Жаңажылдық жыр шашу

Бүгін - 31 желтоқсан яғни, 2013 жылдың соңғы күні. Ертең жаңа 2014 жыл - жылқы жылына аяқ басқалы отырмыз. Өткенге - салауат, ертеңге - зор сенім. Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отырып, жаңажылдық өлең-жырлар топтамасын ұсынамыз. Қабыл алыңыздар, жаңа жыл құтты болсын!

Жаңа жыл түні


«Алақай, бүгін Жаңа жыл келеді,

Жаңа жылды күтетін түн келеді».

Жұрттың бәрі біртүрлі қуанышты,

Кеуделерін осы ой кеп үрлегелі.

 

Ауыртпалық жиналып... кететіндей,

Жылмен бірге бір бақыт жететіндей.

Аспан жақтан нұр саулап түні бойы,

Ертең дүние өзгеріп кететіндей.

 

Е, Алла, кезек келіп, Ай, Күн аман,

Жақсылыққа дастархан жайдыр әмән.

— Аяз ата келеді! — деп қызым мәз,

— Білем, ол — Орал аға... — дейді балам.

 

Мәз болып қонақтың көп келгеніне,

«Жаңа жыл кеп жайғасты төрге, міне,

Тек қар жоқ. Жаңбыр жауып...» — дейді әйелім,

...Е, шүкір, ол да Алланың бергені де.

 

Жаңа жылдың таңы атты...

Лезде тіпті,

(Шүкір, таңның атқанын көз көріпті).

... Баяғы таң.

Тіршілік сол баяғы...

Иә, айтпақшы, күнтізбе өзгеріпті:

1 қаңтар 2010 жыл.

Бауыржан Бабажанұлы


Жаңа жыл жарнамасы


Жаңа жылды қарсы алуға,

Жалпақ әлем жар салуда.

Жайнап тұрған жарнамаға

Бала біткен тамсануда.

 

Ажар беріп түн сұлуға,

Аппақ қарлы күн сууда.

Аяз Ата келеді – деп

Қазақтар да құлшынуда.

 

Қонып сол күн басыма бақ,

От шашулар шашырамақ.

Дайындықты бастап кеттік

Желтоқсанның басынан-ақ.

 

Қарғып мініп қарагерді,

Бір сойқанын сала келді.

Жаңа жылға тәуелді боп

ТӘУЕЛСІЗДІК қала берді.

 

Сырланғанын, жырланғанын,

Көрдік өмір нұрланғанын.

Еске алуға Ес қалмады

ЖЕЛТОҚСАННЫҢ құрбандарын.

 

Амалың не..,

Басасың да,

Басқа қалай..,

Қашасың ба?

Қалып тұр ғой қос «датамыз»

Жаңа жылдың тасасында.

 

Таппай елдің жанашырын,

Ақын жазар жаңа жырын...

...Шампан толы қолда бокал,

Құтты болсын жаңа жылың!

Әлібек Шегебай


Әдемі әйел

 

Жаңа жылды жалғыз өзі қарсы алды,

Келмей қойып көптен күткен аңсары.

Көңілдегі көзайымын көрсетпей,

Алдағы жыл алдар екен қанша әлі…

 

Қашан, қашан қымбаттысы келеді???

Үш жыл күткен үміті еді ол, себебі.

Қырсыққандай құр кетті ме, «жаңа жыл

Жаңа бақыт сыйласа ғой…» – дегені.

 

Өзіне-өзі өткен жылы әперген,

Патефонның үні естіліп пәтерден.

Ескі үстелдің үстіндегі үш тал гүл

Жатты солып… ((кеше өзі әкелген)).

 

Көне сурет күлім қаққан төрдегі,

Көре тұра, оған көңіл бөлмеді.

Кенет, үш тал гүлді жұлды бір-бірлеп,

«Сүйеді, жоқ, сүймейді, – деп, – ол мені…»

 

Жаңа жылды тағы жалғыз қарсы алды,

Биыл дағы былтырғыдай… шаршады!!!

…Бір мас еркек көше кезіп түнімен

Сол әдемі әйел жайлы ән салды...

Алмас Темірбай


Жаңа жыл кеші

 

Қайғы-шаттық қашаннан да жұпты есім,

Асау жылдар додасына түстік мың.

Ескі жылдың жалғыз қойдым нүктесін,

Кірпігімді өртеп жатыр ыстық мұң.

 

Талпынармыз қанат қағып таңға әлі,

Айтып қайтем тіршіліктің күйбеңін.

Өткен жылдан бар есімде қалғаны,

Сені құлай сүйгенім...

 

Аттанып ем сапарларға ту алыс,

Айыға алмай ауыр ойдан сана зіл.

Сенің маған тілдескенің қуаныш,

Сенің әрбір жүздескенің жаңа жыр.

 

Көкірегіңе асқақ сырлы күй тұна,

Ақын сырын ақ қағазға ақтарса.

Көзім ояу, ал жүрегім ұйқыда,

Өзің келіп есігімді қаққанша.

 

Кім кінәлі, жүрегімде қалса дақ,

Ұлан-асыр той боп жатыр тыста әні.

Қайғысы мен қуанышын арқалап,

Сағат тілі он екіні нұсқады.

Жақсылық Қазымұратұлы

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: 1001noch.uacenter.biz, informatio.ru, alau.kz, ntrzacatecas.com