Әдебиетімізде сөз өнерінің сиқырлы кеңістігін мәңгі жарқыратып тұрмаса да, өз қолтаңбасымен келіп, оқырманды дүр сілкіндіріп жіберетін соны шиырлы қаламгерлер аз емес. Солардың бірі – Әділбек Жәкей.
Жетарал деген жер осы
Мекен біткеннің төресі,
...Арғымақ мінген ақтангер,
Бабалар басы жатқан жер,
Келін боп мініп «Маңмаңгер»,
Әжемнің жасы тамған жер.
Арғы атамыз алашқа,
Түп төркінім түрікке.
Қарауыл болған төбесі,
Толқыны сирақ сындырған,
Ғұрылы құлақ тұндырған,
Суаттап қара ертісті,
Құландар жортқан кертүсті,
Жетарал деген жер осы.
Көшкен де елі үкілі,
Ескенде желі үкілі.
Онсызда жасыл аспанын,
Бояған ауыл түтіні,
Жетарал деген жер осы.
Жүрегі інжу жүзі бақ,
Қыздары қызыл қызынақ.
Өр Алтайдағы жер ұйық,
Жер бетіндегі ұжымақ,
Жетарал деген жер осы.
Төс табаны керіліп,
Шөлінде нарлар боздаған.
Жар төсегінен безініп,
Жарлы елін Зуқа қорғаған.
Заманда жардан жау келер,
Қылышынан қан тамған.
Мекенін аңсап ауған ел,
Жидесінен бал тамған,
«Жетаралым»деп салған ән.
Мекен біткеннің төресі...
Сарбалақтары бауырым,
Қызғалдақтары келінім.
Жетарал деген жер осы,
Келіпжүр ерке елігім.
Он сегіз жас
Он жас сырым жыр,
Он сегіз жас бұрымдым...
Бәрі қазір қашықта,
Қой шулайды қырылғыр,
Жерме өзімді ашықса.
«Ас болады» алты айда,
Жанымды жеп семіріп.
Шар саулқтар қартайған,
Ғұмырымды кеміріп.
Алты ай жазым Алтайда,
Шілдесінде қар жатқан.
Алты ай қысым Құбыда,
Сексеуілі зар қаққан.
Тықыршыса кер бесті,
Жарқылдап күміс пыстаны.
Қара таудан ел көшті,
Барар жері қыстауы.
Жоқ... түліктен түңілмен,
(Бабам өмір өткізген)
Тарихымды бүгінге,
Нар арқалап жеткізген.
Ақ сарбастың қанында,
Арғымақтың жалында,
Қара нардың қомында,
Қара таудың жонында,
Көк бөрінің ізінде,
Ақ семсердің жүзінде,
Жатыр менің тарихым мен тағдырым
Бақытым мен байлығым,
Қуныш және қайғы мұң...
Тозады бәрі-бәрі
Тозады бәрі-бәрі,
Махаббаттың дәру әні.
Қалқам-ау, сенің сұлу жүрегің де,
Бір күні соға-соға жалығады.
Теңіздей толқи-толқи тұралаған,
Шомады тынштыққа мына ғалам.
Ақынның ащы даусы естілмейді,
Жүрегін жылым қиял дуалаған.
Дегенің әлем маған таңданса екен,
Жарығың, жалғаның да алдамшы екен.
Махаббат, шапағат та алыс қалсын,
Ит ертіп, қоян қуар қар жауса екен.
Қызықтап қызыл итің жылдамдығын,
Есте жоқ есер уақыт құрбандығың.
Иенде білмей күлу бақыт бәлікім,
Қоян тағдыр басыңда тұрғандығын.
Табыт тербеттім
Табыт тербеттім бесік екен деп,
Әзәзілге ердім досым екен деп.
Арғы жағаға қарап өзімді алдадым,
Өзен сарқылар, тосып өтем деп.
Өзгелер құшты ақ баянымды,
Көріс жаттадым, айтпай әнімді.
Жан торсығығма құмыра байланып,
Рюмкаға ауыстым, саптаяғымды.
Тікен суардым гүлдік екен деп,
Қурай құшақтадым құрбым екен деп.
Қаралы үйдің де қасына түнедім,
Қате түсініп жырлым екен деп.
Есек баптадым дүлдүлді көрмей,
Қапасын мақтадым бұлбұлды көрмей.
Абақты ауласы ашық деп білдім,
Артымынан салынған шынжырды көрмей.
Жарым жан тілім бүтін күрмелді,
Өзімді емес, түсін мүрдемді.
Адасып келген азғын өмірден,
У ішіп өліп құтылғым келді.
Азық іздедім күлден қарғаша,
Адамдығыңды ақша мүлдемге арбаса.
Өмірдің қимайтын не қызығы бар,
Келіп қалған соң жүрген болмаса...
Ертегі емес...
Күлме сен қарғам біле, біл,
Мұңайып ағаң жазса арман.
Ертегі емес бұл өмір,
Патшаның қызын тазша алған.
Күлме сен қарындас, біле жүр,
Көзінен көңілі көрінген.
Ертегі емес бұл өмір,
Жезтырнақтары жеңілген.
Шалғұйырық шапқан белдердей,
Көкебұлақтың бөктері.
Түндерде тоссаң кезігердей,
Перінің қызы Бекторы.
Тор көзді сауыт жамылған,
Ер едім бір үй толардай.
Айды алқа етіп тағынған,
Арулар ғашық боларма?!
Байлықты кешіп белшеден,
Бірдеме қайыр тілеймін.
Безініп аққу көрпеден,
Тас молаларға түнеймін.
Құрдастан дос жар кешеде,
Жүрегім кейде қорқады.
Мыстан кемпірлер көшеде,
Бикешке айланып жортады.
Қара тауларды құлата,
Тау көшірерді тебер деп,
Мені де күткен бір ата,
Өмірге қашан келер деп,
Қолына семсер ұстанып.
Ақымақ ханды білемін,
Таңданба қарғам сен маған.
Көл таусармен бірге түнедім,
Таңданба қарғам сен маған
Емес-ті..
Бірақ, ұқсайды,
Ертегіге өмір оңбаған,
Ертегі емес бұл өмір.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: oyu.kz