Қабасов Нұрдәулет: "Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар"

Қабасов Нұрдәулет – 1999 жылы 24 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазір Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-ші курс студенті. Жас ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз.

***
 
Менің тәнім құжыраның құймасы,
Тәңірімнің рухы бар ішінде.
Менің тәнім лағынеттің сыйласы,
Айналғанмын мүсінге.
 
Айналғанмын табыттар мен тастарға,
Менің тәнім сағанасы сүлдемнің.
Құдіретін таңып қойған аспанға,
Құдайымнан имендім.
 
Сүмбіл сәуле сыпырылып лыпамнан,
Менің тәнім нұр жамылған пейіште,
Менің анам жұмақ аңқып жұпардан,
Мені емізген иіскеп.
 
Өз жанынан жүрегімді тірілтіп,
Менің тәнім топыраққа иленген.
Менің атам қабырғасын суытып,
Хауасына үйленген.
 
Тәнім еркін,
Жаным әлі қапаста,
О, тәңірім салдақылық етпедім.
Тәубемді де қабыл алып о,баста...
Сайтанға да кет дедің.
 
Құл басымды құлқыныма билетіп,
Ібіліске әлі-де айып тақпадым.
Исрафил сыбызғысын сүйретіп,
Айса түсіп жатқаны...!
О, тәңірім менің жансыз тәнімді,
Сайтандарға сатпағын.
 
Кешір мені, кең әлемнің патшасы,
Күнәм үшін жылармын.
Үгітілген асқақ-асқақ таулардың,
соңғы ақыны шығармын.

***
Кейде...
ұшып бара жатқан құстың жүрегінің дүрсілін сезем,
Сезем!
Сезгенімді айталам ба?
Бір адам түсініп, не шешеді
Мың адам байқағанда...
Әлде мына жүректі,
Өз жаратқанына қайтарам ба?!
 
Кейде...
Бөкеннің мөлдір көзіндегі мұңды көрем,
Көрем!
Көргесін де мұңданамын.
Тұлдыр етім дүрсілдеп құндақ арым.
Білмеймін не көрсетпекші бұл ғаламым,
Білмеймін не дәлелдемекші бұл қаламым.
 
Кейде...
Алыстағы арланның ащы өзегіндегі айқайды естимін.
Естимін де тұншығамын,
Бұлай тексіз демікпес құрсын әлім.
Маған да өңеш біткен өмір болса,
Ұлы қырыңа бір шығармын.
 
Кейде, кейде...
Мына әлемнің барлық қиындысы жайлы ойланамын.
Ойлаймын да намыстанам,
Пенделерді қолына шам ұстаған,
Пейілді бірең-сараң ар ұштаған.
Көлеңкесі қысқарған құжырадай,
сосын өз-өзімнен қалыс қалам.
 
Кейде...
Барлық сұлулықты көрем
Барлық сұлулықты сезем,
Сондықтанда...
Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар,
Сұлулақта суымайтын жылу бар,
Ақындардың ақыретін ұғыңдар.

***
Көрініп Қараң төбе,
Аппақ шыңым,
Құдайын құдіреттің сатпақшы кім.
Мен барлық дүниенің терезесін,
Өзімнің көлеңкеммен жаппақшымын.
 
Сен мейлі
Сенбе қалқам,
Езіліп көнге жасым, шерге малтам.
Дауылда дамыл іздеп қалғып кеттім,
Тершіп жер, терледі арқам.
 
Білмессің бұл ғаріптің туыспауын,
Дүние тар болған соң қуыстаумын.
Бұлт ішінде бұйығып сәби отыр,
мен ғой-ол...
Тыңдашы аспан тыныстауын.
 
Ғайыпты білгісі кеп ғарасат жұрт,
сұрайды құдайыңды аласарт деп.
Тәңір-ау жүрегімді жұлып берем,
Мынау жалғыз мендегі парасат деп.
 
Қайтейін көзім көрік,
Бөзім бөрік,
Алсам ғой жұмақта бір көз ілдіріп.
Ей, жалғанның жаутерек жалқы үміті,
Көлеңкеме сүйкенші өзің келіп.
 
***
Алтын шашты ару келген сияқты,
Алтын шашын әлі өрмеген сияқты.
Жапырақтар желігеді мұншалық,
Ару қызға көрмеп едім мұң шағып.
 
Көрмеп едім ынтықтықтың ызғарын,
Көрмеп едім көңілімде мұз барын.
Бәлкім көктем,-жасанғаны сұлудың,
Ал сары күз, есейткені қыз бағын.
 
Ғашықтықтың ең керемет үлгісін,
Бұл табиғат жасап жатыр бір мүсін.
Бойжеткенге менде үздігіп отырмын,
Бәлкім ішкі қылмысым.
 
Иініне күн мұнарлап көп белдің,
Бізді естияр қыларма екен өткен күн.
Солып жатқан қара күздің суығы,
Ал сары күз – бойжеткені көктемнің.
 
***
Үміт қой ол солай күтіп үйренген,
Құмырсқа бел құтыларма күйбеңнен.
Толағайлап тас басқаның тағдырлап,
Неме керек тауды-тауға үйгеннен.
Сүйіп барсам сүйінішім боларсың,
Кең дүние күй берген.
 
жар дүние жатар болса
Тұнар талай түбінен тостағаны.
Жаным-ау саған жетіп апармаса,
Керегі не жолдардың қос табаны.
Сиясынан сапырып төгіп берген,
Керегі не ақынның қос қаламы.
 
Пәруана көбелек пәруана,
Кімге керек ұшып-қонған мекерлік.
Аруана-дүние аруана,
Енді сенің боздағаның бекерлік.
Менің барлық өмірімнің жырына,
Бір қаламның ғұмыры да жетерлік.