"Жан қай жағдайда биіктейді? Кешірген сайын. Жерден не көрінсе соны іле берудің қажеті жоқ: жалған атақтар – оның қанатын ауырлатады..." "Кеуделердің ішінен Жан іздеген" ақын Ақтөбе аспанында жаңбыр боп жауып тұрады ара-тұра. Күллі әлемді шаң-тозаңнан тазартуға қабілетті мөлдір жырлар тасада қап қойып жүрмегенде, біздің де қоғам мұнтаздай болар ма еді... "Поэзия" деп аталатын пейіштің қақпасын адамдардың күнәларынан күзетіп жүрген бір періштенің аты – Жанна. Бүгін Жанна Елеусіздің туған күні. Ақынның туған күніне орай бір топ сезімге толы өлеңдерін топтастырған едік. Сіздің де Жаныңыз кірлемесін десеңіз, Жанна ақынның өлеңдерін оқып тұрғайсыз!
* * *
...Сен де мендей жаныңды мұңға малып
Көрдің бе?
Ай секілді түнде ағарып...
Түн ылғи шошытады дүниедегі
Ең жақын адамымды ұрлап алып...
Уақыт та алып кете алмай өзін бұрып.
Көрсетеді (кім үшін?) төзімділік...
Қараңғылық түскенде неге адамдар
Қарсы алуға тиісті көзін жұмып?..
Бәлкім тылсым түс болып қашықтады?
Бәлкім сол ма күткені, асыққаны?..
Неге сосын соншама жап-жарықта
Жүреді олар жанарын ашып бәрі?..
Солқылында өмірдің, тынысында
Жаным әзер ілініп тұр ұшында...
Мен алаңсыз ұйықтар ем!
Менсіз өмір
Сүре алмайтын жүректің бұрышында...
Мазасыз жан таба алмай Жер,
Көктен де,
Мұң ба, әлде, бірдеңе меңдеткенде
– Мені қорып отырар Қыз қайда? – деп,
Түн жылайтын шығар-ау мен кеткенде...
***
Қызғалдақтың — даласы бар.
Гүлзар бақтың — қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған —
менің Жаным аласұрар…
Адамдардың — ауылы бар.
Алаңдардың — қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…
Дос біледі. Ол — ғапылдан.
Жау күледі — жақыннан.
Ақын:
— Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…
Айдалаға қашқан шынар —
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар — менің Елім?
Менің елім — Аспан шығар…
…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
— Өлесің ғой… дегендерге,
— Өлеңмін!.. деп барам —
Өксіп…
***
…тағы – Жол.
Тағы – қысқа емес шақырымдары.
Алаңдауменен күн өтті бірнеше жүдеу…
«Сен жаққа емес!..»
деп біреу ақылымдағы
жымиды.
Жылап жіберді жүректе – біреу…
Солқ!..етіп іште Сағыныш.
Сол қалды. Әлі
Айыра алмай тұр Түсін Өңінен – қала.
…Әділдік болса, жердегі Жолдардың бә-әрі
Бітуі керек еді ғой — Сенімен ғана!..
…Күзде бір Шынар болатын.
Сол Шынар ма едім?..
Жел қағып, түсіре алмайтын нәзік бүрлерін…
Сен жаққа бастап, бармайтын ЖОЛ шығар менің –
ӨМІР… деп сүріп жүргенім!..
***
...Түсінбейді,
ұқпайды деп – түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ – тың бәрі түбінде
Жан – ға келіп тіреледі, жарығым...
Дос күтуді (жоғалтқан күн) – доғарғам.
Сүйем – іштей.
Әлемге сол – жетеді.
Жүрегімнен өбіп әрең оңалған -
желдеткіштен жел сығалап кетеді.
Көктемдерді оятады Күз – кейпім.
Ондағы әлем – әрі Жарық, әрі Әппақ!
Ғарыш – менің оқырманым іздейтін,
ғасырларды отыратын парақтап...
Қар боп жауа салатыны Жаңбыр да,
Дән боп ұшып кететіні гүлдердің -
Жан – ға өлім жоқ екені тағдырдан!
Жерде солай ғұмыр кешіп үлгергін.
...Түсінбейді,
ұқпайды деп - түңілме.
Қайда, қанша қарасам да – әлі Мұң.
Бәрі іздеген Жоқ – тың бәрі түбінде
Жан – ға келіп тіреледі, жарығым...
***
Майшам екем.
Түнектерге көнбейтін!
Жанған сайын ұзаратын білтесі.
Шыны бойлап,
Шындыққа өрлейтін
отының әр күлтесі...
Бере алмайтын Мақсатымды анықтап,
мен Жарықтан бас тарттым!
Қараңғыда Майшам болып шарықтап.
Сұмдық-Өмір,
сені көре бастаппын...
Болып алдым өңімде де,түсімде –
қабырғаға Шын бейнеңді салатын.
Көбелектей сұлу Өлең ішімде
күйіп жатыр қанаты!
Күн де өшеді.
Көкірегін көтерсе.
Болу керек мына өмірде мұң да – Арлы!
Мені емес.
Өзіңді іздеп жетерсің.
Көру үшін – ең шынайы Сұлбаңды...
***
...гүлі де - нәзік, асқақ келетін,
мұңы да - өмір Бастап беретін,
талы да - бұлай шалқақтамайтын,
тауы да - бұлай жалтақтамайтын,
көкірегі толы - мейірімді, аяулы, ойлы ән,
мен - Көктемді сағындым Сен қалып қойған...
...тұзы да - қойған таусылмай (кім білген - не үшін...)
сызы да - кетпес қаусырмай, үндемегесін,
түні де - енді бәрібір түсе алмас олай,
күні де - енді бәрібір құша алмас олай,
Тамшыны ғана,
Тамшыны жаны аңсаған
дүниеге Күзді сүйгізіп - күт мені, Оралам саған...
***
...біз - Мәңгілік түсіндеміз.
Ішіндеміз - дүниенің.
Үлкен болып - кішіргеміз.
Көзіндей боп иненің.
Минут сайын бір адамның -
қағады Ажал қақпасын.
Сондай сәтте мен де - алаңмын :
- маған келе жатпасын...
Гүлдер солса бір түкпірде -
тамырларым шыңғырады!
Керегелер, үрліктер де -
қабырғамды сындырады...
Жерге ұмтылсам - жетер едім.
Жеті әлемдік Сезім боп!
Толқындарын - көтеремін,
теңіз ойлар:
- Өзім!..деп.
...мен - Түндікте Көз ғанамын.
Түнде - ұнатып қараймын.
Жүрегіңді қозғағаным -
сол Аймын ғой.
Әлі - Аймын...
***
...бір Кітап - Өмірге қалдырам.
Бір кітап - жазылған Қаныммен.
Емес ол - том дүние,таңғы ұран.
Сырларым - бөлісер бәріңмен.
Әрібі - ауатек қамалдай,
көрінбес жазудай - жолдары.
Сол кітап жүз қайта жамалған -
жоғалып табылса болғаны...
Парағы - жүдеген жолшылар,
жұбанбай өтетін түсінде.
Аспан деген де - сол шығар?
Жұмағы,тозағы - ішінде.
Қол соғып қарсы алмай - сарайлар,
елеңдеткізбей - ақ әр үйді -
Ол -
өзін : - ақынмын!..деп ойлар
біреудің көкірегін Қариды.
Өтірік сөздер арбаған -
өртеніп тұр қанша Текшелер.
...мәңгілік қалам мен -
әлгі адам
менен соң жыр жазып кетсе, егер...
БОЛМЫС
...Тастар: *Өсем!..* дейді.
Топырақ: *көшем!..* дейді.
Сыртынан тілде, мейлі...
Ішіңнен күнде, мейлі...
Мекендеп Жауын - басын.
Журегі ауырғасын! -
Тау ғана Үндемейді...
Талдарға - тыңшыларға
түк демей мұңшыл Ар да.
Болса да - Тұншығардай!..
Тұрады ол - үн шығармай...
Сыртынан тілде, мейлі.
Ішіңнен күнде, мейлі.
Тау ғана үндемейді!..
...Тау ғана үндемейді...
***
Халымды сұрамаңдар.
Жүрегімде белгісіз бір алаң бар!
Бір түсінсе,түсінер мені жалғыз –
қара жерге аспаннан құлаған Қар.
Сынамаңдар!
Азабына пейіштің шыдағам бар.
Алып -ұшып мен -дағы жетіп едім, –
Періштесіп мұнда да жүр адамдар...
Ұнамады.
Бұларың ұнамады.
Бақыттарың бар болсын – құрамалы...
Көктем сайын еритін мен бе десем...
Адамдардың екен ғой Күнәлары!
Қайғыларың Құдайдан үлкен бе еді?
(Құрсыншы... түртем нені...)
– Қарамын мен! Ағартшы...
дей алатын
қарапайым сағындым бір Пендені!