Жәркенің сенің жоқ енді, жылаңдар бұлақ бұрымдар

Қазақ әдебиеті тағы да бір ауыр қазаға ұшырап, қазақтың көрнекті ақыны Жәркен Бөдешұлы қайтыс болды. Бұл оқиғаға қазақ ақындары да бей-жай қарамай қазақ поэзиясының сағынышы аталып кеткен қаламгерлерге жоқтау жырларын арнап жатыр...

***

Жәркен кеткенде

Өшіпті дейді бір шырақ, бататын күндей қан қызыл.
Көшіпті дейді тым жырақ Жәйірден келген жалғыз ұл.

Қар жауған сәуір қаралы, шомғандай шүңет мың ойға,
Жалғыздар керек екен ғой өзі де жалғыз Құдайға.

Ажалдың жүзін көремін - безбүйрек беті бозарып...
Кеткендей болды өлеңнің өмірге ғашық көзі ағып.

Естіртем қалай Ертіске, Ілені қайтып жұбатам?
Жәркенің сенің жоқ енді, Қатудан атқан бұла таң...

Жәркенің сенің жоқ енді, жылаңдар бұлақ бұрымдар,
Боғданың биік шыңдары шайқалып бір сәт тұрыңдар!

Емендер түнде бүрлеген, шулаңдар алып шырқымды,
Мен енді кімге беремін қалтамда жарты құртымды?!

Мұңдана неге қарайсың жоғалтып сәби жанды ізгі,
Бүлкілдеп екі иығы теңселіп тұрған Жалғыздық.

Айта алман тоқтау саған мен
(онсыз да күйген жанып іш)
Ақынның әппақ шашындай ағарып кеткен Сағыныш...

Мұрат Шаймаран

***

Жүзіне бір сәт қарасақ, жүзжылдықтарға бойлаушы ек,
Ізіне бір сәт қарасақ, ілкі бір күнді ойлаушы ек,
Шәкіртке дәріс бергендей, тәптіштеп өлең оқыса,
Қайсыбір тұсын сол жырдың қайталап сұрап қоймаушы ек.

Жарты дүниедей жырғалып Жармұхамед өтті десейші,
Жаралы қанат жалғыз құс Жайырға жетті десейші,
Қабаржып тұрған дүниеге қайырыла қарап соңғы рет,
Қасиетті Қаратауымды қалғып бір кетті десейші!..
Қош, Жырау!
Қош, Қария!

Ерлан Жүніс

ЖЫР ПЕРІШТЕСІ

(Жәркен Бөдешұлымен қоштасу)

Жәркен ақын тау еді, тау құлады,
Қайғыдан дос егіліп, жау жылады.
Жайырдың сай-саласы қазаны естіп,
Қарт таудың тас сүйегі саудырады.

Жәркен ұлы дана еді, кетті дана,
Тудырған ұжымақ тау, текті дала.
Артына ұлы ескерткіш салып кетті,
Ескерткіші – сағыныш – от мұнара.

Ғұмыры – өлең өзен жосыла аққан,
Шабыты шағылдан от шашыратқан.
Жәркеннің жыры қайта дәлелдеді,
Адамның жаралғанын Топырақтан.

Аршаның бүріменен арды аластап,
Жантайды ғазиіз басын қарға жастап.
Өнерінің рухы көкті сүйген,
Өлеңінің рухы таудан асқақ.

Жәркентай – сәби еді, шетінеді,
Аялап жабар ептеп бетін елі.
Қаратаудың сөгілді қабырғасы,
Алатаудың етегі сетінеді.

Жәркенжан ұшып кетті, періште еді,
Махамбет, Мағжандармен көріскелі.
Қазақстан дейтұғын ұлы өлкенің,
Оқыстан опырылды кеніш белі.

Қош, қош бол, бала мінез алып кісі,
Адамның өзің едің даңықтысы.
Жалғыздық демалайын деді ме екен,
Келмеді-ау өзен өртін ағытқысы.

Сағынш егіз атау Жәркенменен,
Нар еді аспанды артып, тау теңдеген.
Бір арманын орындап берді Құдай,
Алатауды жастанып өлсем деген.

Кетті бүгін Қазақтың нақ ақыны,
Кетті бүгін Алаштың сара тілі.
Жәркендей ақын туған анасы ұлы,
Жәркендей батыр туған даласы ұлы.

Ұлы, ұлы, бәрі ұлы еш талассыз,
Өтті өмірден айғайсыз, бақталассыз.
Жәркен деген жырауы ер түріктің,
Біз деген жас қауырсын, жас қанатпыз.

Бақұл бол, айналайын, жыр атаны,
Бейіште сағынышың бүр атады.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жәркеннен қалған өлең гүл ашады.

Солай, солай!
Сонбейді жыр ошағы.
Әкемнен айырылғандай – егейімнен,
Бір өксік кетер емес көмейімнен.
Жайырға жолым түссе топырағын
Әкеліп қабіріңе себейін мен!

Әділет АХМЕТҰЛЫ

ЖӘЙІР МЕН ЖӘРКЕН

Жәйір, Жәйір дегені,
жайпаң ғана тау екен.
Жәркен, Жәркен дегені,
жайсаң жүзді жан екен.

Жәйір дейтін сол таудың,
сай-саласы кен еді.
Жәркен дейтін бұл таудың,
қойны-қоншы жыр еді.

Жәйір таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
бір-бірінен аумаған.

Жәркен тауды бұлт шалса,
Алатауға сүйенген.
Жәйірді жау құрсанса,
дұспанға дес бермеген.

Желкілдесе інгендей,
Жәйір таудың шудасы.
Жырға толып кетердей,
Жәркен таудың жылғасы.

Жәйір дейтін қарлы тау,
қарауыл боп шетте тұр.
Жәркен дейтін жарлы тау,
жасауыл боп шепте жүр.

Жәйір, Жәркен қашаннан,
Ер Тұранның ордасы.
Жыр мен тастан қашалған,
Тәңір ғана жолдасы.

Жәйір, Жәркен көлбеген,
сағыныштай сарқылмас.
Қанша бауыр дегенмен,
тауменен тау қосылмас.

Жәйір таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
бір-бірінен аумаған.

Ұмтыл Зарыққан

***

Тәңір ісі тағдыр жазу маңдайға,
Тағдыр өзі талқысына салмай ма,
Өмір дәмі алдарқатып адамды,
Өлім заңы өлмес жанды таңдай ма?

Жанарында жасын ойнап, жарықтық,
Жақсы жандар қайтып жатыр зарық қып.
Қабырғаны қайыстырып жат хабар,
Қабір әнін естуден де жалықтық.

Дауыл тұрып көшіргендей құмдарды,
Ауын құрып қармап жатыр үн барды,
Тажал еніп есігіңнен ентелей,
Ажал келіп алып жатыр Тұлғаңды.

Өлмейтіндер өтіп барад таңданбай,
Төр дейтіндер тәтті сөйлер жалғандай.
Екі жылда есеңгіреп қалдық рас,
Екі дүние арасында қалғандай.

Білгендерге бейпіл жалған кермек боп,
Күлгендерге кербез сынды келмек деп,
Хош кеп қалдық! - дейді, “сайқал саясат”,
Қош! - деп, қалдық өлген соңы өрмек жоқ.

Азамат Қажыбай

***

Апыр-ай, шайыр кетіп, Жайыр қалды...
Аңсауға дос еткендей бауыр-маңды.
Шалынып боз жусанның биігіне
Бала кез, жоқтап тұр-ау,
Тауында əлгі...

Жалған-ай, Шайыр кетіп, Жайыр қалған...
Демімен үзілгендей дəуір-жалған.
Тұлғасы туған елдің иісіндей,
Жүрісі, енді қалған бауырға - арман.

Дүние - ай, Жайыр жоқтап қалды -ау дей ме?!
Ғашығына жетпеді -ау,
Арман кеуде,
Алматы тоқтау айтып жатқан шығар,
Шайырді Жайыр жоқтап қалған кезде...

Сайрангүл Дахан