Қадыр Мырза Әлі: Махаббат — ғашықтық пернесі

Қадыр Мырза Әлі: Махаббат — ғашықтық пернесі

МАХАББАТ-ҒАШЫҚТЫҚ ПЕРНЕСІ

Өзіңсің – басыма құт, қосыма құт,
Өзіңсің – жасыл уақыт, асыл уақыт,
Сапарда жүргенімде сарғайып мен,
Сағынып күте берсең, осы – Бақыт!

Кім демей, аталғанда досым аты,
Отырсаң ақылыма қосып ақыл...
Бір қора жолдас ертіп келгенімде
Қарсы алсаң күлімсіреп, осы – Бақыт!

Біреулер жүр ғой сырттан досын атып.
Қорықпа, күдіктенбе шошыма түк.
Мен жайлы айтылған бір қаңқу сөзге
Сенбесең, иланбасаң, осы – Бақыт!

Жарқырап, жалт-жұлт етіп жасын атып,
Жасыннан кейін бірақ басым қатып,
Мас болып келген күні бір сөз айтпай,
Ертесіне ұмытып кетсең, осы – бақыт!

МҰРАТ-МҮДДЕ ПЕРНЕСІ 

Қай жерде де бір өлім,
Қаймықпадым дәуден де.
Бүкіл жұрттың жүрегі
Мына менің кеудемде.

Бітпей қалған ел үшін
Бала күнгі ойным да.
Бүкіл халық борышы
Мына менің мойнымда. 

Адамды адам жылатып
Жатса жердің шетінде,
Ұят!
Бүкіл ұятың
Мына менің бетімде!

БЕЙНЕТ-ЗЕЙНЕТ ПЕРНЕСІ 

Жігітке жиырма деп қараған кім?
Жігіт емес бәрі шаш тарағанның.
Туған күні тумайды ер,
Туады ол
Тұңғыш рет жұмысқа жараған күн.

Бір ұғудай ұғып-ақ алғам мұны,
Артық шығар марғаудан малдың құны.
Өлген күні өлмейді ер,
Өледі ол
Қолынан іс келмей бір қалған күні.

**

Қызықтан,
Құмар-сайраннан,
Қолыңнан келсе,
Тартынба!
Жұртпенен бірге жайраңда,
Жұртпенен бірге жарқылда.

Біреулер ішер тамсанып,
Ішпесең ішпе, сүймесең.
Жұртпенен бірге ән салып,
Жұртпенен бірге биле сен! 

Дулатып тойды тамада,
Болмайды, жігіт, бұл айып.
Ойлай да білген адамға
Тойлай да білген лайық!

ӨЛЕҢ-ӨНЕР ПЕРНЕСІ

Сыпырылсын жалған күлкі, маскалар!
Семсер ажал масканы емес,
Басты алар!
Ертең мынау көк теректер түбінде
Біз болмаймыз,
Табысады басқалар.
Кемеңгерлер,
Жайсаңдар мен қасқалар
Күні жетіп,
Топырағын жастанар
Ертең мынау дастарханның басында
Біз болмаймыз,
Отырады басқалар. 

Ешкім де жоқ құқайыңнан жасқанар,
Кеудеңді сен қаға берме,
Масқара!
Ертең мынау өлең-жырдың басында
Біз болмаймыз,
Бағалайды басқалар!

***

Күрестен түк өнбес,
Қауқарыңды біліп бақ.
Күлкі болғың келмесе,
Өзіңе өзің күліп бақ.

Әділ десең, жөн десең,
Айтқан жерде тұрып бақ.
Таяқ жегің келмесе,
Өзіңді өзің ұрып бақ!

Көрсе мініп шебердің
Кетеді жұрт шошып бір.
Ордасына өнердің аяғыңды шешіп кір.

ӨМІР-ҒҰМЫР ПЕРНЕСІ 

Алдап-сулап,
Абайсызда жылыстар
Айла-уақытқа кейде адамның жыны ұстар.
Бір нәрсеге жіпсіз сені байлайды
Желісі бар
Жемісі жоқ жұмыстар.

Жер соқтырып жүргенменен түлкілер,
Жиналмайды өкпе-наздың бұлтын ер.
Ұмыттырып уақыт барын,
Үй барын,
Кетеді алып кейде күміс күлкілер.

А. Оралқызы