Қ. Сәлеметбайұлы – өлең өнерінде өзгеше тебін, тың тыныс танытып жүрген ақындардың бірі. Ақын арнайы Massaget.kz порталының оқырмандарына өзінің сиясы әлі кебе қоймаған өлеңдерін ұсынып отыр. Кей-кейде ойы асау сөз шеберінің өлеңді әдіптеудегі талантына таңдай қақпай тұра алмайсыз. Соның дәлелі төмендегі жыр жолдары...
****
Мен, сірә, мыңға келдім, жүзге келдім,
Шаршадым, досым, мені іздемегін.
Тамшы да тілемейтін таңдайына,
Тарғыл тарлан құмдардың дүзгені едім.
Жыласа да тілейтін жыланға бақ,
Ұрылды қара тасқа мынау қабақ.
Еліктеп туған жердің тауларына,
Алдым ерте самайды қырауға орап.
Табады мың қайғыдан миятты кім,
Жарқын жас дәуреніме ұяттымын.
Еміс-еміс келеді кейде есіме,
Бір кезде ғашық болған сияқтымын...
Адасып бұла дәурен бақта қалған,
Жан досым, мен сырымды ақтара алман.
Ағарған жүрегімнің шашы сынды,
Кеудеме ұялайды аппақ арман.
****
Шашым менің неге ерте ағарған,
Кім біледі шағым шығар тазарған?
Арманымды қайтам аса таяқ қып,
Бөлке табу үшін барған базардан.
Түзу жолмен барад халық адасып,
Тек түймедей теңгелерге таласып.
Ұмыт қылған шын құмартып қарауды,
Қап-қара шаң сіңіп қалған қарашық.
Лашықтарға бет түзейді сол қалың,
Отын жағып отыр дейсің онда кім?
Тым ұзақ қол алысқан болып жылытамын,
Қатып қалған қалқа қыздың қолдарын.
Аяулы алтын сарайына асыққан,
Барады әне өңкей сары басып паң.
Көкбөріні ит екен деп жүр халық,
Түнде келіп ас іздеген қоқыстан.
****
Секіргенде бастан соңғы сері күн,
Іздемейді,
іздер дейсің мені кім?.
Жанардағы ішсе соңғы жасымды,
Ай сәулесі малып мамық ерінін.
Сөніп қалса жүрегімді жеген от,
Қимасым жоқ, маған басқа не керек?
Көмкерсе еді ашық қалған көзімді,
Ұшып келіп егіз екі көбелек.
Қайғы басым менде ежелден аз үміт,
Сағым ғана бар тапқаным сабылып.
Арқам тиген жапыраққа жап-жасыл,
Жүрек сырым қалса сонда жазылып.
Белгісіздеу аяғы да басы мен,
Жыл санаудан арыда өткен ғасыр ем.
Жапырақта қалған сол бір жазбалар,
Өшіп кетсе жұлдыздардың жасымен...
****
Өзін опат қылатын отты іздеген,
Қариялар Қалауды жоқ па іздеген?
Қасиетті әжімінен қамал салып,
Қарттықты жүрекке олар жеткізбеген.
Қол баққан қозықадай көшке ерген,
Оралып етектерге өскен ем мен.
Ұршығын иірумен өнегенің,
Әжелер көңілдерді кестелеген.
Құлдыраңдап құлын боп мың кісінеп,
Тасыған қыздар тұнық суды ішіп ек.
Емініп жататұғын ерке бұлақ,
Өзінен мөлдір көзден сүйгісі кеп.
Жұлмастан аяп шөпті жасыл әр түп,
Шалғында асыр салдық, асық атып.
Арқардың асығындай қатал тағдыр,
Бізді де ұрып жіберді-ау шашыратып...
Адасқан қатал заман қорымында,
Ұлыңды бастап кетті жолы құмға.
Өлеңмен өрнектеумен өтер өмір,
Ауылды аңсап, жоқ бүгін орынында.
****
Туары анық аспанның ашылар күн,
Арқыра жүректегі асыл ағын.
Жарымның мінезіндей жайсаң өмір,
Арындай боп барады ашынаның.
Құрт жеген бала қайың бүріндейін,
Бәрі тозды, мен неге бүлінбейін?
Заты жоқ, аты қалған аспаныма,
Көлеңкеме сүйеніп күбірлеймін...
Көргенде барлығының ұзағанын,
Қыратта тұрып күндей қызарамын.
Қара құртын емдеуге бұл қоғамның,
Көз жасымды қайнатып тұз аламын.
Күледі миығынан миды жеп мұң,
Төзе алмас көңілім де енді көп күн.
Көрдім мен келер күнді көмірдей кір,
Сығалап жыртығынан көкжиектің...
Жасын да жасыта алмас енді жасқап,
Оянар өр рухымыз сол бір асқақ.
Жырларымды жұмсаймын шексіздікке,
Келуге сол бір жұпар желді бастап.
***
Балам, әкең отыздан асты бүгін,
Терек қылды уақыт жас шыбығын.
Көп болды ессіз қала естіртпеді,
Кеудемдегі ұлыған қасқыр үнін.
Ән-жыры мекен қылған әр тамырды,
Уақыт құрықтады тарпаң ұлды.
Балғын демің ұшырды қаншама түн,
Асылып өлейін деген арқанымды.
Кең даласын аңсаған күліктейін,
Кеткім келді кейде артқа бұрып мойын.
Құсығын жеген мастың сұм қалада,
Қаңғыдым масаң тартқан күшіктейін.
Сендей ұрып сандалтқан сезімдері,
Өмірге қайта әкелдің өзің мені.
Келешек – көшеге өтер жасыл шырақ,
Тек түнгі түз мысықтың көзінде еді...
Уақыт қайғыны да ұрлап бүгін,
Қасыңда отызымды жырлатты, ұлым.
Жасымды ұмытсам да, ұмытпаспын
Бақытымның өзіңмен құрдастығын.
***
Балам, мен емеспін еш қызға ғашық,
Жүрек қой жүрген жыныс жырда адасып.
Аңшыдай аласұрам қуған аңы,
Шығып кеткен көз жетпес шыңға қашып.
Жанарды білем жиі жасқа малам,
Елестеп тұрса қайтем басқа ғалам?
Мынау қара қоғамда жүрсе болды,
Қасымда басым сүйер аппақ анаң.
Жан досым жоқ екенін мойындаймын,
Дөңкиіп жүрем жалғыз дойырдайын.
Ақынды шеңгеліне ап мынау заман,
Соғады бір-біріне сойылдайын.
Анамнан басқа ешкімді кешірмеймін,
Жылатып ап жылаймыз несін кейін?...
Жылжимын кітаптың әр жолына еріп,
Шұбатылған құмырсқа көшіндейін.
Балам, мен емеспін еш қызға ғашық,
Көп адасам жыр дейтін жылғаны асып.
Жазуларын қалдырам жүрегімді
Мұң дейтін миллион жылдық мұзға басып.
****
Қандай ғажап тамылжыған түн бүгін,
Мың күнә ғой деп айтуда мұңлымын.
Алтын сымдай бір-біріне соғылған,
Естідім ай сәулесінің сыңғырын.
Қос жұлдыздың ғашықтықтан жанатын,
Көз жасыммен жалғасам ба арасын?
Қалған түсіп көрем күміс Құс Жолын
Шексіздіктің тұлпарының тағасын...
Түн өзі ішіп қойған сынды түнегін,
Артады үнсіз мойыныма ақ білегін.
Ақ киімді дәрігердей ақ тамшы,
Тыңдап жатыр жапырақтың жүрегін.
Алып таулар түсіп қалған тас тісі,
Ыржияды секілденіп мас кісі.
Қанатымен қағып кетер сәтті бұл,
Басыма ұшып қонбасыншы бақ құсы!
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: artnow.ru, vk.com