Жаңбыр жайлы жырлар

Жаңбыр – жүректі селт еткізбей қоймайтын, бейқам қалдырмайтын тылсым дүние. Оның сұлу сыбдыры, аңқыған хош иісі шығармашылық адамына шабыт беріп, қанаттандырады. Табиғаттың тамаша тартуына тәнті болып, сырлы сезімін өлеңге сиғызған ақындар сөзіне көз салайық.

Таудағы нөсер

Алыста,
Сонау аспанда,
Атыстар, сірә, басталды.
Жай түсіп жатыр тастарға,
Жайратып жатыр асқарды.
Дірілдеп біраз тұрды да,
Гүрілдеп ала жөнелді.
Аспанды құдай ұрды ма?
Айырар ма екен төбемді!
Жарқ етті алды кезімнің,
Өртене жаздап, басылдым.
Отым ба, әлде, езімнің!?
Оты ма, әлде, жасынның!?
Жанымды болып қорғамақ,
Жалтарып, тұра қашқан ем.
Төбемнен төмен сорғалап,
Сөндірді нөсер, басты әрең...

Мұқағали Мақатаев

Тап-таза ауа,
Жып-жылы теңіз –
Жұмақ бір!
Мұндайда рас-ау,
Тұра алар үйде шыдап кім?!
Судың беті
Тербеліп жатыр жай ғана
Жайқалғанындай
Көк бурыл майда құрақтың.

Бір ашылып,
Жабылып бірде тұр аспан,
Көсілген теңіз
Көкжиекпен ұласқан.
Көшкен бұлттардың
Керуенін мінген күн анау –
Жолаушы сынды
Жондардан өтіп, қыр асқан.

Әуенімен
Күндегі әдет-дағдымның
Ұйқымның кемін
Толқында қалқып қандырдым.
Шомыла бердім,
Шалқалай жаттым астында
Сіркіреп бастап,
Дүркірей жауған жаңбырдың.

Теңіз де жылы,
Жаңбыр да жылы –
Бір керім!
Табиғат мұнда
Төгер-ау нұрын кіл-тегін.
Келдім ғой іздеп
Тыныштық пенен теңізді,
Ендеше неге
Жаңбырдан, судан үркемін?

Шық-тағы бір сәт
Жағажайдың мынау шетіне,
Қарай қойшы
Мұнартқан теңіз бетіне:
Қақпағы ашық
Алып бір қара қазанда
Бүлк-бүлк қайнап
Жатқандай кілең бекіре.

Жарықтық жаңбыр
Себелеп жауып тұр әлі,
Қайнайды теңіз
Қалыңдап булы мұнары...
О, достарым,
Толқында тербел мұндайда,
Қансын бір десең
Көңіліңнің әбден құмары.

Әбіраш Жәмішев

Аспанда ерек дабыл кем күркіреген,
Жаңбыр құйды дамылсыз сіркіреген.
Ағыл-егіл, кең көше көл боп кетті,
Шомылтпаған бұта кем, сілкімеген.

Телегейлеп бұлқынған бұлақтармен
Тоған, арық қалмады кілкімеген.
Қыз-қырқынды ықтатып қорғалатып,
Маңқияды бұрышта бір түп емен.

Апталатып ақ жауын себеледі.
Жылғаларды сылқым су көбеледі.
Бау мен бақша жырғады шылқа шомып,
Ұшпай қалды арасы, көбелегі.

Ақ тілеуі қарттардың қабыл болды:
«Жаңбырменен қара жер көгереді».
Қандай күйге салғанын Құдай білсін
Шабындықта десте мен шөмелені?..

Естеу Нүсіпбеков

Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,
Көктемде бір тұлабой дуылдайтын.
Бетке жұққан даланың ақ тозаңы
Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын.

Тамшы көрмей, тобарсып қалған қыр да,
Жаутаңдайтын аспаннан жауған нұрға.
Ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп,
Біз де айналып кетуші ек ақ жаңбырға.

Көңілдің де беттің де кірі кетіп,
Ағушы едік даланы дүбірлетіп.
Ақ найзағай секілді айқыш-ұйқыш
Ақ жауынның арасын тіліп өтіп.

Аспан жерге түскендей күркірейтін,
Күркіресе-ақ болғаны — қыр түлейтін.
Шаң-тозаңнан іштегі арылардай,
Көкірек те сондай бір күй тілейтін.

Жел құйынның кілегей шаңы басып,
Аңызақтың өтінде арып-ашып,
Қоңырайған қырлардай, бірте-бірте
Кетер ме екен оның да әрі қашып.

Бұйра бұлттар бір кетіп бірде келіп,
Шатқал шыңнан аса алмай тұр бөгеліп.
Жуып-шайып өтетін тасқын судай
Бір ақ жаңбыр кеудеме жүр керегіп…

Сағи Жиенбаев

Қалаға жаңбыр құйды,
Жолыңа қарап тұрмын,
Жолыңа қарап тұрмын тереземнен.
Қоштасып сен кеткенде,
Дәл осындай көктемде
Дәл осындай көктемде – келем деп ең.

Өтті міне, көктем талай
Ұмыттың сен мені қалай?
Жүзің арай, сөзің балдай
Күте, күте көзім талды-ай

Ал жаңбыр шелектеуде,
Жылады теректер де.
Жылады теректер де, сусып алған.
Сағыныш керек неге?
Әйтеуір сол көктемде
Әйтеуір сол көктемде бір сыр қалды-ай.

Өтті міне, көктем талай
Ұмыттың сен мені қалай?
Жүзің арай, сөзің балдай
Күте, күте көзім талды-ай

Қалаға жаңбыр құйды…

Назира  Бердалы

КҮЗГІ ҚАЛА. ЖАҢБЫРЛЫ КЕШ.

Тереземнің арғы жағы – күнелтудің амалы.
Күнелтуде мән қанша?
Хайуан болып ырылдауың керек шығар,
Жанарың 
Жап-жасыл боп жанғанша!

Тереземнің арғы жағы – сұрғылт көше, 
Үш көзі
Жыпылықтап кезекпен...
Өлең үшін ішу керек, ішкесін,
Шер тіленген өзекпен!..

Тереземнің арғы жағы – гүр-гүр мотор, 
Отынан
Жаратылған газ көкшіл...
Асфальт қана жазар бәрін жадына,
Жазылары – сөз кекшіл...
Тереземнің арғы жағы – жетім жаңбыр, тілемсек. 
Әйелдердің өкшесі...

Жапыраққа Күз жыр жазып жіберсе,
Жап-жарық боп кетсе есім!..
Тереземнің арғы жағы – тұмандықтар, ғаламдар... 
Аузын ұрдым... ақшасын!..

Біреу маған қарап отыр жалаңдап, 
Көзін қара!.. жап-жасыл!..

Ақберен Елгезек

Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
...Жерге түскен жапырақты көтерші,

Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!
Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
...Құлап жатқан тамшыларды көтердім,

Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!
Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
...Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?

Ерлан Жүніс

Көктем симфониясы

Жылады тағы аспаным бүгін,
Аспаным өлең оқыды…
…Мен ол тамшыларды баспадым, гүлім,
Жаңбырдай өлең — жоқ ұлы!..

Мен ол тамшылардың сүйіп ем жанын,
Күйіп ем сосын қайғыдан.
Кеудеме сөйтіп құйып ем жалын,
Селт етпей қойды Ай бұған…

Жылашы, аяулым,
Өп, тіптен,
егіл..
Жалғыздық жырын төк мұңлы…
Сезімді солай көп күткен едім,
Жоқ,
біткен енді…

Жоқ құрбы…
Жоқ құрбы, қайтем, түсінер бәрін,
Жаңылған жолдан жынды екем.
«Ақындар» — дейді, ісінен мәлім…
«Ақындар» — дейді, тым бөтен…

Құстардың сұлу тыңдасам үнін,
Бұлттардан өлең көшірсем…
(Бақытыңды егер бұлдасаң өмір,
Бақытсыздығымды кешір, сен…)
Көргеннің солай ұмыттыр бәрін,
Ұмыта алмайтын біреу..мен…

Тағы ұқтым неге үміттің барын,
Жалықтым неге тілеуден?!.
Сөйлесе жаңбыр тілінде көктің,
Естісе сосын күлкімді…

Мен ғасырлардың бірінде жоқпын,
үнінде жоқпын…
біртүрлі…
Ғаламға мынау жайды анық қылдым,
Айналып, құрбым, қашты арман.
Елеске енді айналып бір күн,
Тамшы боп түссем аспаннан…

Айбол Исламғалиев