Жұмекен Нәжімеденов. Жұмбақ ақын

Жұмекен Нәжімеденов. Жұмбақ ақын
Фото: vk.com

Бүгін – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының (мәтіні) авторы, көрнекті ақын, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері Жұмекен Нәжімеденовтің туған күні. 

Ақын Мұқағали Мақатаев: “Жұмекен жұмбақ ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақын-Жұмекен, жұмбақ-Жұмекен біздің поэзиямыздың бүгінгі де, ертеңгі де орнына мықтап жайғасқан. Ол оқушысы құрымай, өзі де құрымайтын саналы, ақылды жырлардың авторы” деген екен. Жұмекеннің жұмбақ сырына бойлағымыз келгенде күнделігіне үңілеріміз хақ. Ақынның "Аурухана-83" деп аталатын жан сыры, жүрек үні жазылған ескі дәптерін “Жұмекен күнделігінен бір үзік ой” деген атпен жариялаған едік. Енді назарларыңызға ақынның “Аурахана-83” атты өлеңдерін ұсынамыз.

ЭТЮДТЕР
* * *
Елең қақпа, жапырак,
құлағым бар екен деп.
Саудырама сай-жыра,
Бұлағым бар екен деп.
Бұлақ су ғой о дағы
Суалады, толады.
Обалы не, обалы
Жапырақ та солады.
Ақыр түбі бір жыршының жаны өлең
қақпағандай болады.
Дүниеде бір бұлақ
ақпағандай болады.
Ал, әзірге...
Аяғыңның асты мұз –
Тайғанап қал, тайқып қал,
Жұрт сеніп тұр сөзіңе –
Өтірігіңді айтып қал.

* * *
Табаныма шөңге кірді,
міне індет.
Жара болды айналасы іріңдеп,
Дәрігерге көрініп ем бір епті
«Емдеу керек, – деді ол маған, – жүректі».
«Тәжірибесіз жан-ау, – дедім шамасы»,
Табаныма шөңге кірді
жүректі емдеймін деп сандалауын қарашы.
Ауыратын болды бір күн суырып
Оң қолымның шынтақтағы буыны.
Дәрігерге көрініп ем бір епті
«Емдеу керек, – деді ол маған, – жүректі».
«Мынау, – дедім, – не сандалы, не тірлік»,
қит еткенді көрсетем деп дерт қылып
дәрігердің де бәс-беделін кетірдік.
Жазылмадым ала жаздай тегі мен
тағы бардым дәрігерге,
деді ол:
«күтіп жүрсең бітірмейді бауыр түк
апсың, – деді, – жүрегіңді ауыртып».
Таң болдым мен
Қырық сегіз жасымда:
Ауырғаным башайым ба,
басым ба –
қоятыны бір диагноз
расында:
білгірлер ме, әлде кіл епті суайт па
емдеткен жөн деді бәрі жүректі.
Таңданып ем ілкіде,
Енді отырмын ойланып,
Көре-көре, сезе-сезе
расында
саусағың да, башайың да,
басың да –
анатомия атаулары жай қалып
кете ме екен
бәрі жүрекке айналып?!

* * *
Ермек те көп, ем де көп,
Біреу ине,
Біреу сөзбен емдемек.
Күлкі жылтыр, тамшы жұмыр, жүз жылтыр,
Не ем қабылдап едіңіз сіз былтыр? –
жұтар дәріңнің өзі де дөңгелек.
Бір қыры жоқ тиетұғын тамаққа
Әрі момын, әрі жұмыр дәрі аппақ.
Тамағыңнан жылжып өтіп жатады,
Дәмі де жоқ – дәрі деген атағы.
Ай туады дөңгелеп,
Күн батады дөңгелеп
уа, сол керек, өзіңе де сол керек:
өлең жазып керегі не көп өршіп,
әр дөңгелек жұтқан дәрің – тегершік
байғұс ғұмыр бара жатыр дөңгелеп.
Уа, сол керек, өзіңе де сол керек.

* * *
Күн күйіп тұр,
ыстық, ыстық, ыстық, ыстық
бездім ойдан, өлеңнен,
бүгін жауар, ертең жауар дегенмен
жаңбыр да жоқ,
өлең де жоқ – ақ тымық,
маңдайымның терін қырып лақтырып
жалпақ қолдың қырымен.
Орнымнан екі ұмтылып тұрып ем –
жүрек қысты, болмай қалды тыныс түк –
күн ыстық қой,
ыстық, ыстық, күн ыстық.
Жүрекке ойлар қонар деген үміт бар-ды,
Әрбір оқыс үнге отырмын қарайлап.
Алатауға қаңғып келген бұлттарды
ыстық, ыстық жел әкетті әрі айдап.
Ал ауаны зерттеген ғалымдар –
Ертең жауар жаңбырдың есебінен қаныңдар...
Сыншыларым, сендер де
Бүгін, ертең жазылатын жырымнан
үзінділер алыңдар.

* * *
Бұлт көшеді бір-бірімен жарысып,
күн жауады сіркіреп.
Үміт ұрттап, дәрі ішіп,
мен тілеймін бір тілек:
жауын бұлтты жапса деймін аспанды
жасыл самал құшса деймін жас талды.
Кім көріпті жаңбырына шілденің
Бұршақ ара-ласқанды,
төпеп берді
ақыр шығармын деп жазылып:
мен де төпеп жатырмын
дәріні де, қазыны.

* * *
I
Жырлар жазу түскен әкім хақында
Жақсы ат бермес деседі жұрт ақынға.
Атым шықса болды дейді бір зәлім
өзім, дейді ол, жаман атқа ырзамын.
Ақындар да қызық халық, ал әкім
ақыннан да қызығырақ болатын:
көлгірлер мен жарамсақтар дүрмегі
іскер, батыл жігіт десіп жүрді оны.
Батылдығы:
Беделі бар біреуді
Қабылдамай жіберді.
Іскерлігі: науқан кезі деп күзгі
жарты күнде жеті жиын өткізді.
Жо-жоқ, сынап жатқаным жоқ, ол әкім
еткен істің бәрі орынды болатын:
біреулерді көтерді ерек кісі ғып
біреулерді орынынан түсіріп.
Көлеңкесі түсіп жүрді дос-жарға
жоспары да қонып жатты жоспарға.
Шаруашылық бұрынғыша жатты өсіп,
Бәйгелерге ел жүрді әлінше ат қосып.
Бұрынғыша қасқыр түсіп қораға,
қаптесерлер бұрынғыша қап тесіп –
шаруашылық бұрыңғыша жатты өсіп.

ІІ
Еңбек бірақ жанбай қалды бір жылы,
Көктен тамшы тамбай қалды бір жылы.
Әсем болып көрінбеді кіржіңі,
Шешен болып көрінбеді мылжыңы.
Іскер, батыл акзаматтың елге ерек
шаруасы шыға келді дөңгелеп.
Жауын бұлтты келмеген соң күркүрлі
дән өспеді – дала босқа жыртылды.
Күнкілдесті ел: байқамаппыз,
басшымыз
жігерсіздеу жан боп шықты бір түрлі.

ІІІ
Сол азамат мына жүрген сол адам,
Зат секілді олақ қолмен ораған,
жүред қоқып көзге де оқшау, бөп-бөлек
аузы бұлтық ылғи біреуге өкпелеп,
жолап кетсең сөз айтардай ұстап ап,
ұрты солған, түсіп кеткен иығы,
иініне үйлеспейді киімі:
бір жеңі ұзын, бір балағы қысқарақ.
Бұрын қалай байқалмаған,
байқата ма көкіректің тоқтығы.
Қоңсыз болса жүйріктің де жоқ құны
майдан шығар биік тұрса шоқтығы?!,
Жоқ, өзгерген ештеңе жоқ
Осы адам
баяғы әкім, тек орнынан босаған
енді ешкімге керегі жоқ
мұның түк,
біткен кезі достарын да
түңілтіп.
Қарсы келсе кеңселестер кешегі
бірі елемей,
жалтарады бірі үркіп.
Ойлары – ұсақ,
Тірлігі тым майда әрі
әкім қойған қайдағыны қайдағы?!
Ей, уақыт, сенің де бір солдатың
Гофманның Цахесіндей болды ақыр
қас періште жұлып алған айдарын.

IV
Аурухана. Аулада жүр әлгі адам,
үміті жоқ адамнан да,
алладан:
таң қалмаймын хақтың қаталдығына
адамдардың иттігіне таң қалам.
Саулық қайғы, одан да үлкен
Бас қайғы:
әлгі адамға ешкім амандаспайды
Халін ешкім сұрамайды,
және оған
сөйлемейді; елемейді жан-адам.
Талай жігіт талап-бағы зор бұдан...
жалғыз сол ма түсіп жатқан орнынан?
Жұрттың бәрі есер емес,
Жылтырлап
жыз жазамыз
«мәңгі бастық кім тұрмақ!»
Жо-жоқ, жақсы жігіті көп астанам
бар-ау дедім сенде бір басқа мән.
Кейде Алатау анам сын-ды мейрімді,
Кейде сол бір мейрімнен де жасқанам.
Әлгі адамды мұнша неге кешпеді ел?
Өсті, түсті...
одан басқа не істеді ол?
Қолдарында болса егер
Татыратын көрінбеді үзім нан,
Адамдардың пейлі қалай бұзылған!
– Дұрыс, – деді бір қария, – жөн о да
Түскенді де түсінбесең бола ма.
Жұрт пиғылы бұзық болса ып-ырас,
әлгі адамда болмаған ғой ықылас,
соны түзетейін деген пиғыл болмаған,
жұрт та оңбаған, оның өзі де оңбаған.
Креслосын ғана білген кезінде ол,
Бар өмірін кресло деп сезінген.
Ел пиғылын бұзған соның өз басы,
өз басынан бір әңгіме қозғашы.
Құтылады ол әлдекімді жамандап
ақталады ол бәрін жауып заманға,
болмағандай әділеттік-заң онда,
қаулы-қарарға жабады табанда.
Қызмет етпей қыр көрсеткен алғырсып,
міне-міне, міне-міне бар қырсық:
қызметін, кеңсесін
дәреже деп есептеген мықты адам
бейнетім деп, парызым деп ұқпаған.
Заңнан емес, елден қорқар дірілдеп,
түсетінін түсінгендер түбінде.
Еңбекке емес, дәрежеге сыйынған
оның халі, – деді қария, – қиын хал.
Оның халін яап ұғынам деген
әурелікті өшір, – деді ол, – миыңнан.
Ол да ұқпаған,
ел де ұғына білмеген,
Дәреже деп ойласа өзі міндетін,
Жұрттың өзі көрсеткен шын құрметін
Өзі ішінен күндеген.
Қарттың сөзі жөн-ақ шығар,
бірақ та
қонбайтұғын тұстары көп құлаққа.
Түсінбесе-кешірмесе мұны әлі
көпшілік те кінәлі.
Не керек ед шын кеңдігі жетпесе
пәленшеке, түгеншеке деп кеше?!
Көсеуді де көтеріп кеп көсем ғып
Сылқ түсіру... бола ма екен осы елдік!
Қолында ептеп билігі бар шағында
әлгі адамға ерің жағынды, ә?
Кеше шұлғып бәрі аузына қараған,
бүгін сәлем бергісі жоқ жан-адам.
Өзің айтшы, сатқындық па,
жоқ па бұл,
бастығыңды талай мақтап оттадың,
мақтап-мақтап атқаныңды сезбедің,
ертең түсер бастығыңда ғана емес,
өз арыңды сатқаныңды сезбедің,
енді келіп...
Ер емес ол, ез, – дедің, –
бетіңдегі бедел емес, без, – дедің.
Без-без етіп енді содан безгенің,
өзіңнің де қылмысыңды сезгенің
өзіңнің де ұятыңды сезгенің.
Өз ұлың ғой,
ақылды адам болмаса ол
қолпаштаудың керегі не қолда сәл,
дана ұл қайдан туа алады
ойлан көр,
егер өзің дана халық болмасаң.
Күні кеше болған жігіт тірі аңыз
жылы сөзге зәру бүгін бір ауыз!
Мен де ерсем де қаңқу сөзге,
Болжалға
... кеше арнайы сәлем бердім
сол жанға:
жанарында тамшы жас боп мұң тұрды,
мен де жылай жаздап тұрдым бір түрлі...
Шашып қорлар ғұмыр сонша көп пе еді,
Жан тербетер бесік-үндер жетпеді
барлық кезде кешірімдер жетпеді,
тастаңдаршы,
тастаңдаршы өкпені –
хал аңғаршы, жай аңғаршы
ағайын,
бір-біріңді аяңдаршы, ағайын...

* * *
Қасымда бір аға жатты,
сөзі оның
он жыл жатсақ – бітпейтінін сеземін.
– Жазылған жоқ, – дейді ол, –
ескі жара әлі,
содан, – дейді ол, – әлім бітіп барады.
– Ауруды, аға, ұмытайық, мақұл ма,
Не айта аласыз казіргі әндер хақында?
– Жаз мерзімі кетті білем күзге ауып –
Көк желкеме шығып келед сыздауық.
Қабырғам да қозғалтпайды,
қар сынып
көп жатқаннан, – дейді, – доғдыр, сарсылып.
– Бір сәт ауруды ұмытайықшы, мақұл ма –
Не айта аласыз қазіргі өлең хақында?
– Доғдырың да білгіш емес, пысықтар
қолтығымның астында бір ісік бар –
қанша айтсам да тыңдар емес мені ешкім –
енді өлмесем – сендірер алар емеспін.
– Байқайсыз ба, күй тартады
ел құйғытып,
өнер өсіп кетті тым,
бишінің бақайына ми бітіп.
– Маған, сірә, қарамайды-ау
әй, тегі,
белім де ептеп шойырыла ма, қайтеді?!
– Тоқташы, аға, қайғы ойлама, жасыма,
қарашы, анау, Алатаудың басына.
– Доғдырдың да құтқармайды сені емі –
әне...аспанның өзі құлап келеді.

* * *
Арыз айтып жүреді ылғи бір адам:
– Дәріңді де бермейді екен сұраған.
Дәріні де алаған оңбасын –
бес дөңгелек дәрі ішеді жолдасым.
Маған соның береді тек үшеуін,
амал қанша, бар бергенін ішемін.
Байқап қалдым: бес дөңгелек дәріні
ана жігіт ішпейді екен бәрібір.
Борды көп жеп ауырды деп бас мына
тығып жатыр жастығының астына,
Ал, мына адам жүреді ылғи мұң шағып,
Мылжыңды да көрген жоқ ем мұншалық.
Екеуді де ауру адам, бір мұңы,
екі бөлек бірақ ұғым-тірлігі.
Бірі дәріден қашады, мұны ұғып
екіншісі дәрі ішеді құнығып.
Біреуінің жасырғанын, тыққанын
екіншісі есебін тауып жұтты алып.
Ақырында
біреуінің жүрек тұсы ауырлап,
біреуінің дерті ауады бауырға.
Сонда ашылды, ашылды сыр-шындық
дәрігерлер күйінгеннен күрсінді,
дәріні де жұрттан артық ішкісі келеді.
Дәрігер дос, қайғы ойлама,
шу мына
кімге керек? Құрдасым бар
менің бір
«тегін берсең ішіп қояд уды да».

* * *
Күндіз-түні шымылдайды
жүрегім,
жүрек шаншып әрең-әрең
жүр едім.
Түнде ұйқы жоқ: бір суыдым,
бір қыздым –
көңлі маған ауған сын-ды бір қыздың.
Түйсік алда-майды дейді,
Кім білген
қыз жымиса – мәз-майрам боп күлдім мен.
– Бір жымисаң – бар ғұмырым садаға,
Бірақ жатқан жан емеспін далада
достар да онша сараң емес бағаға.
Материал таңдағанда құрылысқа
сағат сайын білегімді жүрді ұстап,
«қолда барды аямаспын, – деді, – аға».
Әрбір сөзі құрығанда бір ерді
тұсай алар жан екен ол жігерлі:
қолда барын аямады,
маған деген сезімін
шприцтің ұшы арқылы жіберді.

* * *
Алатауға бұлт айдады жел, әне,
ақ көбіктей бұлттар бұрқырап.
Жыр толтырып мен де ұшырғым келеді
блокноттың бір парағын жыртып ап.
Жапырақтар бастады, әне, жандана,
жандардырған – ыстық, ыстық жел еді.
Көбік бұлттар аппақ еді-ау жап-жаңа,
енді, міне, қарауытып келеді.
Мен де әу баста әппақ жанды
кісі едім,
күйбең тірлік,
күйкі жандар құртты ұсақ:
бірте-бірте қарауыта
түсемін
қара нөсер төгетұғын
бұлт құсап.
Жаумай өтті бұлты бірақ
таудың ақ
жел босқа есті жауабы
жоқ сауалдай.
Жапырақтар бос
қурады саудырап,
сірә, мен де өтемін-ау
жауа алмай.
Шілдеде де бір кемістік,
кемістік –
бұлтты қуып жаудырмайды
жел ыстық.
Жыршыда да бір кемістік,
кемістік:
ойдың басын құрамайды дем ыстық.

* * *
Біздің доғдыр ғажап адам,
түр-түсі
ашық піскен нан секілді,
күлкісі,
күлкісінен исі аңқиды ас үйдің –
талай мәрте күлкісіне бас идім –
себебі мен қомағайлау кісі едім,
ас орнына сол күлкіден ішемін,
Асқа тойып алған шақта масқара:
оянады екен құлқын басқаға...

* * *
Менен гөрі тәуір білем тұрмысы –
Кеше келіп ақыл айтты бір кісі:
– Інім, – деді ол, – бейнет пенен қорлықты,
Еңбек қылып кім көрсетсе – сол мықты.
Көкірегіңді көрік қылып желдетпе,
жалғыз әсер ете алмайсың сен көпке.
Жылдар бойы көрген қорлық-азабың
жанса ғана – айналады Еңбекке.
Менен гөрі нашар білем тұрмысы,
ақыл сұрай келді менен бір кісі:
– Аға, – деді ол, – оқсата алмай келемін,
өзіңе ұсап еңбек етсем деп едім.
Сәтті қадам жасап едім бір-екі,
содан кейін ештеңенің реті
келмей қойды;
неге екенін кім білген,
бірақ менің ештеңем жоқ бүлдірген.

Пәндешілік!
Сеніп кеп тұр ол маған,
қасиет бар деп менде ешкімде болмаған.
Одан гөрі халі тәуір кісі боп
ақыл айтып қоя бердім мен де оған.


* * *
Теңеле алмай қойған соң жұрт Абайға,
бір мін табу жөн көрді қалай да.
Пайдасы жоқ адамға да, қоғамға
жаман өлең толып жатыр деді онда.
Бір ақын дос... рас, ішіп сөйледі ол:
«жаман өлеңінің өзі – ойлы өлең».
«Күн көзінде дақ бар» деді қай ғалым –
күндегеннен айтқан сөз деп ойладым.
Көп ғалыммен амалсыздан төзістік,
Күнге түскен меңнің өзі жап-жарық
болады екен, қара дақтың өзі ыстық.
Жай сөздердің өзінен жыр құрағыш
Абай әлі күн секілді тұр алыс.
Жаман өлеңінің өзі бір мектеп,
күн дағының оты –миллион градус.

* * *
Жақын ұғым айлаң да, амалың да,
уақыт тапқан сырқат ед жаңа бұл да,
құлын болды ол жылқы-айғыр болған кезде,
бұзау болды бұқаның заманында.
Хамелеон-құбылу, көп талаппен оны елеп,
жүрген шақта мақтамапты ел,
уақыт тапқан сырқат ед жаңа бұл да,
жарап жатты айлаң да, амалың да,
ырыл болды аңдардың амалында,
гүріл болды трактор заманында.
Қанаттылар кезінде ұшып-қонып,
тістілердің кезінде күшік болып,
үріп жүрді,
иттігін жүрді аңдатып,
күштілерге құйрығын бұлғаңдатып.
«Жигулиі» болар ед бұ заманның
дүкенінен запчасті таппады әттен.

Т. Раушанұлы