Жұмекен Нәжімеденов: "Шіркін сөз-ай, құдіретті ең сен неткен..."

28 қараша - ақын Жұмекен Нәжімеденовтың туған күні. Биыл қаламгердің көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Өнер әлеміндегі айрықша құбылыс болған алып жыр иесінің өлеңдері әлі күнге шейін маңыздылығы мен өзектілігін жойған жоқ. Дүниеден ерте өткен Жұмекеннің рухына тағзым ете отырып, назарларыңызға бір топ өлеңдерін ұсынамыз.

АЛМАТЫ

Жатыр жақпар... Қарағайды аралайды жел ескен, 
Жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен. 
Тау сулары таусылмады, сыңсып тұрып ағады, 
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады, 
Айдалада ақбоз мінген Алатау бір ақ батыр, 
Айналада тал-қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр. 
Қызыл гүлдер «үзілдік дер» баяула жел, баяула, 
Қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма? 
Бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы, 
Тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық баяғы. 
Тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де 
Біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде. 
Тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұсап,
Қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ.
Трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық,
Қөп қызықты қапылыста алмайыншы өткізіп!
Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем әрине,
Түнде көрсем үндемес ем түсім ғой деп бәрі де.
...Жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады,
Қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады.
Міне, біздің Алматы осы,
Алма төсі бұлтиып,
Алма-төске жас бұтаның саусақтары түр тиіп.
Жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап,
Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ!

***

ТАБИҒАТ МІНЕЗДІ ЕТІП БЕРСЕ ТІЛДІ…

Табиғат мінезді етіп берсе тілді,
ойлап ем мінезді өлең көрсетуді.
Жақындап кетіп едің – бұрқ еттім мен
талайдан жан баспаған жол секілді.

Көп жаннан көрінеу қаштым,
                                     сырт бекіндім,
болғам жоқ арасына ірткі екі ұлдың,
Ақ бу боп үлп етіп ең – түйілдім мен
толассыз жауатұғын бұлт секілді.

Пісіріп жеп жүрмін өз сөзімді асып,
өзге ойым жоқ қарасаң көзіңді ашып.
Қуанам өз бұлтымды өзім қуып,
мұңаям өз шаңымды өзім басып...

1970

***

ШІРКІН СӨЗ-АЙ, ҚҰДІРЕТТІ ЕҢ СЕН НЕТКЕН…

Шіркін сөз-ай, құдіретті ең сен неткен! 
Мықтысың сен болаттан, 
Осалсың сен шөлмектен. 
Сөздің қасиетін сол 
сөз еткен тек мен деп пе ең! 
...Албырт жандар күйіп-жанып, алаулап, 
сол алаудан күй дәме етіп, ән аулап, 
естілгенде бір ғажайып жыр үні 
Тынып қапты бұлақтардың гүрілі. 
Бұлт қарапты қаһарланып, тұлданып, 
Жерге жарық түсірді екен күн нағып? 
Сол бір күннен қызулырақ жүректі 
Ақын депті, ақын депті бұл халық. 
Асқар шыңдар жасырыпты бойларын, 
асығыпты ақылға арман, ойға мұң. 
Ақын – мұңды, толды жаны ызаға, 
Ол ызаны, мен мынаны ойладым: 
«.. Сол адамды жасағанда ақын ғып 
«Құдайға да» біткен шығар батылдық!»

1960, 1982

***

СЕНІҢ ШАШЫҢ ТҮН ДЕСЕМ…

Сенің шашың түн десем, 
адасумен өтем ғой. 
Күліп тұрған күн десем –
сенің күлкің екен ғой, 

Сыңсып кетсе ну орман 
сенің лебің екен ғой. 
Шөлдеп едім, 
суарған сенің көлің екен ғой.

Жапырағы гүлдердің 
алақаның екен ғой. 
Маңдайыңда жүзген нұр 
дала таңы екен ғой.

Бұлт түйілсе кәрленіп. 
Білмей жүрген екем ғой.
Біздің жерде бар көрік 
сенде де бар екен ғой.

*** 

ТҮЙСІГІ БАР ТАСТЫҢ ДА…

Түйсігі бар тастың да, 
тас та кейде жұлқынар... 
Мына қабақ астында 
көшкен елдің жұрты бар. 
Анау емен түбінде 
қурап, ұшып, үгілген 
жапырақ бар бүгінде – 
Жүгірме, жел, жүгірме! 
Түнгі аспанның өрінде 
жұлдыз дейміз жанғандар –
ақыл, ойдың төрінде 
ардақталған арман бар. 
Сонау күннің көзінде 
төгілмеген жалын бар. 
Мына жердің өзінде 
бәрі де бар – алыңдар! 
Қайрат, шыдам, ұстам бар, 
салмақталған сабыр бар – 
таңдап бірін ұстаңдар, 
іздеңдер де табыңдар. 
Анау таудың басына 
Қарашы, бұлт тиюін. 
Бұлттар, бұлттар жасырма 
Табиғаттың биігін...

***

ЖАЙЫҚ ЖАҒАСЫНДА

Ақ Жайық жарға бас ұрып, 
Асығып кейін қайтады. 
Толқынды толқын асырып, 
Жасырып сырлар айтады.

Мұнарлы арна ыңқылдап, 
Жабағы жалдар ұйысып; 
Күледі тағы сыңқылдап, 
Толқын мен толқын сүйісіп.

Жүзінде көшіп жыл легі, 
Қарайып барып тұтылды. 
Жылағаны, күлгені – 
Бәрі жалған сықылды.

«Мен – Жайықпын, тумаңмын, 
Жоқ шығар-ау таласың. 
Тазартып қаннан жуғанмын 
Махамбет ердің жарасын.

Немене? Таң қаласың! 
Деміңді ауыр аласың – 
Жалғыз сен бе жан ашыр? 
Баласың-ау, баласың!»

Бір салмақ түсті сезімге, 
Аумады көзім елестен: 
«Жарасын жуып, өзін де 
Жұтқан өзің емес пе ең!–»

Дегім келді мен кенет, 
Жайыққа жардан үңіле. 
Тарих тұнды дөңгелеп 
Жанарымның түбіне.

Ағады Жайық қарайлап. 
Көрінді қатпар бір маңдай,– 
Батырды еске ап бар аймақ 
Бөріксіз, үнсіз тұрғандай.

1961

***

СОҢҒЫ СӨЗ ОРНЫНА

Зал ортайып барады –
тесік қазан секілді. 
Жыр ортайып барады –
несіп-тағам секілді:
бір-бір іліп әрқайсы салды аузына бұ жырдан, – 
тұрды күліп біреуі, бірі мұрнын тыжырған. 
Дәмсіз болды, білемін – тамсанбады таңдай көп, 
Автор деген жанға бұл – не десең де көнеді, 
арнап тартқан ақ дәмін – жемесең де көнеді. 
Тек елесең болды оны – келсең болды жерге осы, 
серілердің ойы мен сергектердің зердесі. 
Кешіреді ол бетіне күл шашсаң да долдана, 
есінемей тыңдасаң – бақыты оның сол ғана... 
Көтерілді орнынан, әне, бір топ дүркіреп, 
Әне, бір топ күңкілдеп тез бітуін тұр тілеп. 
Зал ортайып барады – тесік қазан сықылды, 
Жыр ортайып барады – несіп-тағам сықылды. 
Көбі ағып кетіпті – кәдімгі су сықылды, 
Сиресе де адамдар әлі қалған сықылды, 
Суы ағып таусылып, дәні қалған сықылды. 
Ағызса егер көп суын мынау үлкен қазан-зал, 
Мүмкін сол бір суменен дән жуылып тазарған? 
Керек, керек тазарту!
Айналайын өлең-ау, 
Сені де бір сүзетін тесік қазан керек-ау.

1965

***

ЖЫРЫМДЫ ӨЗГЕ ТҮГІЛ ҚЫЗ ҰҚПАДЫ…

(Әзіл)

Жырымды өзге түгіл қыз ұқпады,
тастадым сол үшін мен сызып бәрін.
Қыз менің теңеуіме түсінбеді,
мен қыздың кірпігіне қызықпадым.

Ашып ем үр-жаңа ойды дара барып – 
қыз мені бір жымиып бағалады.
Ол менің өлеңімді оқымады,
мен оның бұрымына қарамадым.

Балғалап ұқтырдым деп «ақын жанын»
тақтай сабап жатқандай тақылдадым.
Ол менің бір жырымды жаттамапты,
мен оны театрға шақырмадым.

Әй, қайран пендешілік,
«жанып» ішің
жүресің, шарап емес, жалын ішіп.
Осылай қыздарыңмен «ерегестім»
жігіттер, өздеріңе жағу үшін.

***

ОН ТОҒЫЗ ҚЫЗ

Алқымдаған шағында
көкем байғұс жетпісті,
Ауыл-үйді аралап
құда түсті, көп түсті.

Қыздары бар үйлердің
шайын ішіп,
жеп етін,
Біріне іші жылыса
құда түсіп келетін.

Әзілі бар, түрі бар,
сыйлы қарт ед елге аса – 
Кедей еді қорасы,
дастарқаны болмаса.

Құлағына кіретін
самай шашы шатасып,
Қалың еді сақалы,
Қабыл еді батасы.

Ілінетін ауызға
уәдесі мен серті еді.
Кедейлігі – аңыз да,
Кісілігі – ертегі.

«Құдаларын» сыйлайтын
еті болса бір асым.
Шыққан жылы мен онға
он бес болды құдасы.

Кім сыйламас кәріні
Өзі жомарт,
Өзі есті.
Менің жасымнан гөрі
«құда» саны тез өсті.

Тынды дауыл, зіл-зала
Соғыс бітті,
Күн жылы.
Баяу өстім мен ғана,
Уақыт баяу жылжыды.

Киіт жинады бір қауым:
Бөз, күләңкөр, шыпыр-шыт,
«Соғыс бітті,
Оқу да
бітер» деді тықыршып.

Оқу бірақ бітпеді,
Көкем бір күн кіржіңдеп, – 
бір «құдаға» мұң шақты:
«Мұғалімі – мылжың» деп.

«Рұқсат бер тіріңде,
Өліп кетсең обал-ды
Жиырма қызға», – 
деп достар,
Мені әзілдер боп алды.

Өкпеледім көп досқа,
Көбін күліп өткердім.
Ал, қалыңдық-қыздарды
қарап жүріп жек көрдім.

Бәрі – қайран балалық,
Оқу бітті...
Бәрі өтті...
Шал марқұмның келіні,
Мисыз, бірақ әдепті.

Ғашық болу «жүз қызға»
бір жігітке тым ауыр.
Маған жұққан, Расул,
дертің емес, тұмауың.

Шарап ашытпадық біз,
Қымыз, шұбат ашыттық,
Ақшылырақ сондықтан
біздің елде ғашықтық...

Алқымдаған шағында
көкем марқұм жетпісті,
Ауыл-үйді аралап
құда түсті, көп түсті.

Мақтан етті ол бір ұлын,
Біз не білдік, не білдік:
Жиырма құда, құдағи,
Жиырма қызды келін ғып.

Жалғыздық та – кесірлік,
жарасатын шың-құзға.
Он тоғызын «жесір» ғып,
үйлендім мен бір қызға.

Сүйем бірақ бәріңді
жүрегімді жалын ғып,
Сүйілмеген сұлулар
Алынбаған қалыңдық.

Көңілі үшін көкемнің,
он тоғыз қыз, кеш мені.
Ата – жақсы,
баласы
нашар болса – өстеді...

1983

ӨЗІМ

Болмаса да көк өзенім гүрлеген, 
көп өзенмен бірге ағамын, бірге мен. 
Ой түбінен ойнап туған жырменен 
тыныш таппай – тірі болып жүр денем. 
Ойнай алман, ойнай алман сөзбен мен, 
жаси алман жақтырмаған көздерден. 
Тағдырымды өлшей алмас безбенмен 
өз басының безбені жоқ кез келген. 
Жан емеспін қолда барға бұлданған, 
жеңер мені күндіз күлкі, түнде – арман. 
Еске алуға жарамайды өткенім, 
өткен күннен келер күнім көп менің. 
Сол секілді ойларым да теп-тегін, 
келмейді оны үнемдегім, ептегім. 
Сондықтан да жиі жанам, сөнем мен, 
жығыламын кейбір асау теңеуден. 
Осынау бір олпы-солпы өлеңмен 
өзімді-өзім түсіндіріп келем мен...

1963 

ҚАРА ӨЛЕҢ

Күпі киген қазақтың қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

М. Мақатаев

Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім,
күпісі бар өзінің – керегі не, керегі.
Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім,
Шекпені де бар оның – керегі не, керегі.
Абай – жырды құрметтеп, ырза етейін дегенде
жаңа киім іздеген күллі әлемдік көлемде.
Фрак жапқан жырға асыл – 
Жырласа сол жырласын:
Өзі киген күпіні – кигізген жоқ өлеңге.
Ойлар ашты басқа өңін,
Жырлар туды жас көңіл – 
демек, кигізді өлеңге ол Европаның костюмін:
Пушкин, Байрон, Гетенің өлеңінің өтін ап
құйған сын-ды ол:
Бір ерек құнар тапты топырақ.
Сондықтан да жырда Абай шындық ашты бір ұлы:
Қаламдардың сырылы,
қанжарлардың шыңылы
араласты тасқын боп азап табы, мұң үні – 
Уақыт туды осылай өлеңдерді ұлы-ұлы.
Ақын қаққан күпінің шаңы жатыр құзда әлі,
Әйтеуір, сол күпіден «шыққан жұртпыз» біз дағы.
Жаңалықтан жалтақтап,
Суық сезсе шекеміз,
Күпісіне Абайдың әлі сүңгіп, кетеміз.
Қара өлеңдер жасасын! – салмақты, еркін, терең де өр,
Костюм киген ақындар,
күпі киген өлеңдер!
О, сыпайы жаңашыл!
Жел өтінде дірілде – 
Шекпен түгіл макентож ескіріп жүр бүгінде.
Киім – мода,
өлең-жыр мода емес қой,
дегенмен
киімнің де сән-көркі көрінген жөн өлеңнен.
Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,
Содан шығар, көп жыршы – жалаң аяқ келеді.
Менсінбей жұрт ескіні,
Жаңасына жете алмай,
Қалам ұстап отырамыз біз де, достым,
Күпі киген ақынның
Костюмді ойы – тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.
Қағып-сілкіп күпіні – шекпен алған сол ақын – 
Шекпен киген кешегі Мұқағали болатын.
Тапқаны ғой әркімнің,
Соған ұқсас сый біздің:
өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім.

1983