Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Ат биеден, алып анадан туады» дейді халқымыз. Дүниеде анасыз адам жоқ. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де анадан туған.
Ана бір қолымен әлемді бір қолымен бесікті тербетуші жер бетіндегі ең қасиетті адам. Оның алақаны тікеннің өзін жұмсартып, асаудың өзін жуасытар құдіретке ие. Жүрегінің кеңдігі сондай өз баласына ғана емес әлемнің баласына орын бар. Өйткені ана мен бала бір-бірі үшін жаралған қос сөздегі бір ұғым. Осы орайда қазақ ақындарының анасына өлеңмен жазған хаттарын оқи отырыңыздар!
Анама хат
Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!
Арнап хат жазайын деп, алдым қалам.
Сені онда, мені мұнда аман сақтап,
Көруге жазғай еді Хақ тағалам!
Бара алмай, өтірікші болып әбден,
Семейдің түрмесінде отыр балаң.
Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,
Өкімет, өр зорлыққа не бар шараң!
«Үмітсіз шайтан болсын» деген сөз бар,
Жолдар көп жәннатқа да тарам-тарам.
Оқ тиіп он үшімде, ой түсіріп,
Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.
Алданып тамағыма, оны ұмытсам,
Болғандай жегенімнің бәрі харам.
Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай, не бетіммен көрге барам?!
Көп айтпай, қысқасынан сездіретін -
Балаңның мінезі бар сөзге сараң:
Кетер деп «суға құлап, отқа түсіп»,
Қайғы жеп, менің үшін болма алаң!
Отырмын абақтының бөлмесінде,
Бұйрықсыз көз жетеді өлмесіме.
Есіктің құлпы мықты, күзетші кеп,
Ажалдан басқа ешкім келмесіне.
Қоршаулы айналасы, биік қорған,
Берік қып салған темір терезесіне.
Қалайша мұны көріп көңіл сенбес
Аттанып жау келсе де бермесіне.
Каламда Лаухул-Махфуз ұмытқан ба,
Жазбапты бұл орынды көрмесіме.
Қаңбақпен салмағың тең бұл бір заман,
Ылаж жоқ жел айдаса ермесіне.
Тайпалған талай жорға, талай тұлпар
Тағдырдың кез болып тұр кермесіне.
Солардан жаным, тәнім ардақты емес,
Орынсыз күйзелейін мен несіне!
Ахмет Байтұрсынұлы
Анашым
(Оқу бітірген студент хаты)
Анашым!
Асыл анам, есіл анам,
Елжіреп есіркеймін, есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан ақ сүтіңді
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам.
Алыс жолда жүрсем де арып-ашып,
Ағат ойлап түсірмей жаныңа шық,
Оқытып кешеу барған хаттарымды
Отырмысың үрпиіп, жаның ашып?
Өткізіп талай жылды, ай, аптаны,
Оқуын ұлың жақсы аяқтады.
Анашым, білем сені, қарсы емессің
Кеттім мен тың даланы оятқалы.
Анашым!
Қайда жүрсем сен - күш, арым,
Сүйемін дидарыңды, мен құшамын.
Қайда барсам, өзіндей қарсы алады
Кең байтақ Отанымның кең құшағы.
Анашым!
Жаратылдың бағыма шын
Білемін көңілсізсің, сағынасың.
Қайда жүрсем, қамқоршым Отаным бар.
Қапа болма мен үшін, неғыласың...
Мұқағали Мақатаев
Анама бірінші хат