Жырымның атын қойдым «Киік өлген»

Бетпақдалада жаппай қырылған киіктердің саны 120 мыңнан асып кетті. Ен даланы еркін жайлаған жануарлардың бұлайша қырылуы бәрімізді алаңдатып отыр. Кеше ғана осынау қасіретті жағдайға байланысты туған өлеңдер топтамасын жариялаған едік. Артынша ақын Қалқаман Сариннің "...Қазақ - киік" деген өлеңіне арналып видеоролик түсірілді. Оқиғаны жанымен түсініп, жүрегінен өткізген ақындарымыз өз үнін өлең арқылы білдіруде. Бейкүнә жануарлардың қайғысын қаламына арқау еткен ақындардың тағы бір топтамасын оқи отырыңыздар.

Ақбөкен ажал

Он емес, отыз емес масқара сан,
Шамасы екі жүз мың бөкен өлген.
Өртенген бауырымды тасқа басам,
Бұл өзі ажал болды-ау төте келген!

Жерден бе, аспаннан ба, шөптен бе екен?
Жаңбырдан, әлде қышқыл ерітінді ме?
Құлаған зымыран ба, өткен-кеткен,
Төгілді гефтон заһар бертінгіде...

Өлімнің себебі не сендіретін?
Арқада жезкиіктер жусап қалды.
Не сыр бар мен білетін, сен білетін?
Даламда неге мұнша у сақталды?

Жандыны жалманынан түсіретін,
Бұл қырғын аяқ асты туды неден?
Жетпейді құдіреттің ісіне тіл,
Ақбөкен жұқтырды екен уды неден?

Болған-ау күпір пиғыл, кесіріміз,
Алланың ескертуі сынақ болды.
Кім үшін ашылып жұр есігіміз,
Көзге жас, көкірекке сұрақ толды.

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Киік өлген

«Өлген киіктердің басым бөлігі төлдеуге бет алған аналықтар еді»
Ақпараттан

Жырымның атын қойдым «Киік өлген»,
Ырғаққа у қайғының күйігі ерген.
Кез болды-ау адам құсап жылайтұғын,
Ажалын ақбөкеннің жиі көрген.

Бұл жаңбыр киіктің көз жасы ма екен,
Қарасам жанарына жасып өтем.
Сорлатқан айдалада аналықты,
Ей, заман, неткен соқыр қасірет ең.

Улаған боз жусанын, қарағанын,
Бедеу күн сыйлағандай далаға мұң.
Боз құмда бейқам жүрген буаз бөкен,
Білді ме бірге өлерін шарананың.

Ей, ажал, неге сонша сұқ қададың,
Көп екен жанарыңнан ұқпағаным.
Киіктің баласы бар наласы бар,
Ажалы өліміндей жүкті ананың.

Болса да жан берісіп, жан алар күн,
Қайғының шын себебін шамалармын.
Бейшара шаранасы іште кеткен,
Бұл қырғын қазасындай аналардың.

Кез қылған боз даланы бұлағайға,
Кімдер деп келер ұрпақ сұрамай ма?
Киіктің жанарына сыйған ғұмыр,
Қалайша бұйырмады құралайға?

Ұрпақтан сырым бар ма жасыратын,
Қоңсың бар берекеңді қашыратын.
Қанқұйлы қарақшы да қару асқан,
Буаздың киесіне бас ұратын.

Қарамас кие түгіл иесіне,
Мың лағнет әпербақан жүйесіне.
Қазақты қойдай қырған өткен ғасыр,
Түседі бүгін лажсыз жиі есіме.

Жырымның атын қойдым «Киік өлген»,
Ырғаққа у қайғының күйігі ерген.
Кез болды-ау қазақ құсап жылайтұғын,
Ажалын ақбөкеннің жиі көрген.

Темірғали Көпбаев

Құралайдың көз жасы

Қасқа ма еді, білмедім, төбел ме еді,
Көзден кетті сол күннің көп өрнегі.
Құралайдың нөсері құйғанымен,
Құла түзден, құдайым, лақ өрмеді...

Көздеріңді, қайтейін, қараймаған,
Сирағыңды, қайтейін, сораймаған,
...Жапан түзден талықсып жететіндей,
Жетім лақтың дауысы жел айдаған.

Өлі ме еді енесі, не біледі,
Бəлкім, мұздай емшекке емінеді,
Өршелене жауады лақөргізер,
Екіліне соғады ебі желі.

Қасқа ма екен тағдыры, төбел ме екен,
Биыл нөсер жауды екен неге бөтен,
Ұйқыда адам - баласын құшақтаған,
Кімді оятып алғысы келеді екен?!.

Елегзи ме даланың еркін ұлы,
Жонда қалған иіскелеп елтіріні,
Лақ өрмеген астында сол нөсердің,
Қыңсылай ма қасқырдың бөлтірігі...

Көктем күні созылды ғасырдай боп,
Ішімдегі лаулаған басылмайды от.
Құралайдың нөсері құйып жатыр,
Жетім лақтың өтеусіз жасындай боп...

Ерлан Жүніс

Киікөлген

Жаназа күйін шертеді дала,
Жайғанда шашын жел-құйын.
Өзекті сосын өртеді нала,
Шертеді дала шер күйін.

Арманы түскір адыра ма екен,
Аспаны айғыз байтағым.
Аңыра бөкен, маңыра бөкен,
Шырқыңды қалай шайқадың?!

Аңыра, бөкен, адасқағым-ай ,
Ажалға қалай ұрындың.
Дертіңді ұқпай адасқаным-ай,
Алқынып неден жығылдың?..

Өзгеше неге суық бұл көктем,
Оғынан кімнің құладың?
Көзіңнің жасы сіңіп бір кеткен
Құн сұрап жатыр құба қыр.

Көктемім қайда құралай өрген,
Бұл сорды неге жорыдым?
Жанына сауға сұрамай өлген,
Жанары нәркес момыным.

От тұяғыңды тасқа бастың ба,
Ордамнан көшіп барасың.
Жердің үстінде, аспан астында,
Ақбөкендердің моласы.

Аңсайды дала баяғы бағын,
Жетімек ойға жаншылып.
Әдемі қала бояуы ағып,
Нөсерге жатты малшынып.

Әлия Дәулетбаева