Жас ақындардың Абайға арнаған өлеңдері

Жас ақындардың Абайға арнаған өлеңдері
Фото: www.islam-orkeniet.kz

Ұлы Абай арқылы ғашық болдым

Сөз әлемі секілді әр ақынға,
Қалықтаған қара өлең қанатында.
Сүрлеуін сөзбен салған Абай атам,
Қазақ поэзиясында дара тұлға.

Қара сөз, қара өлеңі өрістеген,
Әр сөзінен таусылмас жеміс терем.
Қалың елім қазағым қайран жұртым,
Деп жырлаған: "у бар ма мен ішпеген".

Ақындар көп аңсаған азат таңын,
Ойлаған оқырманың озат халін.
Ал ұлы Абай атамыз ойлап кеткен,
Екі ғасыр бұрын-ақ қазақ қамын.

Шабыт көзін ұқсатам шарайнаға,
Кірлетіп алмау керек қалайда да.
Ол үшін сіздің жырмен сусындаймын,
Абай - дара қазақта Абай - дана.

Әр өлеңі шариғат құранға бай,
Тағылым ала алмайсың бұдан қалай.
Тамырын тереңдеткен Абай тілін,
Менің халқым сөйлесін шұбарламай.

Келсе өлеңге көңілім тасып толдым,
Ұлы Абай арқылы ғашық болдым.
Бес нәрседен мен солай қашық болдым,
Бес нәрсеге жетуге асық болдым.

Ержан Байқараев

ҰЛЫЛЫҚ

(Абай атаға арнау)

Ғасырдың ғарыш ойы боп келеді,
Әр жыры өр кеудеге от береді.
Сөзінен тәлім алып,жоқтай білгін,
Данышпанды мақтаудың жоқ керегі.

Сөз маржаны- іздеген бар асылы.
Ұлы ақынды тудырған Алаш Ұлы.
Хакім Абай дегенің Хақтың сөзі,
Ақын Абай дегенің дала сыры.

Білім деген толтырып бұлақты лық,
Бұлақ суға орнатып шуақты нық.
Қара көзін көрмедік дегенменен,
Қара сөзін оқыдық қуат қылып.

Келеміз жырларынмен кемелденіп,
Дана едің туылған өлең болып.
Жылылықтың жанына тұрақтаймыз,
Ұлылықтың сарқытын сенен көріп.

Үйретіп жұртқа да әдеп, жатқа да әдеп,
Ақылың арсыздықты ақтама деп.
Сақталып- ақ өтетін Ұлы Абаймен,
Мақтанып та кетіппін мақтама деп.

Өлеңмен өміршеңсің Өзің білген,
Өрліктен алыс болған кезінде іргең.
Қазақтың шалалығын айтып тұрып,
Қазақтың даналығын сезіндірген.

Ерліктің еркіндігі ерекше ұнар,
Бостандықтың бақыты бөлек тұрар.
Ұлы Абайдың ұлылығын сезінбесе,
Ұлы елден ұялу керек шығар!

Роза Тәжібаева

Ұлы Абайы жасай берсін қазақтың

Әрбір сөзін, әр өлеңін Абайдың,
Тәрбиенің ордасы деп санаймын.
Оқимын да таң тамаша дем алып,
Жыртығы көп жүрегімді жамаймын.

Құлаш сермеп, ғылым менен ілімге,
Жырлап өткен жалпақ жұрттың тілінде
Ата сенің мұхиттайын мұраңды,
Мен қасықтап ішіп келем бүгінде.

Жұмбақ адам заманында дүрбелең,
Жүрегімен жаратылған бірге өлең,
Ұлы Абайдың "У"- ы бар ма ішпеген,
Жалғыз өзі алысқанда мыңменен.

Жұртым үшін жұлдыз болып жана алсам,
Абай сөзі жүрегіме жағар шам.
Ал, мен үшін арман бар ма дүниенің
Кетігіне кірпіш болып қалансам?!

Көгімізден нұрын төгіп азат күн,
Отанымыз күйін кешіп ғажаптың.
Әр сөзінен ұғындырған ұлылық
Ұлы Абайы жасай берсін ҚАЗАҚТЫҢ!!!

Ж. Исакаев