Жансаяға жазылған хаттар

       

Шаганэ, ты моя Шаганэ! 

...Он не лучших Рязанских раздолий,

Потому, что я с севера, что ли.

 Сергей Есенин 

 

Жансая, жаным Жансая!

Түсімде жиі елестер,

Сағымданған сар далам.

Қызылқұм, қызыл белестер,

Санамды солар торлаған.

 

   Жансая, жаным Жансая!

Сарғайған сона-а-у селеулер,

Сағынышым ол менің,

Көргендер мені жүдеу дер,

Сағыныштан...өлмедім!

 

Жансая, жаным Жансая!

Төсінде төлдер жусаған,

Сүйемін қырқа-белімді.

Ұдайы мұңдар құрсаған,

Жүрегім неткен төзімді!

 

Жансая, жаным Жансая!

Тұр ма екен аман жырғалып,

Қараормандай сексеуіл.

...Өлең жазар бір ғәріп,

Атыңды атап тек сенің!

 

Жансая, жаным Жансая!

Еріншектеу жүрісі,

Ондағы күн – кексе күн!

Жасыл жусан иісі,

Жұпарыңдай тек сенің!

 

Жансая, жаным Жансая!

Қызғалдақ қызыл қырдағы,

Жел тербетіп өссе гүл,

Күлімдеп тұрар ол-дағы,

Жамалыңдай тек сенің!

 

Жансая, жаным Жансая!

Арманым менің болмас-ты,

Өзіңді мынау өпсе ерін.

Ақылым менің алжасты,

Атыңды атап тек сенің!

 

 Жансая, жаным Жансая!

Моншақтап көзден лағыл-мұң,

Жүрегім нені көкседі?!

Сағындым, сұмдық сағындым,

Туған жер және тек СЕНІ!

Шынайы Алматы

  

Алматы...мұржалар...темекі түтіні,

Қазақтың қызындай тартады шылымын.

Мұндағы адамдар көңілі жұпыны-

Қазақтың қызындай қысқарған бұрымы.

 

Тек түнді сүйетін көбелек бар мұнда,

Құмырсқа жолындай созылған көшелер.

Бес тиын бағасы, құны жоқ ардың да,

Сенбеңдер Алматы пәк қала десе егер!

 

Тек түнде ашылар шынайы келбеті,

Сыланған сұлулар масайып жүреді.

Үйреніп қалады, тірілмес енді еті,

Менің де келгенде арманым тірі еді.

 

Арлы қыз қалады аңдамай алданып,

Жүрегі о, сосын жылайды түнімен.

Тәнімен жан бағып, ақшаға малданып,

Ішінде дос болып қап-қара жынымен!

 

Даурыққан өмірі, дарақы күлкісі,

Ізгілік дәні жоқ дәл мұнда сен себер.

Алданып қалады қырдың қу түлкісі,

Кепілдік беремін осында келсе егер!

 

Біз -  жүргінші

 

         (ғұмырнама) 

...Қайың боп тұрам қасқайып! 

Мұқағали  

Мұғалима бізге өткен өмірлерің жайлы эссе жазыңдар деді. Орысша! Өткеніме оралып ойланып отырсам, жайраң қаққан жарқын сәттерімнен, сусыраған солғын сәттерім басымдау екен. Орысшаға орашолақтау әз басым он ойланып ештеңе оңдырмағасын жүрекке жүгінді... Жүрек былай деді:

                                                             

Туылғам...

Рахманның нұрына жуынғам,

Бұғаулы тағдырға буынғам,

Құштарлық жалыны көп еді,

Бұл күнде суынғам!

 

Көктедім...

Асқақтап бірақ та кетпедім,

Өмірдің-даласын аралап,

Келемін,

Иықта кетпенім!

Оруға жараса еккенім...

Тірнектеп жинаған несібем,

Аллам-ай төкпегін!

 

Кешегім...

Емхана, таңылған төсегім,

(Ұмыт боп Құдайға есебім)

Дәріге уланған бұл денем,

Қайтпады меселім!

 

Күндерім...

Ұйқысыз өтуде түндерім,

Таңдаған әртүрлі гүлдерін,

Көбелек-қоғаммен біргемін!

Күрсінем, мен дағы түсінем,

Дүниенің бір кемін!

 

Күрсінген...

Рухыма Тәңірден нұр сіңген,

Сезініп ғарыштан тылсым дем,

Сезініп ғарыштан тылсым дем,

Жүрекке жыр сіңген!

 

Тағдырым...

Орындап Жаратқан жарлығын,

Беймәлім, болашақ, алғы күн,

Құлқын-күн!

Шаршадым бұлқындым,

Аңсадым арлы-күн!

 

Бүгінгім...

Қыр астым, адастым бүліндім,

Теп-тегіс жерлерде сүріндім,

Түңілмес кездерде түңілдім,

Ұмыт боп кетсінші бұрынғым,

Ақиқат айтылар уақытта,

Келмейді бұғынғым!

 

Осы мен...

Армансыз арындап көсілем,

Тағдырдан көп үміт тосып ем,

Әзірге келемін өмірдің,

Керуендей көшімен!

 

Ей, мейлі...

Көңілде бір сәуле сөнбейді,

Істеген тірлігім өнбейді,

Тасырлы тағдырға жұлқынып,

Ішімде сыңарым көнбейді!

 

Ғұмырым...

Шетінен жымқырып ұры-күн,

Өлеңсіз өткізіп өлі-күн,

Өлеңмен өткізіп тірі-күн,

Арман-қыз бір сілкіп бұрымын,

Жеткізбей сілелеп құрыдым!

 

Ертеңім...

Ересек айтылар ертегім,

Жаза алмай жүректе өрт емін,

Өткенді парақтай паршалап,

Келеді өртегім!

 

Нетемін...

Аспаннан бір әмір күтемін,

Кезі кеп мен дағы кетемін,

Мен кетсем қамығып жүрмеңдер,

Алатау шыңына қайтадан,

Шынар боп бітемін!           

Саған деген сағыныштан өртеніп,

Кетпесем болар еді!

Өзіңсіз өмірден дерт еміп,

Өтпесем жарар еді!

 

Өкпелеймін өміріме өзіңсіз,

Өңсіз күндер өтуде.

Телміремін Туған жерге...төзімсіз,

Дәрменім жоқ бекуге.

 

Жұлым-жұлым жараланған жаныма,

Сая болар деп келем.

Уақыт қой кінәлі... тағы да,

Өзіңсіз өтпеген!

 

Бір табан арыма жақынмын,

Қара сумен өтеді көп күнім.

Жұпыны күн кешер ақынмын,

Түсінші тектімін!

 

Деп жүргенде өзіңе иемін,

Бағым боп өтпеші бұйырмаған.

Білесің мен сені...

Айтуым бұл сөзді қиын маған!

 

* * *

Өтті түндер, өтті күндер жабығып,

Соншама бұл сарылардай сағынып.

Кім едің...

Күте-күте келмейтұғын хатыңды,

Желінбейтін жігерім де уатылды!

Жүдедім...

 

Сені ойлап отырамын таң алды,

Армандарым  құмға сіңіп жоғалды.

Сыз демім...

Жұлым-жұлым жараланған жаныма,

Сая болып, бұйырар деп бағыма,

Іздедім...

 

Жайдары шақ кеткендей-ақ күлкіңде,

Ғайып болды көрген түстей бір күнде,

Күз әні...

Жүрегімді орап мұңға кезерген,

Кездесерміз білем оны, сезем мен,

Біз әлі...

 

* * *

Қат-қат қайғы

Жүрегіме жамалып қалыңдаған,

(Хат жазбайсың неліктен жаным маған?!)

Айығатын емі де табылмаған,

Ұйықтатпайды...

 

Жаным мұң ғой

Мәжнүн болып көнесің, төзесіңде...

Мөлдірейді көзімнің көзесінде,

Төгілмейді кермек су...Сезесің бе?!

Сағындым ғой...

 

Бұла жүрек

Саған ынтық екенін білсін дейді,

Соны айтып бұйығып дүрсілдейді,

Бастан кешіп жүремін тылсым күйді.

Барады үдеп...

 

Алыстадық...

Ұзатамыз желге айтып сөзімізді,

Құрғатамыз жас жуған көзімізді,

Жұбатамыз «өмір» деп өзімізді!

Табыспадық...

 

Бос кесемді

Толтырып ап шарапқа ұрттаймын,

Сосын-сосын  сейілер бұлт қайғым,

Мен сені ме? Ешқашан ұмытпаймын,

Қоспас енді...

Автор: Тұрсынбек Башар

сурет:www.1zoom.net; waldub.ru; yvision.kz - 

Дайындаған: Фараби Арыстанбек