Көктем келіп қалыпты-ау, көктем келіп...

Көктем келіп қалыпты-ау, көктем келіп...
Фото: Yernar Almabek

Көктемнің алғашқы күні де келіп жетті. Біреудің қаласында күн жылып, қар ери бастаса, басқа қалада әлі де қыс өз орнын берер емес. Қалай болғанмен, бүгін - көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің көңіл-күйімізге әсер етпеуі мүмкін емес. Бұл күн өмірге жаңашылдықтар енгізуге себеп болсын. 

Көктем – жылдың ең романтикалық, ең сұлу маусымы. Бүкіл әлем қысқы ұйқыдан оянып, бақшада құстар сайрап, алғашқы гүлдер бүр жарып, ауада махаббат иісі қалықтап жатса одан асқан керемет бар ма?

Келе ғой көктемім

Келе ғой, көктемім, аңсаған,
Тазартшы, ызғардан аспанды.
Сен ғана әндерді бастаған,
Сен ғана бастаушы дастанды.
Жасартшы, жапырағын орманның,
Сайратшы, жырлампаз құстарын.
Көрейін қанатын арманның,
Көрейін әндетіп ұшқанын.
Жан берші мұз басқан өзенге,
Тыңдайын оның да жақсы әнін.
Селдетіп тағы бір жөнелсін
Бітпеген былтырғы дастанын.
Құтқаршы, қыстайғы тамұқтан,
Жылытшы, қойшының денесін.
Жазылсын тамағы қарлыққан,
Жып-жылы сары уыз жегесін.
Шықсын да жадырап жайлауға,
Қайтадан әнін бір бастасын.
Мұршам жоқ, айтуға, ойлауға
Қойшының күнінен басқасын.

Әбділдә Тәжібаев

Көктем келеді
 
Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі,
Нұрлы шуақ,
Көктем боп бар құмары,
Қар астынан қылтиған
Жауқазын гүл,
Күн нұрына сәбидей талпынады.
 
Нәзік гүлім!
Өжет те қайсар гүлім!
"Көктем келе жатыр" деп
Жар сал бүгін!
Ақ қар еріп барады жылап ағып,
Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл...
 
Дауыстарды не түрлі толтыруда,
Туған жердің тау-тасын, жал құмын да...
Көктем аунап келеді,
Көктем аунап,
Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.
 
Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде,
Жанарына үйірді күлкі Күн де.
Көктем бүрлеп келеді,
Көктем бүрлеп,
Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.
 
Қараңызшы!
Тұп-тұнық таң атуда,
Кең далама
Шұғыласын таратуда.
Көктем көшіп келеді
Көктем көшіп,
Қайта оралған құстардың қанатында.

Сырбай Мәуленов

Көктемде
 
Мына келген көктем бе?!
Сүйісуде кептерлер.
Көз ұшында, көк белде,
Түйісуде көк пен жер.
Тулап, тасыр арналар,
Нөсер құйып кеткесін.
Қыздырынып тау қалар,
Жалаңаштап көк төсін,
Тау бөктерлеп биледі,
Тамашалап ақ сағым.
Бөктер жақтың үйлері -
Сарайындай патшаның.
Қызыл-жасыл, сарыала,
Аспа көпір шұғыла.
Екі жағын қадаған,
Екі таудың шыңына.
Аспан асты, жер үсті,
Ойхой, неткен көкпеңбек!
Кеңейтті ғой өрісті,
Көптен күткен көктем кеп.
Мініп алып ңұр атқа,
Жігіт-көктем шертіп тұр.
Бір келіншек шуақта,
Есінейді елтіп құр.

Мұқағали Мақатаев

Көктем келіп қалыпты-ау

Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Алыпты жел бұлттарды көктен бөліп.
Шымырлаған шуаққа шыдай алмай,
Шыңылтыр мұз кешегі кеткен кеміп.
Жатқан жота оранып шекпен-қарға
Ұқсаушы еді бір мезет шеккен нарға.
Назың бар ма айтатын наурызыңа?
Өткен қысқа айтатын өкпең бар ма?!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Қыстың күші шынымен кеткен кеміп.
Сүйікті бір күндерді әкетті ме ол
Сүйегіңді алғандай еттен бөліп.
Құларыңды білмейсің,
Сынарыңды.
Қандырғың да келеді құмарыңды.
Шағаладай шаңқылдап шалқарында,
Шарқ ұрып кеп іздейсің сыңарыңды!
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жылы желді жетектеп жеткен бе елік?!
Көрінгенге көз сүзіп қобалжисың,
Көңіліңе бір сайтан кеткен бе еніп?!
Қыс-көңілдің көк мұзын келе бұзып,
Жүрек тулап, бір түрлі дене қызып,
Түні бойы шығасың дөңбекшумен,
Күні бойы жүресің елегізіп.
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп,
Жүректердің гүл бағы кеткен бе өніп?!
Белгісіз бір қуаныш құшақ жайып,
Ыстық сезім сүйеді беттен мені!..
Көктем келіп қалыпты-ау!
Көктем келіп!

Қадыр Мырза Әли

Мерей
 
Ауылым, болушы еді күнде боран...
Өзгеріп кетті қазір мүлде балаң.
Қаздардың қаңқылынан қаймақ жалап,
Түнде сәл Ай сәулесін тыңдап алам.
Мендегі сөз – құлынды, көз – боталы.
Бұл дәурен қайталанса жазда тағы!..
Мамырдың майын бұлттар бүркіп өтіп,
топырақ жапырағын маздатады.
Бір білсе жер қадірін, тау қадірін,
білер ме жусан емген марқа түлік...
Қыз – Көктем көл басына асығады,
бұрымы бұлт ішінде тарқатылып.
"Сезімнің сынықтарын құрсар күйді
Сен маған осы қазір қисаң қидың!" –
деп түнгі құрбым отыр... Омырауынан
бүр жарған жұлдыздардың иісі аңқиды...

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

Көктем
 
Жүрегіме жыр құйып көктен сарнап,
Мынау – менің құстарым жеткен самғап.
Қара жердің қайғысын сейілтеді,
Қанатынан күміс нұр көктем саулап.

Соғады әлсіз жібектей жел жұмсарып,
Жұпар еміп жібиді бел бусанып.
Сағыныштың тамшысын көктен үзіп,
Cал-көктемге жылайды жер мұң шағып.

Сабағынан сығалап сан мың бүршік,
Тал, терекке қолтаңба қалдырды шық.
Көктем мен жаз, күз бен қыс өрнек салар,
Шыр айналған дүние-ай, тағдырлы ұршық.

Күн көзінен күрең бұлт үркіп қашып,
Жер көктемге өлердей ынтық, ғашық.
...Кәрі қыстың кеткісі келмегендей,
Бір аяғын барады сылтып басып.

Қалқаман Сарин

Т. Раушанұлы