Қанат Қожамұратов: "Сондай жанмын, тастан берік жүрегі"

Қанат Қожамұратов: "Сондай жанмын, тастан берік жүрегі"

Құрметті Массагет оқырмандарының назарына жас ақын Қанат Қожамұратовтың өлеңдерін ұсынамыз:

Асықпағын

Ғайып болам бұлдырап, асықпағын,
Онсыз да мен сен жақтан қашықтамын...
Мың тілініп, бітпей жүрген жан жарамды,
Әр сөзіңмен тұз сеуіп, ашытпағын...

Асықпағын, өміріңнен кетем мүлде,
Көп қалмады бір арманың жетер күнге...
Өзің күткен ақ тұлпарлы ханзадаңмен,
Қауыштырып, шын бақытты етер түн де...

Асықпағын, қума мені, өзім кетем, 
Жаның жаттық, сезем әрбір сөзің бөтен...
Шыдадың ғой, шыдай түс, шыда тағы,
Болғаннан соң сөзің бөтен, өзім кетем...

Асықпағын, мазаңды алман, кетем жырақ,
Көңілімді паршаланған құрап-құрап...
Асықтырма, аяқтарын баса алмай тұр,
Қайран көңіл, әр сөзіңнен құлап-құлап...

Асықпағын, мұңнан моншақ тағынарсың,
Ханзадаңа тәңіріңдей табынарсың...
Диюдың торындағы су перідей,
Сөздеріне басыңды иіп бағынарсың...
Елемеген бір кездері сан сөзімді,
Сол кезде, күнім мені сағынарсың...
Жанға жылу, жүрегіңе демеу болар,
Сезім таппай күткеніңнен тарығарсың!
Уақыт шіркін оралмай өткен шаққа,
Ести алмай жүрек үнім зарығарсың...
Мейлі жыла, мейлі жалын, мейлі жұлқын,
Бағынарсың тағдырыңа, бағынарсың...

Сезсең еді бұл кеуде, қандай хәлде екенін,
Тиылмай тұр моншақтар, япырай, не етемін?!
Тұнығыңнан нәр беріп жүрсең етті жанымда,
Төзер едім тылсымға, көрсем дағы бетерін.

Әттең, әттең, ақ гүлім, менен жырақ мекенің,
Жету үшін сен жаққа білмей далмын не етерім.
Шым-шытырық жолы көп, дүрбелеңдеу тірлікте,
Ол бір жұмбақ ол аймақ жетпесім де, жетерім.

Үйретуден мен аулақ, сезім саған не екенін,
Белгілі ғой сенің де мендей бейбақ екенің...
Сезем, әрбір сөздерім, жараң тырнап өтерін,
Сен де ұмытпағайсың, мен де пенде екенім.
Батқан күн мен атқан таң, соққан секунд сыртылы,
Мендегі ет жүректі тілім-тілім етерін...

Ұмыта алман кінәлім, оның білем бекерін,
Жылдар жылжып, сырғуда бір татқызбай шекерін.
Кештім қалқам айыбың, кештім мейлі сол күнді,
Сезе тұра сөйлеген, еңсем езіп кетерін.

Жыла күнім, жылағын, жасқа толып етегің,
Мен де мәңгі тұрмасым, ойла бір күн кетерім.
Егде тартып жасымыз, жанарлардан нұр сөнген,
Жат біреумен әр таңың, атар күн де жетерін...

Сен де мені қимайсың, біле тұра бөтенім,
Жаныңды жеп, қинайсың, білмейсің не етерің.
Тұрса-дағы келгің кеп, жіпсіз тұсау аяғың,
Білмейсің бек сезімнің өсерін не өшерін...

Бір кез біздер түнеген, махаббаттың мекенін,
Сен сағына аңсайсың, таппай қайда екенін.
Жұмбақ жанар, жұмбақ сөз, бәрі-бәрі тым жұмбақ,
Сен шын сүйіп өтесің, білмей мен кім екенім...

Кешші қалқам, кешші менің айыбым,
Сеніміңнің суға ағыздым қайығын.
Мөлдіріңнен сырғанаған тамшыны,
Көре тұра жасамадым қайырым.

Ғафу күнім, ұмытқайсың қатемді,
Мұң сыйладым, қауіптей бір қатерлі.
Бір кездері бізге ортақ сезімдер,
Бәрі бөтен, бәрі саған жат енді.

Кешір еркем, жүректерден жас тамды,
Жылауық бұлт тұтқынға алып аспанды .
Себеп болған арман құшып самғауға,
Қайран сезім жұмыр жерге жастанды.

Сезем сенің салмақтырақ сырыңды,
Жеткізе алмай жанарың сан сүрінді.
Біле тұра сағымдарға аттанған,
Түсіне алмай жүрмісің сен мұнымды.

Мен өмірден солай сабақ алғанмын,
Қаталдығын қанға құйып бар маңның.
Сен хәлімді түсінгейсің қарағым,
Жаға бермей бар күйесін жалғанның.
Сондай жанмын, тастан берік жүрегі,
Ере қоймас жетегіне арманның...

Мен шаршаппын махаббаттан, сезімнен,
Қалды кеуде жылы лепті сезуден.
Сол үшін де ренжіме сен маған,
Көре алмасаң жарық сәуле көзімнен.
Сендер күткен сезім мәңгі көз ілген...

Жылжыды жылдар, сен енді мендік емессің,
Мен енді сендік емеспін!
Түнерген түннің тереңдерінде теңселген,
Жылатқан жанды, жұбатқан және елессің...

Ұзаққа кеттің, жыраққа кеттің жанымнан,
Келердей бейне сағымнан...
Күтіп келеді мендей бір сені ақымақ,
Мөлдір мұңынан шекпен жасап ап жамылған...

Іздейді сені, сыр айтқан бірге теңізден,
Жаныммен жаным егіз бе ең?...
Сырласқан тілсіз махаббаттан да іздейді,
Қайғы аралас мұңдарын мөлдір жегізген...

Келмесің мәлім, күтеді бірақ ол сені,
Сезімдердің жоқ өлшемі...
Жырақта жүріп жабыққан менің жайымды,
Сезсең болғаны, жанымның жалғыз бөлшегі...

Жылжыды жылдар, сен енді мендік емессің,
Мен енді сендік емеспін!
Қалың тұманнан жол таппай жабыққан шақта,
Жетектер жаным бейне бір өзің елессің...

Жапырақ жерге жығылған, сарғайған сары күз бе едің,
Үзілген жүрек бөлшегі, қайрылып көзің сүзбедің...
Тұнық түн болып көрер ме ең, жамылған жаным түзде мұң...
Тағдырым талап қасқырша, бұқадай бейуақ сүзгенін...
Бір құлап жерден, бір тұрып, өзіңді ғана іздедім...
Жабылған парақ қайта ашып, тізбелеп күндер тізбегін...
Жүректе қайғы, жанда дерт, үзілген тамшы жүзде мұң...
Көк мұхит кешіп, тау астым, таба алмай күндер іздерін...
Сендей жан таппай сорлаттым, сұлудың ондар, жүздерін...
Жайқалған жасыл көктемнің, келтірдім күрең күздерін...
Сонда да төніп үскірік, жауратқан жаным мұз демің...
Дертіңе алғаш малтырда, жағаға неге жүзбедім...
Қапыда қалдым көре алмай, күлгенін жалған жүздерің...
Ай менен нұрдан туса да, өзіңдей болмас жүз керім...
Жылы леп, жылы сөзің жоқ, жарқыным, майса мұз ба едің...
Тайса бір, қайта тұра алмас, таудайын алып құз ба едің...
Сонда да сенім сейілмей, сонда да үміт үзбедім...

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет:100hdwallpapers.com

Қ. Бүйенбай