Екпін Әлешұлы Тегісбаев 1976 жылы 3 қаңтарда ҚХР, Іле Қазақ облысына қарасты Нылқы ауданының Мыс ауылында дүниеге келіп, 1996 жылы мамыр айында өмірден озған.
Небәрі 20 жыл ғана ғұмыр сүріп, өлеңге де, өмірге де дендей бастаған шағында аққан жұлдыздай тамып кеткен тағдырлы ақын туған еліне 50-ден астам өлеңін аманаттап қалдырыпты. «Ақын өлеңдері өз көркемдігімен айшықталып, жұрт жүрегіне терең ұялаған, оқырман қауым көп біле бермейтін құпия сырлар мен жасырын даралықтарға ие екендігін, өмірге, өнерге деген көзқарасының ерте оянған зерделілігін көруге болады», - деп жазыпты Еркінбек Өкенұлы өз мақаласында. («Ерте сөнген бір шырақ»).
Шынында да ақын жырлары алмас қылыштай өткір һәм өртке оранғандай жалынды. Жұрт жүрегіне жатталып жүрген бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Күн және мен
Не болғанын білмей кеттім бұл айдың,
Шуағыңнан бір азырақ сұраймын.
Жердің құрты,
Көктің алтын айнасы,
Екеуміз де мүлігіміз құдайдың.
Мың жансаң да сарқылмаған ештеңең,
Айналайын жанарыңнан өшпеген.
Сен аспанда, мен байтақ жер үстінде,
Сен бұлттан,
Мен ұлықтан сескенем.
От жанды едім,
От тілеп ем, жылап ем,
Мұнар шалған мұңлы таудың бұлағы ем.
Мен күйгенде қаз-қалпында тұрады,
Сен күйгенде күңгірт тартар бұл әлем.
Күні бітіп қиылғанда бір шыбық,
Жарығыңнан жабығамыз түршігіп.
Тізбегінде сансыз өмір алмасып,
Баяғыдай жалғасады тіршілік.
Кеттің әне, Алатаудан ары асып,
Қара жерге тастағалы қара шыт.
Жәудірейді тояттауға жаралған,
Маған біткен екі бірдей қарашық.
Ей, дүние
Қол жетпейді қанат жоқ көкте үміт,
Болды басым сақина текке жүріп.
Түк бітірмей сенен де өтер ме екем?!
Арман қуып, қиялды бөктерініп.
Тырмалаған кеудені қатулы әні,
Аралында
Булығып жатыр бәрі.
Миым дүние! Мынау бір қию дүние,
Босқа қайнап басым тұр атылғалы.
Жалған дүние жаныма баламаймын,
Атағыңа, атыңа қарамаймын.
Маған арна! Адам боп сор кешейін,
Жырыма бер ғұмырын қарағайдың.
Жылжи-жылжи дүние қайдан келген,
Айналысып, жан біткен пайда менен.
Жо-жоқ оған мойынды бұра алмаймын,
Қалғаны ма жазылмай қайран өлең?!
Біл дүние!
Тағысы түз даланың
Шындық іздеп, алдыңа жүз барамын.
Ей, дүние, кетпесе ажал айдап,
Мың айналар басыңды мұз балағың.
Ақиқатпын.
Жеңгенше тоқтамаймын,
Құдірет, сен шуақ бер от болайын.
Қадіріңді білмесем, қарға айналдыр,
Қара жерге сіңейін, жоқ болайын!
Мәңгілік ән
Осы мен сағынамын кімді, нені?!
Қайғым ба, қуаныш па,
Кім біледі.
Анасының болса ол аяулысы,
Махаббаттың мендегі кіндігі еді.
Тек соның құдіреті – өрт өлеңім
Көзіме, күллі әлемге көркем еді.
Өзімде барды сыйлап өміріне,
Өзім де бар сезіммен өртенемін.
Қалай сүйсе Хауа ана, Адам ата
Солай сүйем, іс емес маған аса.
Шартым ғана жаныма жапырақтай,
Өзгелер сұғын оған қадамаса.
Бұл тірлікте жазбаса қауышуды,
Алма-кезек дүние ауысулы.
Қияметте әнімді жалғастырам,
Қияметтен естисің дауысымды.
Қош бақытым!
Қол жетпес бұйырмаған,
Сенсіз өмір,
Күн кешу – қиын маған.
Қияметте қияды некемізді,
Қия бетте,
Тірлікте қиылмаған!
Ызалы түн
Неше-неше қапалы таңды атырды,
Қосатындай жарысқа сан ғасырды.
Мына түнді тастайын тіліп-тіліп,
Бере тұршы, ағажан, алмасыңды.
Бар сұмдығын жатпай ма ғалам бүгіп,
Уысында үрейдің барам бұғып.
Адастырған ақ дидар арманымнан,
Бұл не деген қатігез қараңғылық?!
Қара дүние, қара аспан, қара бақтар,
Түнге оранып мүлгиді қара мақпал.
Қара көзге қан ойнап қара түнде,
Қарауытып, әуелі, барады ақтар.
Барлығы да мәңгілік жерге аманат...
Тілемейді тыншытық желге қанат.
Қайта кейін дүние айналардай,
Айым батқан тұрамын белге қарап...
Жырым менің...
Айыптама!
Айтайын, бұраң белім,
«Шалығы, деп, сұрадың мынау ненің?»
Жырым менің жырлаған – сырым менің.
Жырсыз қара тұманмен тынар демім.
Тасқа жанып ойымды қылштайын,
Тастай шымыр болсын деп жыр ұштаймын.
Жырсыз менің өмірім құлазиды,
Жырымменен тірлікке тыныстаймын.
Елдікпенен ерлікті есті менен,
Жырымдама-жырымды ескі деме.
Ақ жүректің өшірсең ақ жалынын,
Онда мені боласың кескілеген.
Теңін табар дүние! О, қарағым,
Үнім де өшер үркердей жоғалармын.
Майлық-шайлық дегеннен періштемін,
Атақ сүйсең қасыма жоламағын.
Құдіретім – жүректің бал құрағын,
Жырымменен көктетем, жандырамын.
Хатшысымын тірліктің.
Шимайымды
Қара жердің бетіне қалдырамын.
Жыршыл басым ешкімге табынбайды,
Салмаса екен тағдырым жәбір қайғы.
Өлеңін сүй ақынның!
Жаным менің,
Жанарыңның түбінде дамылдайды.
Сары күзде сағыныш
Сары күзде сағынш кәрі жүздей,
Бәрі-бәрі салады
Бәрі бізге ой.
Көк жылайды, жетім жел жерді тұтып,
Құстар шошып барады зарын үзбей.
Сарғайттың-ау,
Маған нан күзге нансаң,
Сағынышқа сен бе едің түзген аршам?!
Мұнарымен ақ сұры аймалатып,
Мазаңды алып, күз желі жүр ме қалқам?..
Маған ыстық сен басқан сай-сала, қыр,
Маған біткен бір шоқ гүл жайқала біл!
Сарғаймасын, жүректер жүдемесін,
Сүйем деген сөзіңді қайтала бір.
Омырауын өптірген керім желге,
Сенбе деймін көк көйлек көрінгенде.
Алыс кетіп айы өтіп алма беттің,
Кеберсиді кей сәтте еріндер де,
Мұңлы жігіт.
Мұңлы қыз.
Бұл бір бақыт,
Аңсап жүріп, алмалық жылды ұрлатып.
....Құстар өтті төбемнен моншағыңдай, .
Моншағыңды төбемнен сылдырлатып...
Дайындаған: Қайсар Қауымбек
Сурет: blogs.privet.ru