Жүрсін Ерман: "Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар?"

Жүрсін Ерман 1951 жылы 12 ақпанда  Қарағанды облысының  Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін (1976) және  Алматы жоғары партия мектебін (1982) журналист мамандығы  бойынша үздік бітірген.

1966 жылы  еңбек жолын  Жезді аудандық газетінде бастаған. Жезқазған  қалалық телеарнасында, Қазақ радиосында, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде  қызмет  атқарған.

Қазір республикалық кітап  музейінің директоры.  Қазақстанға  еңбек  сіңірген қайраткер.  «Құрмет» орденінің иегері, Ұлытау ауданының  құрметті  азаматы. «Ана тілі» халықаралық қоғамының Құрметті  мүшесі,  «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің  иегері, Қазақстан Жазушылар одағының  басқарма  мүшесі.

«Жанартау», «Арайлы күн, Армысың», «Ұлытауға бардың ба?» «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Көктөбедегі  кездесулер» тағы басқа кітаптардың, сондай-ақ баспасөз беттерінде жарияланған 100-ден астам  мақаланың, очерктердің авторы.

Шығыс шынары 

Өскемен

Қалдырып кетпесем де ештеңемді

Қимайды көңіл неге Өскеменді?

Былдырлап тілі шыққан балам құсап

Шықпайтын болып алды естен енді.

 

Қол созып махаббаттың жүлдесіне

Шомылсам шолпылдатып Үлбесіне

Өскемен келіншек боп көрінеді

Оранған үлдесі мен бүлдесіне.

 

Жұлдыздай зерлі аспаннан үзіп алған

Түнгі оттар шыға келсе жүзіп алдан

Көңілдің айдынында ағараңдап

Қаяудай құс жолының ізі қалған.

 

Қияқтай ай боп көкте тұрса қылыш,

Кетеді жүрек жібіп, жұмсарып іш.

Дүбірлеп түркі атының тұяқтары,

Сібірлеп оянады бір сағыныш.

 

Күн нұры тозаңдатып гүлдер шаңын

Көшкендей көз алдымда гүлдер сағым.

Санамды сілкілейді сақ кезімде

Сары алтын сауыт киіп жүрген шағым.

 

Сайы жоқ саясында гүл өспеген,

Самалы сыбырлайды бір ескі өлең.

Киесін Алтай-әжем құрмет тұтқан

Бабамның бөркі шығар бұл Өскемен.

 

Жеңіспен жалғансын деп жортуылдар

Еңістен ереуілдер еркін ұлдар.

Ішінде қарағайдың қаптап жүрген

Қайдасың, Қаратайлар, Төртуылдар?

 

Тарихын тергесеңдер Өскеменнің

Жұрты бұл жөңкіп бұлттай көшкен елдің.

Алтайым – ақ бесігі

Ата қазақ

Кіндігін қылышпенен кескен ердің.

 

Тағдырын кешкен сол ұл Көрғұлының,

Тәңірім, енді ұзартып бер ғұмырын.

Шығыстың шаңырағы жүрген сынды

Шайқалып шүйдесінде  Кербұғының.

 

Рахман суыңда да ырыс қайнап,

Майлайсың мұртыңды енді, мырышты аймақ.

Түбінде қазаныңның тұрсын қаспақ

Қыр асып, қиыр шетке жылыспай бақ.

 

Бір тылсым бар секілді шипаңда да,

Көзімді кіреукелеп ұйқы, алдама.

Есімді есеңгіреп жиып тұрмын,

Тауып бер тарихымды, титан қала!

Ұлытаудың қымызы

 

Біз үшін атамыздың асы – қымыз,

Қымызбен алшы түсер асығымыз.

Сусынын махаббаттың қанып іш деп

Қолынан қымыз құйсын ғашығымыз.

 

Бал дәмі таңғалтады, толғантады,

Толтырып тостағанды қолға ал тағы.

Қымызбен қоса жұтқың келеді екен

Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

 

Қымыз құй!

Қымыз ішсем – бапқа келем,

Қымыздан артық қазақ таппаған ем.

Атамның асын ішсем, желік буып,

Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.

 

Шөлінен шығып едім  сағыныштың,

Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.

Аңқаңды алқағанда аппақ сусын

Басылар алаулаған жалыны іштің.

 

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,

Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.

Баптаулы бал қымыздан аңқып тұрар

Түтінін аңсадым-ау тобылғының.

 

Телміртпей тостағанға, қымызды бер,

Қымызға қазақтай боп кім үздігер.

Мен нағыз қазақпын ба, басқамын ба –

Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

 

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман

Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.

Балшықтай ұлдарымды баули берсін

Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

 

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,

Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны

Келеді көз алдыма кино болып

Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

 

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,

Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.

Сарқып құй сабадағы сусыныңды,

Жібітсін жыбырлаған тамағымды!

Қазақ баласын қайрау

 

Шежірені шиырлап тарата алам,

Тусақ, туған шығармыз әр атадан.

Өзіңді өзің сүйрелеп, қатарға қос,

Ей, қазақтың баласы қара табан!

 

Қарындаспын, қандаспын, жүректеспін,

Сол жүректен мен саған тілектеспін.

Алп-алп басқан аталар әулетіміз,

Сенен асып туған жоқ білекті ешкім.

 

Көптен көмек күтпей-ақ,

                                        достан – қайыр,

Тасмаңдайдан тағдырды жасқанбай ұр.

Сен туғанда қуанған әке-шешең

Берді ғой деп Тәңірім қошқардай ұл.

 

Күнге қарап, қырандай қанатың кер,

Сені көріп серпілсін қара түндер.

Сұрамайды Құдайдан ұлды қазақ

Жүрсе екен деп әйтеуір санатында ер.

 

Жайсаңсың, сен, 

                            Жарқылдап жүр ендеше,

Жігіт оңбас – жігерді шідерлесе,

Үлесіңді тартып ал, сұрап алма,

Ешкімнен де именбе.

                                  Жіберме есе!

 

Сыр қадірі – тек қана сұрасқанша,

Жат түгілі, жақынға сыр ашпа онша.

Сен басқадан артықсың – анаң егер

Қуанғаны қалжа жеп рас болса!

 

Болу керек жігітте айла күшті,

Парасатпен пайымда пайдалы істі.

Барша қазақ елінің бақ-талайы

Тағдырыңа бір сенің байланысты.

 

Жігітсің бе, мақсаты, мұраты бар,

Құз басынан құлжаңды құлатып ал.

Жарқ ететін сағатың соғады әлі,

Оқталмаған мылтық та бір атылар.!

 

Өз жолыңды табатын жетті күнің,

Алғырлығың көрінсін,

                                     ептілігің.

Болсаң болып, болмасаң – бордай тозып

Танылатын шақ осы тектілігің!

 

Сен оңбасаң, оңады қайдан халық?

Тойдан қалсаң қамықпа.

                                       Ойдан қамық.

Аламанға түскенде бәйгеңді алып

Сен жүруге тиіссің жайраң қағып.

 

Тауқыметін тартсаң да азаптың көп,

Қуана біл, қарағым, қазақпын деп.

Атыңды сәл оздырсаң, сол қазағың

Жібереді мықты ғып.

                                  Өзі-ақ, Күндеп!  

жалғасы бар...

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: i-news.kz