Эссе
Ол мені қатты баураған. Бәлкім, өз-өзіне қол салуы тағдыры шығар... Ақын еді. Досының жазған мақаласынан туған жеріндегі қауымның осы бір ғажайып жан өмір есігін ашқан және дүниеден қайтқан күні(екеуі де бір күн) ел-жұрттың қабіріне барып гүл қойып, еске алғанын көргенде өзін өлтірген ақымақты сонша сыйлайтынына қатты таң қалатынын оқып, жағамды ұстадым... Солардікі дұрыс та шығар.
Он бес жасында Пекин университетінің заң факультетіне түскен, он тоғызында саяси-заң университетінде ұстаз болған. Ал жиырма бес жасында пойыз астында тәні қалды. Рухы қытай даласын шарлады. Байқұс-ай(өзімді айтамын)!
Ол мені ауыртқан. Тағдыры шығар, бәлкім.
Құс ағам ауылдан келген. Біздің жігіттердің жақсы бір әдеті болды, демалыста ауылға қайтпаған группаластарын қайтқаны қонаққа шақырады. Құс ағам астан кейін мәйхана жаққа бастады. Көп әңгімелер айтыстық. Шарап басқа шықты. Мәйхана төріне ілінген теледидарда сайрап тұрған тарих ғалымының сөзі Құс ағама қатты ерсі көрінсе керек.
- Оттайды әкеңнің! - деп бүлінді.
- Не болды, Құс аға?
- Бәрі өтірік!
- Нең бар, онда...
- Ей, мен ана неменің бетіне сыра шашып, теледидардың быт-шытын шығарамын!
Құс ағаңның мінезі белгілі еді. Жалындым келіп, иландыруға тырыстым.
- Сен қорықсаң, мәйханадан шығып алыстау жерден күт, бетіне бір-ақ ұрып, қашамын да кетемін. «Шұрық етпе»(Кенжекейдің сөзі)!
- Ойбай-ау, Құс ағасы ертең де келеміз ғой?
- Қажеті жоқ.
Құс ағаңа жалынып жүріп, ашуын бастым. Бағанағы мықты да теледидар бетінен сөнген. Құс ағам да ұмыта бастады.
- Досым, бізбен бір рюмка шарап ішуге қалайсың?
Сонда ғана байқадым, мәйханада бізден басқа тек бір қытай жігіті бар екен. Үнсіз қасымызға келді.
- Қайсы ұлтсыздар?
- Қытай емеспіз!
- Көрініп тұр.
- Қазақ!
- Мен қазақты білемін!
Осы сөз де бізге жеткілікті. Бұл – Тиянжиндік жігіт. Орталық ішкі істер университетінің студенті. Кіші аты – Шияу Доу-ыр. Оқу орындары сабақ бастамаған. Жатақханалары ашылмай, күндіз біздің университеттің сабақханаларында ұйықтайды да, түнге қарай осындай жерлерде уақытын өткізеді.
- Құс аға, тыныш тұрған теледидарды шаққанша сауапты іс істейік, қазір бізде төсек орыннан көп нәрсе жоқ. Бұл жігіт бізбен қонсын.
- Жарайды. Бірақ, бұл – мейман ғой! Үш бөтелке сыра алып кіреміз.
- Келістік.
Қайттық. Университет қақпасынан кірдік. Кенет Құс ағам қолындағы сырасын маған ұстатып:
- Тұра тұр! - деді.
Аң-таң қалып, күтіп тұрмыз. Артына қайтып, қақпа ауызында тұрған екі-үш күзетшіге барған Құс ағаң бізді көрсетіп:
- Анау студенттерің мас! Қолына сыра ұстап кіріп барады, - деді бізді нұсқап.
Олар үнсіз.
- Ұят жоқ сендерде, - Құс ағаң оларды сөзбен біраз жерге жеткізді. Күзетшілердің көздері шарадай боп кеткен. Ағамыз көңілді оралды.
- Шияу доу-ыр, Хайзыны білесің бе?
- Білемін!
- Біз, мына екеуміз, ақынбыз.
- ...
- Мен ертең,
Өзімді бақытқа кенелтем!
Қытайша, қазақша қосып жүріп, Хайзыдан аударған өлеңімді оқыдым.
- Оны ұнатам! Бірақ сен қоналқалық орын үшін өтірік айтып тұрсың.
- Аға, мен Хайзы өлген күні туғам. 1989 жылдың 26 наурызы. Ол туған күні өзіне қол салған.
- Бауырым! - құшақтап көтердім.
Ертесі басым шағылып тұра алмай жатқанымда Ыбырай құлжадан барған Аман інімді ертіп, мен жатқан бөлмеге енді.
- Қытайым қайда?
- Сізден басқа ешкім жоқ мұнда.
Түнде болған істі баян еттім.
- Әкеңнің!
- Аға, - деді Ыбырай, - мына қағазға бірдеңелер жазып кетіпті.
Маржандай тізілген Шияу Доу-ырдың жазуы екен.
«Аға, мен екі ақынмен, екі қазақпен таныстым. Бақыттымын, өзім іздеймін.
Мен ертең
Өзімді бақытқа кенелтем.
Даярлап отынды,
Жемдеймін атымды,
Мен ертең
Өзімді ғарышқа жөнелтем› .
Құрметпен: Шияу Доу-ыр ініңіз»
Ол кейін іздеп келіп, таппай кетіпті.
Бейжіңде «Ақындар ауылы» аталған ауыл бар. Ондағы жұрт қытайдың әр түкпірінен жиналған, тірлігін өлеңге айырбастағандар. Қыл-қысқасы, «ауырғандар». Дүниеге өкпелі. Ешкімді мойындамайды. Шарап ішіп, бір-біріне өлең оқысады...
Қаншама рет барып көргім келді, бармадым.
***
... «Ажал жыры», «Өз өлімім жайлы жыр» деп өлең жазған Хайзымен сонда бірге отырдым. Жаңағы «аурулар» – Хайзы болуға таланты да, ерлігі де жетпеген ерлер.
Бейжиңнің алыстау шеті болғандықтан, мұнда айды көруге болады.
- «Уақыты: ғасырдан бұрынғы бір күн немесе келергі бес мың жылдан кейін не тап қазір.
Орны: экватор сызығы – тәңір арбасының үстінде...
Кейіпкері: күн, адам текті маймұл, құс».
Ұзақ бір сахналық шығармасына кетті...
- Ғашықтық жайлы оқыңызшы!
-«Ол келеді,
Желбіреп желегі.
Тап-таза табанын
Таңғы шық өбеді.
Мұң өпкен жанары,
Күркесін
Көрінген
Балшық пен сабаны
Тағы да әкесін
Есіне алады.
Бұрымын екіге айырып
Саусағы салалы -
Шие гүлін тағады.
Екінші бір гүлді
Кімдерге берді екен?
Ешкімнің жоқ бұдан хабары.
Көктемім самалдай,
Ай сынды күз күні.
Қиялдан қашқанда қамалдай
Ол кеткен хабарын үздіріп,
Ол сүйген мекеннің жетсем деп
Қорғаны бұлақтай ұзын һәм көкпеңбек...»
- Ал, сілте!
- «Арайды» оқыңыз, қазақ тілінде «Таң шұғыласы» деуге де келеді.
- «Тазалап жер мен көк төсін,
Тапсырам жатқа тағдырын.
Жүремін жалғыз
Тек тосып,
Ақпанның қарын, жаңбырын.
Аттанып бұлақ сапарға,
Ашылды гүлдер кім үшін?
Биікте
Бидай қатарда,
Төгеді жұпар тынысын.
Көтерген байтақ жер төсі,
Көгімнің жасын әр отын.
Киелі кітап ـ
Сенсең шын,
Ол менің талмас қанатым.
Өлшеусіз кейде жарық тым,
Бұлыңғыр кейде бүгіндей.
Тастайды бір сәт қарық қып,
Мұңайтар кейде білінбей.
Көгім менен жерім де
Құралған екі бөлімнен.
Тәнім ол менің бөлінген,
Ақпанның қар мен жаңбыры
Көз жасым еді төгілген...» .
Ол мені ақыры қатты құшақтады. Мен Шияу Доу-ырды қалай көтерсем, мені де ол солай көтерді.
- Бауырым, келіп тұр! - дейді.
... Мен оның өзіне арнауын (ең соңғы жазған өлеңі) жиі есіме алып, оқып тұрамын.
«Мен ертең
Өзімді бақытқа кенелтем.
Даярлап отынды,
Жемдеймін атымды,
Мен ертең
Өзімді ғарышқа жөнелтем.
Менде бір үй болар,
Дәнге де мейірім сыйлаған.
Теңізге қараған,
Бәйшешек ораған.
...тауларға.
Биікпен таласқан,
Өзенге
Таулардан ары асқан,
Әдемі ат берем!
Бейтаныс жанға да бақ тілеп:
Жарыңмен жыларсың,
Жарыңмен күлерсің,
Өмірде бақыт сол білерсің.
Ал, мен тек теңізге жол алам,
Бәйшешек ораған...»
Авторы: Хамит Нұрбазарұлы
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: sina.com.cn