- Негізгі бет
- Поэзия
- "Жылау үшін де...
"Жылау үшін де Күз керек"
Массагеттің ауылына Асылбек Жаңбырбай есімді жас жігіт өлеңдерін жіберіп отыр. Бүгінгі таңда "Жансусар" атты жеке кітабы шыққан ақынымыз облыстық, республикалық мүшәйраларда талай рет топ жарған.
..."Күз жақсы ғой өмірмен қоштасуға" - дейді. Бұл ақынның жүрегін мазалаған не нәрсе? Қалай ойлайсыздар?
БИЫЛҒЫ КҮЗ
Биылғы күз түскендей алғашқы рет,
Жек көріп жүр біреулер "албасты" деп.
Жазғы дәурен бүгінде көшті бастан,
Бір-бірімен маусымдар алмасты кеп.
Күзге балап перінің керім қызын,
Тарқатамын ымыртта шерімді ұзын.
Соңы қысқа ұласып жатса жатсын,
Мына келген тек қана менің күзім!..
Тоңдырса да суық түн, ызғырық күн,
Көктемді емес, кәдімгі күзді күттім.
Күз жақсы ғой өмірмен қоштасуға,
Салқын соққан жүректі мұз қылыппын.
Биылғы күз түскендей ақырғы рет,
Жек көрмей жүр біреулер ақылды боп.
Өткен-кеткен бейуақыт еске түсіп,
Неге қинай береді-ай ақынды көп?..
КҮЗ ЕКЕУМІЗ
Жолығып күзге қоңыр күрсіндім,
Жылау үшін де Күз керек.
Жолымен жүріп өмірдің сүргін,
Жоғаламыз ғой біз кенет.
Жоқ
Күздей досым қалада мынау,
Жоқ
сенер басқа ешкімім.
Жетім жүректі жараладым-ау,
Жарамның аты - ескі мұң.
"Жабықпа" - дейді ол жұбатқан болып,
Жалқындап тұрып үздіге.
Жаратқан жерге жұмақтан бөліп,
Жіберген болар Күзді де.
Жазған Күз содан Хауаны сүйед,
Жақсы да көред Адамды...
Жазмышым берген дауалы сый ед,
Жүректен жазған жарамды.
Жұмбақ қой менің жаратылысым,
Жалқылық жұқса Күзден де.
Жаралдық баста дала-қыр үшін,
Жоғаламыз ғой біз демде...
ШЕГІНІС ЛИРИКАСЫ
Сол бір кезден жоқ белгіміз,
Мүлде ұмыттық өткенді біз.
Сенің жағың күзгі көктем,
Менің жағым көктемгі күз.
Айлы аспанға мұң-зар ұлып,
Қала жатыр түн жамылып.
Сұр көшелер құлазып тұр,
Жалғыз елес жүр жабығып.
Жалқы жүрек, жарты жаным,
Өмір, мынау, зарпы қалың.
Дауыл-тағдыр соқты қатты,
Жапырақ құсап қалтырадым.
Мен сонда да сезім кештім,
Махаббаттан безінбеспін.
Сағым болған ақ армансың,
Бұлдыраумен көзімде өштің...
Арнайы Массагет.кз үшін: Асылбек Жаңбырбай
суреттер:sun-fotos.ru
Дайындаған: Арыстанбек Фараби
Л. Лига