Жанғазы Ахметов Сембайұлы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақата ауылында 1991 жылы дүниеге келген. Осы ауылдағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепті бітірген. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алуда, қазір Жамбыл облыстық «АрСтан» газетінде тілшілік қызмет атқарады.
Жанғазының шығармашылығына қазірден бастап баға беріп жату қате шығар, бұл оның келешектегі еңбегінің ширегіне де жетпесі анық. Бұлай айтқан себебіміз де бар, себеп - оның аса еңбекқор екендігі. Шымыр ұйқас пен тың теңеулер де осы жас ақынның нысанына айналғандай. Ендеше, ақын бауырымызға жалындай жыр мен қап тауындай талап тілеп, бір топ өлеңдерін ұсынып отырмыз.
Жақша
Жанымың жақшасы - тәнім,
Тәнімнің жақшасы - табыт.
МЕН қиып кетер ем бәрін,
Мені ОЛАР қимайды, анық.
Кеңдіктен көрінген кемдік,
Басқаға байланған бағым.
Жырымның жолдары мендік,
«Жақшаға» сыймаған шағым.
Бақыттың соныңда қалған,
Күлкімнің көбісі бақұл.
Тағдырға тартылды талғам,
Жүректі жеңгелі Ақыл.
Өңімнің қымталса меңі
Өзімді өзім ғой сатқан.
Кінәм мен Күнәмнің дені,
«Жақшаға» сыймаған шақтан.
Түн жұтқан пәктіктің сөлін,
Сезімнің шынысыменен.
Содан ба салмақты сорым,
Сорымды «Бағымнан» көрем.
Ұрлаттым білемін кімге
Үп етер үміттің нәрін.
«Түс емес, түсін...» деп түнде,
Құшақтап жылайды жарым.
О-о-о! Неге жылайды күлгір,
Санамда қаптатып сұрақ?
Менің ғой… Ертеңім бұлдыр,
Ал оның бақыты жырақ!
Кірпікке мұң ілген сұйық,
Тәңірім, тек соны деме.
…мен бәрін кетем ғой қиып,
Мені кім… қимайды… неге?!
Р.S: Біресе қан жылап ішім,
Біресе келеді күлгім.
Жаратқан, жалынам түсін,
Жақшаның сыртында жүрмін…
Менің ауылым
Осы ауыл,
Жүрілген жолдардың куәсі.
Мен жайлы менен кем білмейтін.
Осы ауыл,
Амандық аңқыған дұғасы,
Кештірген балаң күн - гүл кейпін.
Осы ауыл,
Кешенің келбетін сақтаған,
Өзгермес өткеннің өзегін.
Осы ауыл,
Мен үшін кір шалмас ақ ғалам,
Қиялдың күттірген кезегін.
Осы ауыл,
Шығарып саларда ырғалып,
Келгенше күтетін баласын.
Осы ауыл,
Шешемнің шеріне тым қанық,
Әкемнің көтерген наласын.
Осы ауыл,
Апамның жоғалған оймағы,
Атамның сүйенер таяғы.
Осы ауыл,
Мен жайлы өзгеше ойлады,
Һәм сосын өзгеше аяды.
Осы ауыл,
Ұрланбас ұйыған ырысы,
Жазылған жырлардың тұмсасы.
Осы ауыл,
Сұнқылы сыңситын түн іші,
Байғыз-үн жанымның мұңдасы.
Осы ауыл,
Тағдырым тұсауын қидырған,
Бағытты сілтеген бүгінге.
Осы ауыл,
Қос ағам қабірін сыйдырған,
…Мені де тоса ма түбінде?..
Шаһардан шаршадым көне
Шаһардан шаршадым көне,
Ағарған арманым кәні?
«Сағынсаң қайтып кел» деме,
Талақ боп тасталды бәрі.
Тағдырын тарсынған ақын,
Таразға сыймады тағы.
Алысқа кетемін жақын,
Белгісіз саған ол жағы.
Өгейім секілді өмір,
Жыласам жұбатар жалған.
Кетуге себепші көңіл,
Сенен һәм Қаладан қалған.
Сенен һәм Қаладан қалған,
Көңілдің күрсініс - демі.
Еееее сосын іздесең, Қарғам,
Тараздан таппайсың мені.
Осы енді ақырғы шешім,
Қош енді күндерім көркем.
Негізі мені де кешір,
Наламды түсініп, Еркем!
Кетермін сорымды жырлап,
Содан соң тірілтіп түнді.
Сынық Ай сәулесін ұрлап,
Сұлбалар сомдайды кімді?
Менсіз...
Шешім
«...Маған да, саған да обал шын,
Сонда да жоғалшы...»
Мен күнәсін көтерейін обалдың...
Көздің нұрың сімірсе де көркің кіл,
Жүрегімнен біржолата жоғалғын,
Келмесе егер өлтіргін.
Көңілдерді бүркеп жатыр күдік мың,
Сезім жолға мұңды ілген.
Өткен күнге өкініш жоқ, ұмытқын,
Мен бе, ұмытып үлгергем.
Бақытына айналса да басқа адам,
Алынбаған ақым қалмас еш сенде.
Хаттарыңның бәрін жыртып тастағам,
Кешпе мейлі... кешсең де!
Жаутаңдама жас жуса да бетімді.
Көрінсе де өң солғын.
Ең ақырғы күрсінісім секілді,
Саған деген осы жырым - ең соңғым.
Ібіліске із кестірген сол күні,
Шағым айтпан көктемге.
Бақтан бұрын қауыз жарса сор гүлі,
Онда, Қарғам, ол көктемге өкпем не?..
Еншімізге ерте бастан тәуелді,
Жолақ жатыр қадам сұрап солай нық.
Түсініксіз һәм мұңдылау әуенді
Тосып қалды Жолайрық.
Кешегіміз біздер кешкен елес деп,
Менімен жыр, сенімен бір мұң кетті.
Біз екеуміз суйіспеуге емес
Тек,
Тағдырымыз түйіспеуге міндетті!
Оқшау ой
Санам санға сапырылып, ой онға,
Сабырымды сарқып ішкен сабылыс.
Қызыл… жасыл… жо-жоқ сары боялған,
Сағым өңді саған деген сағыныш.
…Өмір бізді өкінтумен өткізбек,
Ақ үміттің кірленгені үшін де.
Екеуміздің елесіміз жоқты іздеп,
Қаңғып жүрген қарашықтың ішінде.
Жырдағы мұң жүк болған соң жүрекке,
Әлдекімге шағым айтқыш ол да кіл.
Тәңір құлақ аса қалса тілекке,
Бақыт емес, - басымызға қонбағыр.
Өлең болып өрілуде өміршең,
Сезімдерім көңілсіздеу күй сіңген.
Елесіне есім кетіп егілсем
Тағдырымыз түйіспесін түйсінгем.
Сен туралы сыр суыртып тағы түн,
Ертеңімді өңмендетті кешеге.
Жүрілмеген жолдарымның бағытын,
Біле тұра, бүлк етпейді-ау пешене.
«Әдейі…»
Нүкте
Менсіз де таңдарың атар,
Сезімнің нүктесі терең.
Шешімім болса да қатал,
Кешірім күтпеші менен.
Құсалық салсам да саған,
Жанарда жалыныш еріп.
Өтініш танытпа маған,
Өкініш кейпінде келіп.
Арманға алданып бекер,
Үміттер үзілген шақта.
Құлқынның құлы боп кетер,
Көздерің сүзілген жатқа.
Көктемге шертіліп мұңым,
Өткенге қойылған нүкте.
Кешенің соңғысы бүгін,
Сол үшін сен енді күтпе!
...Бір дұға оқылып тосын,
Тәңірден тілекті сұрап.
Күзбен бір күрсініп, сосын...
Ұмытып кетерміз.
Бірақ...
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: Жеке мұрағаттан, korgalzhyn.akmoedu.kz, islamdag.ru