- Негізгі бет
- Поэзия
- Қасымхан Бегманов: "Бақыт...
Қасымхан Бегманов: "Бақыт жайлы баллада"
Қасымхан Бегманов – 1958 жылы тамыз айының 4 жұлдызында ОҚО Кентау қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған орта мектебін бітіріп, Қ.И.Сәтбаев атындағы политехникалық институтының машина жасау факультетінің 1980 жылғы түлегі. Тұңғыш жыр кітабы «Бастау» деген атпен сонау студент кезінде жарық көрген.
«Қарашық» (1990), «Бесіктен бейітке дейін» (1997), «Сағыныш» (2000), «Ол көктем оралмайды» (2006), «Менің Түркістаным» (2008), «Ақ жаңбырлар әуені» (2010) және екі томдық таңдамалы жыр кітаптары (2008) жарық көрген. «Этнографпен әңгіме» (2010), «Салты мықтының – халқы мықты» (2011) атты этнографиялық кітаптардың авторы. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық (2012) бірінші рет, мемлекеттік бағдарлама бойынша «Сороба» қоғамдық қорынан (2013) екінші рет көлемді тарихи зерттеу кітабы жарық көрді.
«Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген.
Өлеңдері орыс, өзбек, қырғыз, түрік, якут, қытай халықтарының тілдеріне аударылған. Елге кең тараған жүзге жуық ән өлеңдерінің авторы. Шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энциклопедияларында жарияланған. Топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген. Ақын өлеңдері сондай-ақ орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген.
Ақын қазіргі таңда республикалық «Дәстүр» журналы мен «Дәстүр» баспасының президенті әрі құрылтайшысы.
БАҚЫТ ЖАЙЛЫ БАЛЛАДА
...Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге мен несіне кектенем.
Бізге бақтың сірә қолы жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген.
Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ
Тағдыр.., билік еркіндігін шектеген,
Ғарыш жаққа олар босқа кетпеген.
Бақыт, бағың керек емес маған да,
Қолы кеше Жұматайға жетпеген.
Өткен күндер көз алдымда көлбеген,
Сағыныштың саздарымен тербеген.
Пәтеріңді, қызметіңді неғылам,
Қасым менен Жұматайға бермеген.
Құлазумен Кеңсай жаққа қарадым,
Іздегенмен таппай өтіп барамын.
Ұлт бақытын таба алмадым шарқ ұрып,
Бәлкім түбі, сен табарсың, қарағым.
Жадымда әлі алыс қалған кез де ескі,
Сезіп өстім тірі пенде сезбесті.
Он алтымда мөлдіреген қыз болып,
Бақыт маған бір-ақ рет кездесті.
Ол ақырын ұзай берді қасымнан,
Ұзай берді... іздеп келем жасымнан.
Маған қайтып жолықпады сол бақыт,
Жан-жағына шуақ болып шашылған.
Елес болды сан сәулелі шақтарым,
Бәрін жиып көкірегімде сақтадым.
Сыйлар едім о, адамдар, сендерге,
Бақытты іздеп жер бетінен таппадым.
Өмір – майдан, шатыласың, шатасың,
Тағдыр жолы… кетіп бара жатасың.
«Бақытты бол, бақытты бол, балам» деп,
Шалдар маған беріп жатты батасын.
Ащысын да, тұщысын да татасың,
Жазықсыздан таяқ жеп те жатасың.
«Өмір жолың ұзақ болсын, балам» – деп,
Әжелерім беріп жатты батасын.
Түп-түзу деп айта алмаймын жолдарым,
Қара қайғы көкірегімді торладың.
Адамдарға тек жақсылық тілеген,
Қалқам неге мен бақытты болмадым?
Ойша шолып өмірімнің жолдарын,
Сырлас болған дарындарды қолдадым.
«Бақытты бол» деді маған қанша адам,
Қалқам неге, мен бақытты болмадым?
Қиял шіркін қияларға шарқ ұрды,
Ұстап өттім әдет, ғұрып, салтымды.
Бақытсыздық себебін сен сұрасаң,
Бақытты деп кім айта алар халқымды.
Бір аңыздан құралады, бір аңыз,
Бақытсыздық себебін сіз сұраңыз.
Бақытты деп кім ойлайды мына қыз,
Не сыйлайды білесіз бе, мына күз?
Құйтырқылау сұрақ қойды, қағытты,
Дарынсыздар бар билікке жағыпты.
Туған елі болса егер бақытсыз,
Шын ақындар бола алмайды бақытты.
Өтті бастан қанша көктем, қанша ақпан,
Тіршілік бұл құлазытқан, шаршатқан.
Жұматайды оқығандар біледі,
Биікпіз біз, байлық пенен мансаптан.
Уақыт түбі барлығынан шектейді,
Осы бір ой көкейімнен кетпейді.
Бір-ақ рет берілетін өмірде,
Бақытыңның қолы маған жетпейді.
* * *
Қасиетті құпиям бар санамда,
Ол қасиет бартын менің анамда.
Жұматайды жабырқатқан қара жол,
Бүгін міне, қолын созды маған да.
Не айтамын, алып сатар заманға,
Заманына лайық туған наданға.
Кеңшілікті елемеген сол иттер,
Тұра-тұра ұмтылады маған да.
Тап-тап беріп, ырылдап кеп таламақ,
Жүрегімде қалған содан қара дақ.
Тең жартысы өтіп кеткен өмірді,
Қара түнде ойға батам саралап.
Өтіп кеткен сол бір нұрлы шақтайсың,
Ей зарлы өмір сен де бір күн тоқтайсың.
Бақыт іздеп әуре болма бауырым,
Халқың іздеп таппағанды, таппайсың.
Әрбір таңым ойсыз, мұңсыз атпаған,
Жанымда жүр сұр жебесін сақтаған.
Бақытты іздеп не қыламын әуре боп,
Қанша ғасыр іздеп қазақ таппаған.
Бақытсызбын, ере көрме, қал еркем,
Үмітім бар жетер деген ел ертең.
Халқым кешке бақытты боп көз ілсе,
Бақытты боп оянамын таңертең.
ШҮБЕРЕК
Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,
Адам көркi шүберек,
шүберекке орандым.
Бақ пен тақтан сен түгiл патшалар да жеңiлген,
Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.
Байлық жақсы-ау,
бiрақ та,
ойлан-ойлан жас ұрпақ,
Өнерiне елiңнiң
қарамашы тосырқап.
Көңiлiңде не барын бiле бермен
сенiң мен,
Бiзден бұрын өткеннiң бәрi
ажалдан жеңiлген.
Бар өмiрi адамның
шүберекке тәуелдi,
Шүберектен тiгiлген
портфелiм де әуелгi.
Неге, неге ұзадым
бұлыңғырлау бүгiннен,
Шүберектен алғашқы
иткөйлегiм тiгiлген.
Адам көркi шүберек,
шүберекке орандым,
Жанарыңнан үзiлер
бiр тамшы жас болармын.
Екi-ақ сөзбен бағалар,
қайран асыл ағалар,
Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар.
Кетiп жатыр ар жаққа,
толқын-толқын қайық боп,
Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп.
Кетiп жатыр,
кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,
Қазақ дейтiн ұлы жұрт
тастап кеткен ғұрыппен.
Парығына жете алдым,
лақаттың ба ненiң мен,
Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен.
Мұзды шайна, отты жұт,
шыдамасаң шоқты аса,
Ел деп соққан бейкүнәм
талып барып тоқтаса.
Естiлмесе кеудемнен
жүрегiмнiң дүрсiлi,
Шүберекке оранып кетiп қалсам
бiр күнi.
Кешiрiңдер қайран ел,
қардай аппақ арым бар,
Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар.
ҚОҢЫР
Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім
Жұмекен
Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,
Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.
Баурап алған қоңыр кештер, қоңыр мұң,
Қоңыр болмай бұл өлке де оңар кім.
Етегінде гүл теретін қоңыр қыз,
Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз.
Түсіме еніп қоңыр күз бен қоңыр қыз,
Өмір өтті сол бір қоңыр өңірсіз,
Сырқыратты сай-сүйекті қоңыр сыз,
Өмір өтті қоңыр қызсыз - көңілсіз.
Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,
Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.
Үнсіз қарап аққан қоңыр бұлаққа,
Қоңыр кеште қоңырайсам... жұбат па.
Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,
Қоңыр бала табиғатын қорыған.
Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,
Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп.
Қарай- қарай кеткен қоңыр далаға,
Қоңыр таулы сол бір қоңыр қалаға.
Бойымызда жылуы ескі күпінің,
Құдыретімен ананың ақ сүтінің.
Майын пісіп ескі қоңыр күбінің,
Қоңыр жырдың тереңдігін түбінің.
Қоңыр кеште қызыл гүлге жусаны ық,
Қара кемпір қарап қалған күн салып.
Сырт айналған қоңыр шалы көз сүртіп,
Қоңыр бала алыс кетті сөз түртіп.
Қоңыр қойлар қыркүйекте күйектеп,
Жылдар өтті қоңыр мұңдар иектеп.
Қайран шешем жатқан қоңыр молаға,
Қарай жүрсін айтшы қоңыр балаға.
Түсінгені, ұға алғаны қай кісің,
Оралмаған қоңыр бала қайғысын.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: автордан
А. Құлтай