Ертеректеу ержетіппін
Ертеректеу ержетіппін
Өтіп дәурен, озып ғалам.
Киіс көрген керзі етіктің
Жұлығындай тозып барам.
Уатылып төзім бордай
Қайда асығыс алып-ұштық?
Қасатталып сезім қардай
Суынды ерте қаным ыстық.
Тұлпарын бір тебінуге
Қысса жастық тақымын сәл,
Жігіт болып желігуге
Жібермеді ақылым – шал.
Саяқ жүрген құландаймын,
Жығылады, жығам қай күн?
Ештеңеге қуанбаймын,
Ештеңеге жұбанбаймын.
Жүрегімен арыстанның
Қозыдайын көгенделдім.
Дел-сал болған данышпанмын,
Қайғы жұтқан кемеңгермін.
Ойыма мұң мінгесуде,
Тәңірім-ау, есірке бір:
Тақуа боп күн кешуге
Тати ма екен осы ит өмір?
Әйелге ода
Қай жерде, мейлі, қай елде
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң оныңды
Әйелге барып дәлелде!
Әйелсіз айтпан әнді мен,
Әйелмен дәмді әңгімем
Сүйкімді болсаң шынымен
Әйелің сүйсін алдымен!
Әйелге мәлім көп сырың,
Сүрінсең – әйел деп сүрін
Халыққа сыйлы болмайсың
Әйелге болсаң жексұрын.
Әйелсіз қонды бақ қашан,
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың
Әйелдің тілін таппасаң!
Ананың сорып емшегін
Басылған талай кемсеңің.
Бәдік боп өмір кешесің
Бермесе әйел жень-шенін.
Болмасын әйел назалы,
Болмасын әйел жазалы.
Кеудесін қаққан талайдың
Әйелден болған ажалы!
Әйелден ыстық от бар ма?
Сол үшін түстік көкпарға.
Қарғағың келсе біреуді
Әйелің өлсін деп қарға!
Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін – сол шебер.
Бақытты сен де болмайсың
Әйелің сорлы болса егер!
Сырыңды соған ашасың,
Шөліңді содан басасың.
Адамның күні әйелмен,
Әйелдер мәңгі жасасын!
Дайындаған: Әкежн Дәкен
сурет: kazakh.ru