Баянауыл аудандық әкімдігі геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай жас ақындар арасында республикалық жыр мүшәйрасын жариялайды.
Мүшәйраның мақсаты:
Ұлт тарихына, қазақ ғылымына, өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлға Қаныш Сәтбаевтың адамдық болмысы мен елеулі еңбегін насихаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты елі мен жерін сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеу.
Мүшәйраның шарттары:
Мүшәйраға 16 жастан 35 жасқа дейінгі кез келген ақын үш өлеңімен қатыса алады.
Бірінші өлең Қаныш Сәтбаевқа арналады;
Екінші өлең Баянауыл туралы болуы шарт;
Үшінші өлең елдік, ерлік, өрлік тақырыбында патриоттық өлең.
Шығармалар 2019 жылдың 20-қыркүйекке дейін a--elaman@mail.ru электронды поштасында қабылданады. Шығармалар Microsoft Word форматында (14 кегльде (шрифт), жоларасы 1 интервал, Times New Roman қарпімен) жолдануы керек. Автор аты-жөнін, мекен-жайын, байланыс телефондарын толық көрсетуі керек.
Бұрын жарияланған және талапқа сай келмейтін көркемдігі төмен шығармалар қабылданбайды.
Шығармаларды бағалағанда: өлеңдердің тақырыбының байқау мақсатына сәйкестігіне, шығарманың мазмұнына, көркемдік сапасына назар аударылады.
Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды. Қазылар алқасы жүлделерді бөліп беруге құқылы.
Ескерту: мүшәйра жеңімпаздары мен жүлдегерлері келіп-кету шығынын өздері көтереді.
Баянауыл ауылында өтетін шара барысындағы шығындарды (жатар орын, жүріп-тұру, тамақтану) ұйымдастырушы тарап өз мойнына алады.
Марапаттау рәсімі 11-қазан күні Баянауыл ауылында өтеді.