Жұлдыз Қазихан: "Фаризасы қазақтың мен боламын"

Жұлдыз Қазихан: "Фаризасы қазақтың мен боламын"
Фото: www.elarna.com

Дала  менің қазынам, жыр сандығым, 
Жыр нәрімен жер балқып, бусанды құм. 
Сортаң жердің тұзы бар тамырында, 
Ашқылтымдау сондықтан жусан жырым, 
— деп ерекше тебірене жырлаған Фариза апамыздың бүгін туған күні. Осыған орай Жұлдыз есімді ақын қыздың "Жусан жыр" атты өлеңін назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

ЖУСАН ЖЫР
(Ақынның ақтық жыры немесе ақынға арнау)

Жүрегіме арқалап мұң аптабын,
Тұрақтадым....
Қалдырып қыратқа мұң...
Тағдырымның ашқылтым дәмін татып, 
Адам сезбей, айтылды бұлаққа әнім...

Болды менің жаныма от жалын ем,
Соқа күннің салдырып соқпағымен
Сортаң жердің соры бар тағдырында,
Топқа айтылған, сөздерім, тоқтамы кем...

Асқындырып дертімді дариға күн,
Найзағайдай назалы налиды әнім,
Түнектегі сыпырған мұң қайғымды,
Жүректегі Жыр  менің ар-иманым.
Фариза мұң!!!

Ұштап жырдың қадірлі қаламсабын,
Ұшты аққу мұң...
Сыңары самал, сағым...
Содан бері жыр дерті тыным бермей,
Тағы аңсадым...
Көктемнің балауса әнін.

Төбесінен төнсе де қанша қауіп,
Жусан жырға жүректің аңсары ауып.
(Жұртқа жұмбақ жаныңды жар ететін,)
Қара өлеңін қазақтың Хан саналық!

Ақ самайды ақ селеу қырау шалып,
Егделік кеп ерттесін бұғау салып. 
Асау жүрек бәс тігіп жыр бәйгіде,
Бұлқынады бойымда бұлаң шабыт.

Қазынам мен мекенім – далам менің.
Қасиеттім, қадірлім – Қара өлеңім,
Кермек татып тұрса да, кей адамға,
Жусан жырым  жүректегі дара әлемім!

Фаризасы қазақтың мен боламын!
Қара өлеңмен қандырған ел қалауын.
Жусан иісін аңқытып жыр жазамын,
Жазиралы кейпіндей кең даланың!

ЖҰЛДЫЗ ҚАЗИХАН

Ж. Исакаев