Желтоқсан желі ызғарлы...

Талай қазақ қыздары мен жігіттерін арамыздан алып кеткен "Құйын − 86" деген атпен болған "Желтоқсан оқиғасы" баршамыздың мәңгі есімізде қалады. Бұл көтеріліс – қазақ халқының тарихында болған ақтаңдақтардың бірегейі. Ал одан бергі аралықта еліміз Тәуелсіздік алып, шаңырағын биікке көтерді. Көптеген деректердің көздері ашылып, бұл оқиға түрліше айтылды. КСРО кезінде көтерілісті қаладағы бұзақылардың әрекеті ретінде көрсетуге тырысты, кейінірек көтерілісті "қазақ ұлтшылдығының көрінісі" ретінде таныды.

Сол оқиғаның ызғарлы желі алдымен ақындардың жүрегін қарып өткен еді. Назарларыңызға "Желтоқсан оқиғасына" арналған жырларды ұсынамыз.

Желтоқсан алаңы

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер… 
Желтоқсанда ызғырықтан тiтiркенiп көк пен бел, 
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер, 
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер, 
Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер, 
Жатты мұнда естен танып, күзге айналған көктемдер… 
Алаң шетiн қоршап тұрған шыршаларға ала көк, 
Жас бүлдiршiн, сезiмiңдi жанар етiп қарап өт. 
Сол арадан сатқындық та елестейдi қара бет, 
Қара беттiң көбi бүгiн дара тұлға, дара бет. 
Жас бүлдiршiн, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт, 
Заманыңның жеңiсi мен жеңiлiсiн санап өт. 
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ, 
Ал бiреулер намысы жоқ, жiгер, қауқар, қары жоқ 
Кемсiтпекшi “желтоқсанның жалаң аяқтары” деп. 
Жоқ!!! Кешегi сын сағатта көкiрегiнде жанып от, 
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттiң ары боп, 
Дәуiрiнiң тауығына шашылмаған тары боп. 
Тiрлiктегi әр iсiңнiң жаңғырығы болады, 
Бұл табиғи жасырын заң өзгерiссiз қалады, 
Сол заңға сай сенi бақыт не сор iздеп табады. 
…Дүниенi дүр сiлкiнткен жас толқынның саналы 
Даңқын ешкiм, ешкiм бүркей алмас. 
Оны да еске салады, 
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы. 

                                                                                         Мұхтар Шаханов 

***
Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейсің сен маған,
Менікі емес ол деген.

Менікі емес деймін іштей жеркеніп,
Қалай сізді сендірем?
Мен едім ғой бірінші өпкен өртеніп,
Оның суық ернінен. 

Тартып алып кетті кенет Албасты,
Қарамады қайрылып.
Жеңісім ед, жемісім ед алғашқы,
Қала бердім айрылып.

Ал Албасты мақсатына жетті де,
Малғұндарға сыйлады.
Сол бір қыста жалт ойнады көк тіле,
Аспан жасын тыймады. 

Малғұннан соң Шайтан басты бауырына,
Сүйді ернінен төніп бір.
Қақ айрылмай айрылғырдың тауы мына,
Соның бәрін көріп тұр. 

Тарс жарылмай жарылғырдың жүрегі,
Бүлкілдеуін қарашы.
Керек болса қайтып ал деп күледі,
Жын-шайтанның баласы. 

Қар астында қамығады кең ғалам,
Көк мұз, тайғақ жол көрем.
Желтоқсаның келді дейді ел маған,
Менікі емес ол деген. 

                                                                                   Есенғали Раушанов 

Қан мен қар 
Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қан мен қардан жаралған осы бір ай.
Қанмен қарға жазылған естеліктер, 
Жүрегімді шабақтап осуын-ай.

Жасыл шырша, көк жалау - қуанардай
Себеп бар ғой. 
Көңілімнен күмән аумай, 
Осы айда бір әрі-сәрі күйге түсем,
Адам құсап күле алмай, жылай алмай. 

Күнтізбенің тор көзді парағынан 
Желтоқсанда жас парлап, ағады қан, 
Түтеп боран далада, жауады қар - 
Осы айдың бір қазаққа зауалы бар. 

Маған жат боп барады осы бір ай,
Шәрбат пен уын қатар тосып ұдай.
Желтоқсанның желіндей алағызып,
Мына үркек көңілдің шошуын-ай!.. 

                                                                                          Талғат Ешенұлы


Жадымда қалған – Желтоқсан...

Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.
Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды. 
Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт. 
Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып. 
Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып. 
Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап... 
Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына! 

                                                                                      Ықылас Ожайұлы