Жұмекен Нәжімеденовке арналған өлеңдер

Бүгін қазақтың  қайталанбас ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні. Белгілі сыншы Аманкелді Кеңшілікұлы өзінің "Жұмекенге оралу" атты көлемді еңбегінде "Жұмекен – қазақтың ұлы жаны, Совет заманының көмескі тарта бастаған аспанында кенеттен жарқ ете қалған жұлдызы менің өнер әлеміндегі   Темірқазығым болды.  Тұңғиыққа батырған ойларымен  көңілімді сиқырлап  алған ақын уақыт өте келе менің мына фәнидегі ең жақын сырласыма, нағыз досыма   айналды.  Рухымды тереңірек тану үшін Жұмекеннің жыр жинақтарын парақтап,  жұлдыздары жымыңдаған  түндерде жан сырын маған ғана ақтарған ақынмен сырласқан кездерім көп.  Әр оқыған сайын ол маған жаңа қырынан ашыла түсіп,  мені үнемі таң қалдыра түсетін.  Жаныма тыныштық бермей жүрген көптеген сауалдардың жауабын мен Жұмекеннен таптым.  Ең алғаш ақын шығармаларын оқыған кездегі алған әсерімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын" – деп  ой толғайды. Қанша ғасыр өтсе де, ақынның асқақ аты халық жадынан, ұлт жадынан ешқашан ұмытылмақ емес. Массагет порталы ақынның туған күніне орай "Жұмекенге арналған жырларды" назарларыңызға ұсынады.

Менің Қазақстаным! 

Жұмекен Нәжімеденовтің 70 жылдығына 

АЛТЫН КҮН – АСПАНЫ, 
АЛТЫН ДӘН – ДАЛАСЫ... 

Бөлек еді болмысы да, әуені, 
Кезіп жүріп бұлбұл бағын мәуелі - 
Өмір деген рингте өзеуреп, 
Өзі менен өзі айқасты әуелі. 

Өзі шындап қажыр-қайрат сезімін, 
Төкті әлемге өз шуағын көзінің. 
Жеңу үшін пенделігін өзгенің, 
Быт-шыт қылды пенделігін өзінің! 

Шалқыған жоқ шарап ішіп-шатысып, 
Барлардағы қан базарға қатысып. 
Біліп алды бір пенденің ішінде, 
Пушкин – 
Дантес жататынын атысып! 

Шымырлаған ой мен сезім-кескінде, 
Сөйлеген жоқ жырдан басқа еш тілде. 
Тіршіліктің күйкі қамын күйіттеп, 
Тісін жарып көрген емес – 
Ешкімге. 

Көп пендеден қайтып әбден меселі, 
Қайтара алмай езге кеткен есені, - 
Қыл, қыбырдай соқыршекке тоғысқан, 
Жүрегіне шөге берді кеселі. 

Құлағында – 
Хиросима сарыны. 
Бара жатты демі бітіп, тарылып. 
Сыйғыза алмай өрт пен дертті, 
Тарс етіп – 
Жүрегі оның кетті кенет жарылып! 

Өмір сүріп жүріп – 
Жүрміз шатысып, 
Қилы-қилы қан базарға қатысып. 
Ішімізде – бірін-бірі жеңе алмай, 
Пушкин менен Дантес жатыр атысып! 

Жүрміз бірде үстем боп та, тең де боп, 
Жүрген жоқпыз рахаттан кенде боп: 
Пушкин жеңген күні бір сәт – 
Адам боп. 
Дантес жеңген күні – 
Күйкі пенде боп! 

Жүрміз... 
Сөйтіп әлі талай жүреді – 
Ізгілік пен Зұлымдықтың сүрені – 
Бәрінің де жүрегіне жүк артса, 
Жарылмас ед Жұмекеннің Жүрегі! 

Серік Ақсұңқарұлы
20 сәуір, 2005 жыл

***

Көп ойларын айта алмай кетті дейді Жұмекен, 
Жоқ, өлмепті ол! 
Ойлы ақын күні бүгін тірі екен. 
Тоғышарға, Топасқа, 
Талантсызға, Тайызға 
Бітіспейтін, бітпейтін майдан ашып жүр екен. 

Ақтарылған ақ сөзі байтақ елдің мұңы екен, 
Өлеңінің мінезі - жүрегінің сыры екен. 
Сыбызғыдай сыр шерткен майда қоңыр үні екен, 
Езуінде ерекше мысқыл ойнап Жұмекен 
Ертең жайын, ел қамын тағы да ойлап тұр екен. 

Көлеңкені жоқ қылып отты жырдың жарығы, 
Лазердейін өткір сөз аярларды қарыды. 
Абай еккен орманда Жұмекен бір бәйтерек, 
Неткен биік бұтағы, 
Неткен терең тамыры?! 

Сол орманда, байқаймын, жағымпаз да қаптап жүр, 
Ала жібін аңқаудың арамзалар аттап жүр. 
Біреу есек баптап жүр, 
Біреу езді жақтап жүр… 
Қанжарынан жаланың, 
Жебесінен өсектің 
Ақын айтқан ақиқат қалқан болып сақтап жүр. 

Жұмекендей кемел жыр жазбаған соң оқсатып, 
Жыр-тұлпардың аяғын алғам жоқ па ақсатып?! 
Қиянаты қорқаудың, 
Қарқылдары қарғаның 
Ауру тістей жанымды күнде жейді қақсатып. 

Самаладай санама сәулең түсіп төбеден, 
Құран-сынды қастерлеп алам сені Сөреден. 
Жетеліні жебеген, 
Талаптыны демеген, 
Қошалақтың құмында туған ақын көреген, 
Биік едің не деген 
Терең едің не деген?! 

Ақылбек Шаяхметов

Жұмекен қабірінің басында

Туған жерде терек болып сен өскен, 
Мен бір шыбық жынды желмен егескен. 
Атағың бар Алатаумен теңескен, 
Әруағыңмен деп келіп ем кеңессем. 
Айып етпе, 
Көк бояуым өшпесін, 
Тамыр нәрсіз, 
Өзіме аянды өспесім. 
Айып етпе, 
Аталы сөз баталы 
Тыңдамақ ем, өзге жоқ ем шатағым. 
Ақ көңілім әруағың мінер арғымақ, 
Ықыласым жабатұғын шапаным. 
Көңіл кернеп 
Ұлы әруақтар жайлы ұғым 
Келіп тұрмын. 
Қамықтырса қайғы мұң. 
Қамнан емес болсам да қыр қазағы, 
Мен де өзіңдей қоңырқай жыр жазамын. 
Бірақ одан тартпады жүк жеңіл, 
Қызықтаумен күнге қарап, гүлге бір 
Қыз-қырқынға арнап жаздым жыр біраз, 
Той-думанға арнап жаздым жыр біраз 
Далама арнап жазбақ едім 
Мұң сынық 
Шыға келді көңіл-қырға құлшынып, 
Содан, содан келіп тұрмын қоңыр ұя. 
Қабіріңе ету үшін құлшылық. 
Сонау жылы ағысымен сен Терек, 
Барып едің ғой Атырау – ақынға ентелеп. 
“Барып едің ағысыңмен асығып, 
Түскен шақта самайға күш, басыңа іс. 
Алатаудың қайыр болмай басы қыс 
Барып едің ағысымен асығыс” 
Жан бітіріп достық жайлы ұғымнан. 
Ұлы ақынды түсіріп ең тұғырдан. 
Бірақ менде жоқ-ау қуат сендегі, 
Не істесем де халқымдікі еңбегім. 
Ағысым да сенікімен бәсеңдеу, 
Бәсеңдікті қоям не мен әсемдік. 
Жалыны мол болсамдағы жас кезде, 
Арман қуып бара алмаспын Мәскеуге. 
Ағысымды тастаса да он бөліп, 
Жайлап ағам мен даламда – ақ сыр болып. 
Жайлап ағам, 
Арал алыс, 
Көзде жас, 
Көздің жасы деп пе ең көңіл қозғамас. 
Жатса айтысып Оңтүстік пен Батысың, 
Оған менің жоқ ешқандай қатысым. 
Қажеті жоқ мейірімінің өзгенің, 
Өз бойымды жылытады өз демім, 
Осы болды әзірге тек сезгенім. 
Қай жағыма құласам да өз жерім. 
Қай төбеге шықсамдағы өз төбем, 
Қасиетімді түйсінетін көз көрем. 
Мақсатыма жету үшін көздеген, 
Арман-жолда ақ пейілді сөз терем. 
Қу желкемді қияр екен қай қылыш, 
Аз халқым бар топырағынан айнығыш, 
Айтарымды айтқан болсам қаттырақ, 
Сен естідің, естіген жоқ жат құлақ. 
Бала күннен қап қойған сөз есімде, 
Деуші еді ғой бейсенбі күн бесінде 
Көктен жерге түседі екен бар аруақ, 
Түскен болсаң ықыласыма ал аунап. 
Жүрегімде әдетінен жиі ұрып. 
Қалған бұл шақ санама мұң жиылып. 
Қапа қысып қамыққаннан қоңыр ұл, 
Қабіріңе келіп тұрмын сыйынып. 
Ақ көңілмен ықыласымды қабыл ап, 
Шаршап келген ағысымды дамылдат. 
Дамылдайық, күй тыңдайық бір ауық, 
Менің көңілім “ Кішкентайға” жүр ауып. 
Мен білемін “Кішкентайлар” барында, 
Түз ұлының от ойнарын қасында, 
“ Кішкентайды” көп тыңдасақ халық боп, 
Біз аз халық кетер ек-ау алып боп. 
Халық барда ақында бар жыр тірі 
Естілді, әне, көкте күннің күркүрі. 
Жан ниетін жай отымен жолдаған. 
Киелі ердің аруағы ма қолдаған. 
Тамшы – нәрдің той-думаны басталды. 
Жердің шаңын көтерейін деді ме, 
Құла түзге от өртейін деді ме 
Қара бұлт торлап апты аспанды. 

Әмірхан Балқыбек
1992 жыл

Жұмекенге

Сырымды жайып Күн менен Айға көктегі, 
Көлеңке-ғұмыр кеудеме зәрлі у кептеді. 
Сіз жақта дейді мәңгілік өмір, бақи жаз, 
Ал бізде тағы қарағай бүрі көктеді. 

Күлкімді ұрлап көңілсіз күндер сайтаны, 
Ашаққа биыл жолым түспеді, жай қалды. 
Қураған тал мен тезектен жылу іздеген, 
Ауылға барсам жүрегім жылап қайтады.

Қайғымды айтып қайтейін саған, Тәңірім, 
Кеше гөр, аға, рухыңды кештеу таныдым. 
Біреуін жатқа айта алмаған жырыңның, 
Ұстазыма өкпе артып жүрмін әлі күн. 

Кінәлап қайтем, қасірет емес ол да аса, 
Қазынаң сенің онсыз да кеткен қырды аса. 
Тірілігіңді, ірілігіңді сезінем, 
Үш жасар ұлым "Менің елімді" жырласа. 

Қол жайып қария батасын беріп көк белде, 
Салауат қылып өткендер менен кеткенге, 
Қошалағыңның сағыныш жүгін арқалап, 
Кеңсайға барып тәу етіп келгем. Көктемде. 

Тексіздер үшін бар ма, аға, сенің жазығың, 
Өлең, жыр болған дауасыз жанға азығың. 
Күтеді сені айналып соғар ма екен деп, 
Өзіңнің Темірқазығың. 

Келесің қашан, еліме сәлем етем деп, 
Жұмақтың төрін жүрсің бе әлде мекендеп. 
Алшаң да алшаң Ашақтың құмын кеземін, 
Табаныңның, аға, ізі қалды ма екен деп. 

Қалдырып артқа сыр тұнған күнді, нұр толған, 
Үйіңе айналып қона алмай жүр ме бұлбұл-ән. 
Шанағымнан кеп сипайды қашан ием деп, 
Жетімнің күйін шертеді қоңыр домбыраң... 

Сырымды жайып Күн менен Айға көктегі, 
Көлеңке-ғұмыр кеудеме зәрлі у кептеді. 
Сіз жақта дейді мәңгілік өмір, бақи жаз, 
Ал бізде тағы қарағай бүрі көктеді... 

Бақытгүл Бабаш
2005 жыл