Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы – жас ақын. 1994 жылы дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Өлең жазуды жеті жасынан бастаған ол көңілдегісін еркін жеткізеді. Мейірханның өлең өрімі – ақ өлең. Түрік және француз тілдерін жетік меңгерген. Республикалық «Шарапат» шығармашыл жастар байқауының бас жүлде иегері. Туғалы көз жанарының нашар көруі мен сал дертіне шалдыққан. Өлеңді зағип әліппесімен жазады.
Гүлдей көркемім,
Жүректі өртедің.
Айдай ажарлым,
Ерке көктемім.
Сүмбіле шақта,
Сезім де басқа.
Не жетсін, сірә,
Ақ махаббатқа.
Іңкәр жүрегім,
Ақ қар тілегім,
Еркем өзің деп,
Өлең тізгенмін.
Ән аға
(Әнуарбек Жәлелұлына)
Үміттерімді үзгенде тірлік мың,
Өлеңге мұң шағып бой тіктедім.
Жүрегімді тырналаса есер мұң,
Сырласар жанды тынбай іздедім.
Ерек үнге байланып сана-ақылым,
Өзіңе мұң шақтым санап жақыным.
Жырымды жаздым толғанып өзіңе,
Сезінген шақта қоңыр күз салқынын.
Заңғарлықты қабылдап өр таулардан,
Жетектеген жасынан асау бір арман.
Адалдықты жалын жүрегіңмен аялап,
Жалын жүрекпен жалындап жүр аман.
Жаңалыққа қанықтырып азат елімді,
Жақсылыққа кезіксін тек өр басың.
Жоғалтпаймын бойдағы менде сенімді,
Шыдам мен сабыр ежелден жолдасым.
Өмір, сені сүйемін
Қараңғылықта жарықты сезіп,
Ойлармен бүтін ғаламды кезіп,
Келемін өмір сені құлай сүйіп.
Жатқанмен жүрегімді дерт езіп,
Кеткем жоқ арманымнан безіп,
Келемін өмір сені құлай сүйіп.
Талай жастық құшып жас төгіп,
Кеткен сәтім көп дертпен шөгіп,
Келемін бірақ әлі өмірді сүйіп.
Жүрегіме арман жырларды егіп,
Жан мейірімін жақындарым төгіп,
Жүрмін өмір мен сені құлай сүйіп.
Бұ көздерім,
Атпайды сенсіз ұшқын,
Көздеріңе жаным тұтқын,
Түндерде кірпік ілместен,
Саған жыр жазып шықтым.
Көкіректе күмбір күй болып,
Шаттыққа көңіл кесем толып.
Сенімен гүлдеді қайта үмітім,
Қапияда қалған ертерек солып.
Жүрегімді жұлып беремін өзіңе,
Ынтықпын бір ауыз жылы сөзіңе.
Келші сен таңданып жүрмін мен,
Тастан да берік төзім беріктігіңе.
Келші сен,
Жалғызбын сенсіз жалғанда,
Өтерім анық сенсіз арманда.
Талғажау етіп келер деймін,
Сүйенемін сенің сол бір,
Ескі телефонымдағы жазбаңа.
Жұбатуға
Тағдыр мені сілкіледі тағы,
Талсын деп ақ ұрумен жағы.
Іздедім жан ұғар бір жанды,
Жалғыздық – шын досым тағы.
Ақ қағаз алдыма жайылып,
Түн ғана жатқандай жай ұғып.
Жұбатуы түн. Жұбанған мен,
Көңіл менен көзді жас жуып.
Сөз күттім жанымды жұбатар,
Қайғының тас қамалын құлатар.
Елеусіздеу кейіптемін нетемін,
Жан табылмас жан сырласар.
Теңіз бен дария
Түсінер жанды жасыған,
Теңізді сүйем жасымнан.
Теңізде мінез бар асалау,
Басатын сезімді тасынған.
Теңіз жан жұбатар ардағым,
Теңіз шағалаң құрлы болмадым.
Толқындай тулағанмен жүрегім,
Дария көңілді місе тұттым,
Өмірде асау мінез танта алмадым.
Көктемге ғашық едім ардағым,
Көктем боп келем деп алдадың.
Жыраққа кеткелі сағынып бір рет,
Сезім хатын неліктен жазбадың?
Сен келмейтін болдың,
мен сенбейтін болдым.
Сен келмейтін болдың,
Соңына жеттік жолдың.
Жанымды қинау жан қалауың,
Сағынышыма күйіп жанамын.
Күз келді көктем артта қалып,
Құстармен бір ұшты арманым.
Серттескен шақ санаңнан өшсе,
Ақша бұлт боп естеліктер көшсе.
Келмейтініңе күмәнсізбін енді мен,
Күткенмен келер деп қоңыр кеште.
Құстардай үміттерім ұшып көкке,
Арманым алдапты баладай текке.
Кетіп барам
Кетіп барам,
Сыздап жарам.
Сырымды ұқпай,
Мен сүйген адам.
Кетіп барам,
Қош бол, қалам.
Мені де сүйетін,
Бір жанды табам.
Ал санам биле,
Мазасыз күйде.
Жолға шықтым,
Қалмастан үйде.
Жұлдыз
Сөнеді жұлдыз,
Мұңаяды бір қыз.
Көкірекке сыйлады,
Келген күз бір сыз.
Жұлдыз сөнгенше,
Арман өлгенше.
Дүние байлық бәрі,
Баянсыз тек өлгенше.
Мен және сен,
Нүктеміз жай ғана.
Күдер үздім сезімнен,
Миллион рет ойлана.
Аспан жақта әдемі,
Айтылатын ән еді.
Тағдыр деген әуелі,
Сезімің боп жеңеді.
Сүйген адам бәрібір,
Соқыр болып келеді.
Жалған
Көзім сенен өзгені көрмес деп,
Бұл махаббат мәңгі өлмес деп,
Жалған сөздеріңе нандырма.
Алыстап кетті келмес деп,
Аңсауға жаным төзбес деп,
Жалған сөздеріңе нандырма.
Сезбейсің
Жанымның мұңын жасырдым,
Құны қалсын деп жасымның.
Табасына шыдап қасымның,
өзіңді сүйдім, өзіңді, асылым.
Сезбейсің,
көре тұра көрмейсің.
жазды күнгі сағымдай,
үмітім боп көлбейсің...
Жүрегімде ғұмыр кешер ізгі жан
Жүрегімде ғұмыр кешер ізгі жан,
хат жазар үміт шіркін өзіңе сан.
жанарларым мөлтілдеп сені аңсап,
саламын өзің жайлы әсем бір ән.
Аңсаудың шегі мен соңы жоқ па,
жандырып кете бардың мені отқа.
Сағынышқа байлаған тағдырдымды,
қуанышқа бөлейтін кезің жоқ па?
Құстан жүйрік арманым мен қиялым,
сағынышымнан тәті жырлар құрадым.
теңіз бөлгенмен араны жақынсың неге,
есіме түссең баладай шаттанып қуандым.
Жүрегімде ғұмыр кешер ізгі жан,
өзіңе жетер ме еді мен салған ән.
Оралшы
Оралшы дәл бұрынғыдай,
жан дертім барады ұдай.
жалғасы керексіз маған,
алау сезімнің дәл былай.
Оралшы,
ой орманы қажытты,
оралшы,
сезіне алмадым жазықты,
оралшы,
кім бөгеді келер қайықты.
Үнсіздіктен іргемді айырғын,
жоқ етші жүрек жалғыздығын.
сен деп таниын әлемді жаным,
сүйейінші сен деп айы мен күнін.
Оралшы.
Топанбай Мейірхан Мейрамбекұлы