"Қайдасың, менің қылықтым?!"

Бүгін сіздердің назарларыңызға Серікбол Хасанның өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Сен сыйлаған қалам

 Қалтамда жүретін ақ қалам,

Мені көп пәледен сақтаған.

Қайғырсам, қаламға қараймын,

Қарамын, содан соң шаттанам.

Бұл қалам – жанымның бөлшегі,

Бұл қалам – арымның өлшемі.

Өйткені бұл қалам сағынсам,

Есіме түсірер бір сені.

 Есте ме, нұр ойнап көзіңнен,

Жүзіңнен гүл ұшқын сезілген.

«Көзімдей көріңіз, аға!» деп,

Қалтама қыстырған өзің ең.

 ...Қоштастық, жоғалды жыл ұмыт,

Жүректе сол бір шат жылылық.

Жыр жазам содан соң сен берген,

Қаламды қалтамнан суырып.

 Қабаққа қатқанда нала-мұң,

Қап-қара қапаста қаламын.

Қорғаныш болады сол кезде,

Бір кезде сыйлаған қаламың.

Рахмет саған!

 ***

 

 Жалт еткен жүзің қандай жарасымды,

Сызылған үнің балдай бала сынды.

Қос бұрым сымбатыңа көрік берген,

Сұлуды көріп көңіл аласұрды.

 Аспанға ай қонғандай қасың қандай,

Көзіңнен күміс сәуле шашылғандай.

Бұрымың бұлтыңдайды белге оралып,

Қылығың қулығыңды жасырғандай.

 Пәктігің аппақ қардай жаңа жауған,

Мінезің самал ескен жағалаудан.

Байқаса, бұл бейнеңді болар еді,

Көңілі көп жігіттің саған ауған.

 Меңнен де мінез көрем ерніңдегі,

Жаныңдан кеткісі жоқ желдің тегі.

Кекілің кербездене желбірейді.

Дегендей «көргін мені, көргін мені».

Көркіңе көзін салса күн күледі,

Қылығың, шіркін, неткен үлгілі еді.

Өзіңмен бұрынырақ жолыққанда,

Аяулы жар қылар ма ем, кім біледі?!

 

***

Таныстық...

Ол уақыт әлі ыстық...

Жып-жылы жанарлар түйісіп,

Дір ете қалыстық.

 Білемін...

Алдымда нұрланып гүл-өңің...

Тоң болып сірескен қанша уақ,

Балқыды жүрегім.

 Мүсіндім...

Мен сенің дертіңді түсіндім.

Мендегі сезімнің сыйы деп,

Бір шоқ гүл ұсындым.

 Жайдарлым...

Монтиған түріңнен айналдым.

Жанарым сен жаққа асығып,

Өзіңе байландым.

 Бұл менмін...

Өзіңмен қоштасып үлгердім,

Қол бұлғап... пойыздың артынан,

Қаларын білген кім?

 

***

Жағымды әлі таянып,

Үмітім тағы оянып.

Сағыныш атты ағаштың,

Отырмын түбін сая ғып.

Күрсініп, сендей жабығып,

Қайғыдан көрпе жамылып.

Түндерде жүрмін көз ілмей,

Түріңді сенің сағынып...

Ақтарсам, шіркін, бар жайды,

Жүректе сабыр орнайды.

«Көрісер күнің алда...» деп,

Үмітім мені алдайды...

Табанды сорып талай сыз,

Күндерім солды арайсыз.

Қолымда тұрған бақ құсын,

Ұшырдым қалай абайсыз?

Тілгілеп жанды тұнық түн,

Көркіңе сенің құнықтым.

Көрініп бір сәт, жоқ болған,

Қайдасың, менің қылықтым?!

 

Бұрымың қайда?

 Беліңе түскен кешегі,

Бұрымың қайда, елік қыз.

Түндерде кезіп көшені,

Өзіңді іздеуші едік біз.

Бұрымың сенің өрілген,

Талайдың жанын аулаған.

Армандап өттік өмірден,

Бағымыз бірақ жанбаған.

Бұрымды қызды баршамыз,

Бақытты шығар деп едік.

Кетті ғой солай қанша қыз,

Ерлерге талай еленіп.

Көрістім кеше сағынып,

Танымай қалдым. Ал, саған!

Жүзіңде шаттық табы жоқ,

Бұрымнан жұрнақ қалмаған.

Ұғынам, қиын саған да,

Білінді сынға төзгенің,

Ғұмырлар кеткен заманда,

Бұрымдар деген сөз бе еді?!

 

Қарындасқа

Кім өзіңді үлгі етпеген?

Қандай ғана текті едің.

Қарындастық құрметпенен,

Жолым кесіп кетпедің.

Бұл да – ақылдың ісі дейік,

Шүкір, дедім жасаған.

Аға алдында кішірейіп,

Жол беретін аз адам.

Қарындассың, қылығы бал,

Құрметіңе ырзамын.

Сонда Алланың нұры жұғар,

Осы күймен жүр, жаным.

Жоқ өзіңнің ісіңде мін,

Мейірімің – таң атқан.

Жол бергенің үшін сенің,

Жолыңды ашсын, Жаратқан!

cурет: hq-wallpapers.ru