- Негізгі бет
- Поэзия
- Қалмаханбет Мұқаметқали. "Сәлем...
Қалмаханбет Мұқаметқали. "Сәлем берем үлкендерге "Аманбысыз, аға?-деп..."
Ақын Қалмаханбет Мұқаметқали Семей облысы, Шұбартау ауданы, Қосағаш ауылында 1975 жылы дүние есігін ашқан. Республикалық Серік Томанов атындағы, Нұрлан Мәукенұлы атындағы, Жұмекен Нәжімеденов атындағы, Нұрмолда Алдабергенов атындағы және «Баянауыл басынан...» және «Аңыздар елі, абыздар елі Аякөз» атты жыр мүшәйраларының, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы, «Зерде» қоры өткізген мүшәйралардың жүлдегері. Талдықорған қалалық газетінде бас редактордың орынбасары және республикалық «Алтын Орда» газетінде бас редактордың орынбасары, «Дала мен Қала» апталығында бөлім редакторы және «Қазақ әдебиеті» газетінің жас қаламгерлерге арналған «Жас қалам» қосымшасының редакторы болып еңбек еткен. Соңғы жылдары «Дала мен Қала» апталығының Бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеген. «Гүл» лирикалық жинағы және балаларға арналған «Күлкі мен Түлкі» атты кітаптары жарық көрген.
Сәлем
Сәлем берем ақсақалға,
«Ассалаумағалейкум!» деп.
Риза болар жақсы атам да,
Көрсеткенге мол құрмет.
Сәлем берем әже-апама,
– Есенсіз бе?- деймін де.
«Шүкіршілік, е, жасаған!»
Ақ батаға баймын мен.
Сәлем берем үлкендерге,
«Аманбысыз, аға?»-деп.
«Таудай болғын жұрт өрлеген!»
Тілек айтар о да көп.
Сәлем берем кішілерге,
– Саумысың деп,-деп,-баурым?
Сәби сөзге түсінер ме,
Жимияды сәл інім.
Өніп-өсіп өз дестеңде,
Асуға шық, ас белес!
Адамдармен кездескенде,
Сәлем берем, басқа емес!
Балабақша
Жинаулы, тап-таза едені,
Бөлменің есігін ашсаңыз.
Өнеге үйретіп келеді,
Сүйікті балабақшамыз.
Жайраңдап жымиып тұрады,
Апайлар әрқашан алдыңда.
Бақшамыз білімнің бұлағы,
Қызықты ойындар бар мұнда.
Үйретіп өнерге көшелі,
Тәрбие береді жақсы адам.
Ертеңгі оқушы өседі,
Бүгінгі балабақшадан.
Өзіңе гүл шоғын сыйлаймыз,
Өзіміз өсірген гүл-бақтан.
Біз сені әлі де қимаймыз,
Қия алмай қараймыз үй жақтан.
АҚСАНА МЕКТЕПКЕ АСЫҒАДЫ
Би билеуге бейім,
Біздің ерке Ақсана.
Бес жасына дейін,
Барды балабақшаға.
Еркелікті тастап,
Еліктеп жүр әншіге...
Ол былтырдан бастап,
Оқыды «Нөліншіде».
Білімнен нәр іздеп,
Баға алды жақсы.
Биыл үлкен қыз боп,
Біріншіге бармақшы...
Ол қуанып келді,
«Оқушымын!»- деді.
Ойнамайды енді,
Оқиды «Әліппені»!
Қаламсапты ұстап,
Қарайлайды тақтаны.
Бойы сәл-пәл қысқа,
Болғандығы-ай, қап, тағы...
Күлкі мен түлкі
Қуаладым жүгіріп,
Қу түлкіні бекер күн.
Қалыпты ол тығылып,
Қолтығына бөпемнің.
Қытық, қытық...
Таусылғанмен табаннан,
Табылмады, жоқ түлкі.
Бұғып жатқан тек онда,
Бар боп шықты көп күлкі.
Қытық, қытық...
Қуырмаш
Бірлік жайлы еске алсақ,
Бауыр екен бес саусақ.
Біріншісі – Бас бармақ,
Билік айтып басқармақ.
Балаң үйрек кекілді,
Бойшаң бала секілді.
Ортан терек намысты,
Ойлап отыр әр істі.
Шылдыр шүмек ақылды,
Шәй ішуге шақырды.
Ең кішкене Бөбекті,
Еркелету керек-ті.
Бас бармаққа күн-түні,
Бақтырамыз жылқыны.
Балаң Үйрек ие болып,
Бетпақтағы түйеге.
Ортан Терек отарды,
Ойжайлауға апарды.
Шүлдір Шүмек сиыр бақ,
Шабындықты шиырлап.
Тек кішкене Бөбектің,
Тапсырмасы бөлек тым.
Болма жалқау, бастысы,
Бізге дәмдеп ас пісір!
...Қара көже бүгінгі ас,
Қуыр-қуыр-қуырмаш!
Қуыр-қуыр-қуырмаш,
Қолдың басын жұмып, аш!
ДИЯС БЕН ПИЯЗ
Алғыр бала Дияс,
Анасынан көріп.
Аршыды бір пияз,
Ас пісірмек болып.
Аспаздың дәл өзі,
Атанбақшы... бірақ,
Ашыды да көзі,
Айғайлады жылап.
Жылап – жылап Диас,
Жеңілгенін ұқты.
Жұмырбасты пияз,
Жұдырықтан мықты!
Сыныптастар
Қыркүйектің бірінде,
Қоңырауда алғашқы –
Көздеріміз күлімдеп,
Көйлегіміз... ең жақсы.
Әдепті боп әрі өсіп,
Әріп танып кетпекке
Алты жастан сәл асып,
Асықтық біз мектепке.
Оқушы енді боламыз,
Ойнап қанша құм үйдік...
Боламыз ба және біз,
Баласындай бір үйдің?!.
ІІ
Ұғыныстық әп-сәтте,
Ұл – қызымыз аралас.
Бірдей кидік көк костюм,
Бойымыз да... шамалас.
Бірге жүріп күніге,
Болып алдық дос кілең.
Бірінші «Ә» сыныбы,
Бізге есігін ашты кең.
Бәрімізге мұғалім,
Береді үйге тапсырма.
Атанамыз шын әлі,
Ақылды қыз, есті ұл да!
ІІІ
Танго, вальс биледік,
Туған күнде бас қостық.
Әріптерді үйреніп,
«Әліппемен» қоштастық.
Сөйлемнің де сыры көп,
Сездік оның жайын біз.
Міне, «Ана тілінен»,
Мазмұндауға дайынбыз.
Жамырасып жалғаймыз,
Жаңылыссақ біріміз.
Бірақ... біздің болмайды,
«Бес» алмайтын күніміз!
ІҮ
Сегізінші Наурызда,
Сондай қызық болды бір.
Сыныптағы әр қызға,
Сыйлық алдық он бір ұл.
Болдырмайды олқылық,
Болса есепке жүйрік кім?
Қалғанын – ай, артылып,
Қап, мына екі сыйлықтың...
Анық болса жауабың,
Айтуды тез ұмытпа.
Қателеспей таба біл,
Қанша қыз бар сыныпта?
Ү
Ертегі айтсақ тыңдар ма,
Екен деме ерке шын.
Кейде қыздар ұлдарға,
Көтертеді сөмкесін.
Достыққа анық ұштасар,
Деп осыны атай ма?
...Қолдарынан ұстасақ,
Қояды айтып апайға.
Және арнайды бізге әнді,
Жетісінде Мамырдың.
Сыныптағы қыздарды,
Сыйлау керек бәрібір!
ҮІ
Біз осындай баламыз,
Бір жүректе – мың тілек.
Анамыз бен анамыз,
Алды тіпті, құрбы боп...
Дауласпаймыз таласып,
Доспыз тату және біз.
Бірлігіміз жарасып,
Бірге оқи береміз!
Жолыққанда жымидық,
Жырақтарда ұмытпас –
Баласындай бір үйдің,
Бар ма біздей сыныптас?!!
ЖЕҢІС ПЕН ЖЕМІС
Атана ма бекер Ер,
Ауыр шығар тым, иә?..
Зілтемірді көтерер,
Зор иықты Илья.
Күшті әрі қайратты,
Күшенбейді ол, күледі.
Бұлшық еті ойнап тұр,
Білеу – білеу білегі.
Атын естіп әр қиян,
Алақайлап шақырсын.
Болғанымен чемпион,
Балаларға – ақылшы!
Таза ауада қыдырды,
Тағы жасап жаттығу.
Жиі – жиі жүгірді,
Жалқауланған жоқ күні!
Өнеге еді бұл, міне,
Өзімшілдер ұқпады.
Алма бақты көрді де,
Айналсоқтап шықпады...
Қылығы оның қызық-ақ,
Құбылтпайық текке ойды.
...Бір қолымен үзіп-ап,
Бес алманы жеп қойды!..
***
Кеңес тыңдап кезекті,
Көргеніңді сен істе.
Денсаулыққа қажетті,
Дәрумен бар жемісте.
Биік пенен еңіске,
Бастайды екі жол бөлек.
Жету үшін жеңіске,
Жемісті көп жеу керек!
МҰҒАЛІМГЕ МЫҢ АЛҒЫС!
Оянғанда шабытым,
Ой келеді түйдектеп...
Әліпбиді танытып,
Әріптерді үйреткен.
Терең әрі тұнық та,
Теңіздейін қуаты.
Кірген кезде сыныпқа,
Күлімдеп тек тұратын.
Кемелдіктің жүйесін –
Көрсететін жолды ізгі.
Ұлағаттың иесі,
Ұстазымыз – ол біздің!
Жарқын да, ақ пейілді,
Жиі айтатын сөзіңіз.
Анамыздан кейінгі,
Ақылшымыз – Өзіңіз!
Алға аттап бір адым,
Асқарға да шығармыз.
Білім берген мұғалім,
Бәріңізге мың алғыс!!!
ҰЯЛАДЫ КҮНІГЕ...
Көп демеңдер сұрағы…
Кім дұрыс дер, кім қате?
Бізбен көрші тұрады,
Бойы қысқа бір тәте.
Бояу-бояу түрімен,
Бара ма екен алысқа?
Сол тәте ылғи ұлымен
Сөйлеседі орысша.
Толғанады күнімен,
«Толик» дейді сүйіп ап…
Томпаң қағып жүгірер,
Төлегенге қиын-ақ.
Жөндем сөз де білмейді,
Жүйрік орыс тіліне…
«Ұ» орнына «У» дейді,
Ұялады күніге…
Бұртияды ол кейде,
Боталайды көздері
Мен түгілі Сергей де
Мазақтаған кездері…
Ойыңа анық тоқып ал,
Озаңы кім, озат кім?
Сергей биыл оқымақ,
Сыныбында қазақтың!
Ал Төлеген дым ұқпай,
Аулада өзі қала ма?
…Ана тілін ұмытқан
Анасына обал, ә…
БАҒДАРШАМ МЕН БАЛАҚАЙ
Шыншыл әрі қырағы,
Шаршамайтын күшті өзі.
Бәрін көріп тұрады,
Бағдаршамның үш көзі.
Мықтылығы бекер ме,
Мақтап берсек балаға әр.
Үлкен жолдан өтерде
Үнемі оған қарап ал!
Етіп құрмет әр жанға,
Ережені сақтай біл!
Қызыл шамы жанғанда,
Қозғалыс та тоқтайды.
Ізгілікті танысаң,
Ізденіс пен білімде.
Қосылғанда сары шам,
Қамдана бер жүруге!
Ақылға ақыл қосып жүр,
Ашып кітап оқы да.
Жарқ еткенде жасыл нұр,
Жолдан жылдам өтіп ал!
Шыншыл әрі қырағы,
Шаршамайтын күшті өзі.
Бәрін көріп тұрады
Бағдаршамның үш көзі…
Таңдау менен тануда
Тыйым барын және ойла!
…Арманыңның жолында
Абайлап жүр, жарай ма?!!