менің?!

 

Ақ жаңбыр сүйіп өткен... таңғы даладай,

Сол күндер, қайда көштің жанды жаралай?..

Тек есте естелік боп мәңгі қала ма,

Ертісті бойлап келем, жалғыз, жағалай?!.   

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: weheartit.com