Жолдан сабыр сұрадым, құстан – қанат...

Поэзия – шексіз әлем, құдіретті күш. Ол — адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі. 2015 жылы еліміздің түрлі баспаларынан көптеген жыр жинақтар жарық көрді. Соның бірі – жас ақын Айбол Исламғалиевтің «Көктемгі идиллиясы».

Айбол Исламғалиев – өзінің нәзік лирикасымен әрі жаңашылдығымен танылып жүрген таланттардың бірі. Ақын жанына үңіліп, сырласқыңыз келсе, жырларына үңіліңіз. Ақын Байбота Қошым-Ноғай айтпақшы, ақын жырларынан ішкі әлемінің бұлқынған қуаты аңғарылады, жан дүниесіндегі пәктік пен мөлдірлік өзі жырлап отырған тамшыдай тап-таза болып көрінеді.

Ида

Қайғыруды ұмытқан, гүл алуды білмеген,
Ида, сенің көзіңде өмірді ойлап тұрды өлең.
Мына ғалам ертегі оқып тұрса бір қызға,
Сен де аспан қызғанған айналарсың жұлдызға,
Мен де солай елеусіз естелікпен бірге өлем.

Ида,
Ида,
Қайда еркім?
Ессіз бола алар ма екен мұнша адам?!
Көлеңкемдей жасырып жүр ай көркін,
Аяулым-ау,
Күн жыласа, -
жыр саған,
Түн жыласа, -
жыр саған...

Не күтейін қадірі жоқ ісімнен?
Қалай, қайтіп сезімдерді жұтты үміт.
(Тұрар ма едің көк тұманның ішінде,
Бұл ғаламға әділдікті ұқтырып?!)

О, Ұлығым,
Қайтар енді жанымды,
Ақ гүлдерге орап бер де шашылған...
Соның үшін көктен жеткен әр үнді
Көбелектің жүрегіне жасырғам.

Іңкәрлікті сезіне алар шақ бар ма?
Өмір деген - Ида, сондай күпті ілім.
Жапырақтар жылап жатқан бақтарда,
Уақыттың тоқтағанын күтті кім?..

***

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан.

Қиын емес шығар солай аспанға,
Ол да енді сене алмайды дастанға.
...Ол да енді өзіңіздей өкпелеп,
Көңіл іздеп жүрер ме екен бос қалған?!

Кешегіден жеткен сол бір жұрнақтың,
Құпиясын қара түнге ұрлаттым.
Мүлде бөтен бульварлардың ішінен
Сізді көрдім,
жүзді көрдім жұмбақ тым?!

Сізді көрдім,
кенет бәрі үнсіз қап,
Жүрегімнің түкпірінде мұң сыздап,
Түсінгендей болды білем теректер,
Түсінгендей болды білем ымсыз бақ.

Жаңбыр содан тоқтай алмай тұр ма екен,
Өткен күнді жоқтай алмай тұр ма екен?!
Кенет көкке бақ таярдай тұр ма екен,
Қуанышын сақтай алмай тұр ма екен?!

Мен ғажайып қызды көрем түсімде,
Бір әуендер төгіледі ішімнен.
Эx, сол сәтте сізді құшсам дейді екем,
Қиянатшыл сезімдерім үшін де.

Сізді құшып, тазаратын шығармын,
Тәңірімнен жаза алатын шығармын. -
Өктемдікке төзе алатын шығармын,
Өкпеңізді сезе алатын шығармын.

Артыңыздан еріп кетсем со шақта,
Кеудемдегі көп күмәнді қосақтап.
Бірақ қалай көнер екем жоққа мен,
Сенер екем түстеріме осы аппақ?!

Қошеметті өз қолыммен көмсем ғой,
Күллі ғалам жылағанын көрсем ғой.
Ең аяулы мезеттерді есіме ап,
Періштеге күліп қарап өлсем ғой!

Кешіріммен қараңызшы, сіз маған,
Кешіріммен қараңызшы, ізгі адам!
Мен көктеммен жылап тұрып қоштасқам,
Қиын емес шығар бірақ күзге одан...

***

Әлгі елес от болып кететін сияқты

тиіп қалсам,

Әлгі ару жоқ болып кететін сияқты 

сүйіп қалсам.


Әлгі есік ашылмай қалатын сияқты

қайтып барсам,

Әлгі сөз жасынға айналатын сияқты 

айтып қалсам.

Әлгі үйлер өртеніп кететін сияқты

оралмасам,

Әлгі ойлар ерте өліп кететін сияқты

жол алдаса...


Бір кезім өтпей қоятын сияқты

мұң ұрлаған,

Бір сезім жетпей қоятын сияқты

бүгін маған.

Бір өлең жылап кететін сияқты 

құлынынан,

Бір әлем құлап кететін сияқты

тұғырынан...


Сонда сен құс болып кететін шығарсың,

жан біліп пе?!

Сонда мен түс көріп кететін шығармын,

мәңгілікке...

***

Мен сені күтемін

тыныштық ауғанда қалаға,

тыныштық ауғанда бөлмеме.

бір үміт өшкенде санада,

бір үміт жатқанда көлденең,


жалыққан көздердің ішінде,

ескірген жазбаның бетінде,

қалғыған аспанның түсінде,

қайғырған маусымның өтінде,


есінен адасқан жолдарда,

ұзаған сәуленің ұшында.

гүлдері жылаған қорғанда -

сәттердің тоқтаған тұсында.

 

өртенген жапырақ демінде

жыртылған қағаздың қалпында

ойларым ораса кебінге,

өксігім тірелсе алқымға...

 

Сен бе едің жанымды алатын,

Сен бе едің шақырған төбемде?

Көзімді сипаған қанатың

Айналып кетер ме өлеңге?!


Қайғы алып кетер ме кәрі аспан,

Баянсыз көктемді мүсіркеп?!

Қартайған ойлармен таласқан

Көңілді жазғырдым құсүркек.

 

Жазғырдым жүректің зар-мұңың

шамдарын өпкенде көшенің.

Қалыпсыз үндердің барлығын

жауынның астына төседім.


Жауынның тілінде жаздым мен,

Жауынның тілінде жаздым мен...

Түн кешу

Жолдан - сабыр сұрадым, құстан - қанат,
Жылағанда төбемнен мыстан қарап.
Жанарымнан жұлдыздар төгіледі
Қара түннің кеудесін құшқанда алап...

Еміреніп, егіліп көл толқиды,
Тебіреніп, төгіліп жел толқиды.
Есірік күй еңсемді езгілесе,
Өршіленіп өрлеуіт бел толқиды.

Жалдамшы боп шығардай жаным сонда,
Алдамшы боп тұрардай сағым сонда.
Бір ғажайып сәуленің жоғалды ізі,
Үмітімді, қайтейін, шағылса ол да.

Үзілмеген түстерден таптым медет,
Гүл еркелеп, ішінде бақ гүлдеп ед(і).
Көлеңкеме қолымды созып тұрып,
Обалымның отына баттым кенет?!

Бетін жапқым келді ме күнәлі ойдың,
Бетім шаққың келді ме жыланы ойдың?!
Мынау шексіз ғаламның тақсіретін
Таспасына тағдырдың жылап ойдым.

Қайтара алмай аспанның жасын, отын.
Күрсініс боп төгілер қасіретім,
Мінәжатын оқимын сынған айдың
Жалғанбаған жолдардың басып өтін.

Сосын мені көтеріп дүрия аспан,
Табанымнан түрткелер дүлей асқан.
Сорлы ақынның маңдайын күнге таңып,
Қойынына әкетер дүния астам.

Алагөбе шақ келер Арды байлап,
(Алауыз таң тап келер қарғы байлап.)
Арманымды Хақ көрер сонда менің,
“жалғыздығын отырған қалғып-ойлап...”

***

Жазықсызға жалықтым өкпе айтудан,
Есіркеген үніңді естімеймін...
Өткенімнің елесін епті ай қуған,
Пердесіне оранып ескі үрейдің.

Жар артында қайтемін жасырынып,
Бұл қалада барлығы мен секілді:
Аспан-жерде алысқан досы құрып,
Серік қылып қайтатын көрсе-кімді.

Бұл қалада барлығы бөтен маған,
Орана алмай жүреді отқа басым.
Сен де жұмбақ түсімдей жете алмаған,
Еміс-еміс көрініп,
жоқ боласың...

Түннен, гүлден, тамшыдан күш сұрадым,
Жұлдыздармен отырдым мұң бүркеніп.
(Қанатында көктемнің ұшты бағым,
Көлеңкесі тәнімнің күнге өртеніп.)

Кешірімді болуға көне алсаң ғой,
(Азабымның алауын күйіп үргем...)
Көңіліңді бір сәтке бөле алсаң ғой,
Күлге айналып кетермін мейіріңнен.

Сезіміңді өлтірме ескі ызамен,
Арманыңда адасқан құс шығарсың.
Өзім ғана сүйетін ессіз әлем,
Өзім ғана көретін түс шығарсың...
Сен, бәлкім...