...Қолымда емес жүзігі Сүлейменнің
Дидарың деп күн кешсем диуаналық,
Дала кезген боп кетем дәруішің.
Қалыңдықты іздемен Хиуа барып,
...Жыр жазбадым ақ сайтан ару үшін.
Үр сезімнен несіне үрейлендім,
Мен аңсаймын көктегі Бақшаны ұлы.
...Қолымда емес жүзігі Сүлейменнің,
Кеткен оның келмеске патшалығы.
Таңсәріден тамылжыр тарап тәтті ән,
Кетсінші енді кеудемнен жосыла мұң.
Кемсеңдеумен күнұзақ шарап татқан,
Алқасына Хаямның қосыламын.
Төбемде әні тыраулап барады ұшып,
Тырналардың көш түзеп тізбектері.
Майханада отырмын шарап ішіп,
Көңіліме білінбес күз де өткені.
Құжыраңнан киелі қашықтар кім?
Пәтуәсіз байламға бас сорламақ.
Қиссасына қанықтыр ғашықтардың,
Жанарымнан таусылсын жас сорғалап.
Дала кезген боп жүрмін дәруішің,
Дидарың деп күн кештім диуаналық.
Жыр жазамын жәннаттық ару үшін,
...Балдан тәтті жесем ғой миуаны алып.
Мәжнүннің мұңы
Мәжнүннің мен де бірі мұңы басым.
Адалбек Ақмәди
Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейсің,
Ғашықтықтан жынды боп қалған ба ағаң!
...Ит табанын сүюге мәжбүрлейсің,
...Ләйләсі үшін Қайыстай арланбаған.
Жетпес еді – ау мүлкі де Ескендірдің,
Жету үшін өзіңдей арманға адам.
Сұлтандарды меңіңмен сескендірдің,
Қос қаладан қымбатсың қарғам, маған.
Дауысыңнан естілді жаңғырып бір,
Бұлбұлдардың бақтағы байырғы әні.
Сұлулығың талайды таң қылып тұр,
Шабыттанды шығыстың шайырлары.
Ғашық болғым келеді мәңгілікке,
Бақыттардан баянсыз бас тартамын.
...Мәңгірікпе!
... Салынба әңгілікке,
...Троялар шықпасын тас-талқаның.
Күнімбісің нұр төккен көгімдегі,
Жұлдыздарсың көп сыры ашылмаған.
Неге бәрі сорғалап төгілмеді,
...Аптығымды қайтейін басылмаған.
Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейсің,
Ғашықтықтан жынды боп қалған ба ағаң.
...Ит табанын сүюге мәжбүрлейсің,
...Ләйләсі үшін Қайыстай арланбаған.
Сонет2
Қалмай түге, тамшы бір торсығымда,
Құрысқандай келмейді қол сығымға.
Өткендерің көп өмір өкпелеткен,
Құрады екен өрмекші тор шыбынға.
Керемет бір көтермей бастама түк,
Қаламаймын басқа мұң, басқа бақыт.
Құмға сіңіп келмеске кетсем деймін,
Кетігіңе дүние тас қалатып.
Әй, дүние назарың салшы маған,
Бақсыңменен боламын балшыңа алаң.
Түрмеленген тірлікте таусылмайын,
Тозаққа да үш күнде жан шыдаған.
Жан емеспін жадағай жаушылаған,
Құдайымнан тіпті де бау сұрағам.
Сонет3
Көз алдымда көлбеңдер жиі көшің,
Алма – кезек алмасқан дүниесің.
Көп істерді келеңсіз көргенімде,
Көкірегім күмбірлеп күйінесің.
Айнала алмай Құдайым бас құлыңа,
Түсе бердім тірліктің тасқынына.
Арманым ғой «Алхимик» ақын болсам,
Айналдырам алтынға тасты мына.
Құдіреттің кердеңдеп құлы сынбай,
Жүргендерге қоймаспын бір ұшынбай.
Сал көзіңді ақаусыз әлемге бұл,
Тізбектелген тырналар бұрышындай.
Сонет сүйер жүрсін деп басы қатпай,
Ойларымды айтайын шашыратпай.
сурет:art-spb.ru; nashasvadba.net
Дайындаған: Фараби Арыстанбек