10 наурыз күні Астана қаласында (ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында) жас ақын Әлия Іңкәрбектің «Тасқын» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Ақынның бұған дейін «Тәңіртау» атты тұңғыш кітабы жарық көрген. Ал, «Тасқын» деп аталған бұл жинағына жиырма жастағы жалынмен жазылған лирикалық өлеңдер, сырлы сезім жайлы терең мағыналы отты жырлары еніп отыр. Жиырма жасты өзінше жырлаған ақынның жандүниесіне сапар шегіп көріңіз. Кітап әдебиетсүйер оқырманға арналған.
«Ол кітабын «Тасқын» деп атапты. Өзінің әдеби ныспысы – Хан қызы. Ал, менің көз алдыма таудағы нөсер келді. Тау нөсері сұлу ғой, шіркін. Әсіресе, көктемде. Тұнықтығы қандай, суықтығы қандай! Тауда нөсер неліктен жиі жауатынын білесіз ғой, тау бұлттарды байлап тұрады. Оған күннің де көзі ерте түседі. Алтын буланып көтерілген су алысқа ұзай алмай, қайта тұнып, қайта бір төгіп жауып кетеді. Хан Тәңірінің бауырында өскен автор сол көріністі сан аңғарса керек, таңданса керек, ақыры өзі де сол құбылысқа ұқсап кетсе керек. Әйтпесе, «Тау қыраны секілді текті де едік» деп жазбайды ғой. Әкем дегені – тау шығар, тасқын дегені – сол нөсер суының таудан құлай аққаны болар. Тұңғыш жинағы «Тәңіртау» екен, ендігісінің «Тасқын» аталуы да содан» деп жазады кітаптың алғы сөзінде ақын Ерлан Жүніс.
Əлия Іңкәрбек 1997 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Жас ақын Әлия Іңкәрбек өлең өлкесіне өзіндік лебімен келіп, ХVІІ Халықаралық Шабыт фестивалінен Әдебиет аталымы бойынша тағайындалған Ф.Оңғарсынова атындағы арнайы жүлде иеленген. Бірнеше Республикалық ақындар мүшайрасының жүлдегері. Өлеңдері «Алаштың жас тұлпары», «Жауқазын жылда гүлдейді» атты ұжымдық жинақтарға енген. 40-тан астам өлеңі түрік тіліне тəржімаланған.
«Тасқын» кітабының таныстырылымы Қарағанды, Алматы қалаларында және Баянауылда өтеді.
Мөлдір Баймаханбетова