"Жауып тұр ақ қар – Ақ үміт, аппақ армандар"

Қыстың көркі – қар. Тылсым құдірет аппақ қардың жауғаны да сөзбен сурет салар ақындар үшін аяулы. Аспан жақтан баяу қалықтап қонған қар сезімтал жүректерді селт еткізді. "Дүниеде қар жауған сәттегідей бейбіт те тыныш өмір бар ма екен" – деп жазушы Оралхан Бөкей де "Қар қызы" повесінде қар жауып тұрған сәтті нәзік жеткізеді. Массагет порталы осыған дейін де қар туралы өлеңдер топтамасын берген еді. Сол дәстүріміз бойынша бүгін де сізге бір топ ақындарымыздың өлеңдерін ұсынамыз.

Оңтүстікке қар жауды. Алғашқы қар...
Көз алдымда дүние алмасты бар.
Қара желге ұрынып мен секілді,
Қара жерде түбінде қалмас бұлар.

Оңтүстікке қар жауды. Жауса жаусын..
Жаусын десем, жақыным, жау санарсың.
Қара бояу қаптаған дүниенің,
Аппақ түске бірер сәт аңсары аусын.

Оңтүстікке қар жауды. Қыламық қар...
Қыламық қар сөзімді сірә, құптар?!
Тереземнің түбінде жылауық тал,
Жылап шықты. Себебін кім анықтар?!

Жылап шықты түнімен жылауық тал,
Талға таң қап қарады бір ауық қар.
Оған себеп– қайғырса қарамайтын,
Қарағай деп аталған бір алып бар.

Қарамады қайғырса қарағайың,
Қабағынан қаймықты бала қайың.
Қалай ғана мен оны жұбатайын,
Қалай оған болайын ара ағайын?!

Қарамайды ол, оның да себебі бар,
Суық түсті сиқырын себеді қар.
Бұл иілсе бар талды қар баспай ма,
Түсінбейді-ей қауіпті неге бұлар?!

Түтеп тұрған боранға жай теңселіп,
Тіктеп алды қарағай қайта еңсені.
Қара тастай көңіл-ай сені қайттім,
Қарағайдай басым-ай, қайтем сені?!
Кешір, жарым!..

Бақытжан Алдияр

Қысқы элегия

Сен тұратын қалада қар жауды ма,
Жауған қарға жанарың арбаулы ма?
Қалай-қалай жол енді түсер екен,
Қарай-қарай жанарым талды-ау мына.

Назым ба екен, бұл маусым насыр ма екен,
Қай тарауда қандай сыр жасырды екен?!.
...Ерініңе қонған қар еріді ме,
Еріді ме, жоқ əлде ол жасың ба екен?..

Моншақ-моншақ жасыңнан мұз қалды ма,
Мөлдір-мөлдір сезімнен сыз қалды ма?
Қар жауды ма, жауды ма жаумағандай,
Жалғыз аяқ сол қарда із қалды ма?

Сен тұратын қалаға қар түсті ме,
Былтырғыдан жауған қар зор түсті ме?
Енді көктем келместей... 
...көрместей боп,
Қармен бірге ішіңе зар түсті ме?

Қалың-қалың қаланы қар басты ма,
Қап-қара аспан қабағын зорға ашты ма?
Қар жауды ма, жауды ма жау секілді,
Жауған қармен жас жаның арбасты ма?

Кім біледі, сол қала қарлы ма екен,
Қарлы күннің салқыны шалды ма екен,
Жанарыңды тұмшалап алды ма екен,
Жүрегіңді құрсаулап алды ма екен?..

Шілде – қаңтар, о, неге, қаңтар – қаңтар,
Аязды күн аяғым тартар-тартар,
Сен тұратын қалада, бәлкім, көктем,
Мен тұратын қалада қар!
Қар!
Қар!
Қар!...

Ерлан Жүніс

***

...Енді саған көсемсіп, не демекпін?!

Қар жауып тұр... Қарашы, керемет күн.
Көктем емес, кешіккен тағдыр шығар,
Қар жауып тұр... Қар емес – көбелек-мұң.

Еркеледің, әдейі, күлімдедің,
Кішкентайым... Қайтейін, күнім менің.
Бәрі жақсы, тамаша, дұрыс бәрі,
Қызық маған, жығылып, сүрінгенім.

Солай, солай...
...Жылатамын, жүректі ұлытамын.
Өп-өтірік жанымды жылытамын.
Ештеңе де болған жоқ, қар жауып тұр...
Ұмыта алам, ұмытам, ұмытамын...

Бауыржан Қарағызұлы

Либретто
 
Жауа борап, 
Ұшқындайды майда қар, 
Шам астында шыр көбелек айналар. 
Жазда шіркей билеуші еді осылай, 
............................................. 
Қайда олар? 

Қалбалақтап соғылады шамға кеп, 
Өмір сахна – 
қойылған жер сан балет. 
Қара аққу – қара шіркей жаздағы, 
Ал ақша қар самғап өт. 

Ал ақша қар шыр айнал, 
Ұлы өнер бар – 
Ұлы өнерде Құдай бар. 
Табиғатта тұнып жатқан туынды, 
Табиғатта тұма ойлар. 

Майда боран шам астында ұйытқыса, 
Баяу ғана ұлығанда ит құсап. 
Сахнада – 
Қара мен ақ арбасты, 
Періште мен Албасты. 
«Аққу көлін»* бүгін соңғы көруім, 
Көруім һәм алғашқы. 

Байқамаймыз сұлулықты, сол қайғы, 
Жасандыға көңіл тағы толмайды. 
Адам бұлай ойнай алмас, 
Дұрысы, 
Ойнатуға болмайды. 

*Чайковскийдің «Аққу көлі»
Жанат Жаңқашұлы
 
 
Жауып тұр ақ қар
 
Жауып тұр ақ қар...
Ақ қарға сырды ақтардым.
Құлдилап төмен
Құлады жерге ақ қар – мұң.
Аппақ қар болу арманым,
Бірақ
Келмейді табандарға тапталғым.

Жауып тұр ақ қар...
Көз жасы мүмкін аспанның?
(Мен неге одан жасқандым?!)
Періште болар кеудесінен жиреніп ұшқан
Тәңірден қорықпай тасқанның.

Жауып тұр ақ қар –
Ақ үміт, аппақ армандар,
Орындалмай ақ парақ болып қалғандар.
Қар көңіл берсең жетеді маған, жаратқан,
Аппақ қардың тағдырын басқа салмаңдар!

Аппақ қар – көңіл,
Таусылмас, сірә сұрағым.
Кеудені керіп жыр – ағын.
Дәл өзің құсап келеді менің жылағым,
Келмейді бірақ қап-қара жерге құлағым!
 
Құралай Омар