Гүлнар Салықбаева: "Кешіріңдер келгенімді өмірге"

Жақында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Әдебиет пен өнер саласындағы 2014 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру туралы" жарлығына қол қойған болатын. Мемлекеттік сыйлыққа әдебиет саласы бойынша "Кешіріңдер келгенімді өмірге" атты өлеңдер жинағы үшін ақын Гүлнар Салықбаева лайық деп табылды.

Кеше ғана әдебиет саласындағы еліміздегі ең үлкен марапат иесін "Жазушы" баспасының бас директоры, танымал ақын Есенғали Раушанов арнайы құттықтады. Есенғали Раушанов Гүлнар ақынды "Жазушы" баспасы тағайындаған "Жылдың үздік қаламгері" сыйлығымен марапаттап, ақшалай сыйлық та табыс етті.

Гүлнар Салықбай кездесу барысында: "Жалпы жазған өлеңдерімнің саны бір томды құрайтын шығар. Өйткені әр баспаға ұсынар кезде қайта-қайта оқып, тексерген жырларымның біразын алып тастаймын. Негізі Мемлекеттік сыйлыққа бір рет ұсынылып, құлап қалған соң, қайтадан қатысу ойымда болмаған еді. Сосын біреулер (атын ұмытып тұрмын) қоярда-қоймай ұсынайық деді. Соңы осылай болды ғой", - деді.

Гүлнар Салықбаева 1963 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында туған. 1986 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. "Бір жұтым ауа, қызыл күн", "Жан", "Аспандағы аңсарым", "Түс", "Кешіріңдер келгенімді өмірге" жыр жинақтары, "Марина Цветаева" атты аударма кітабы жарық көрген. Бүгінде "Қазақстан" Ұлттық телеарнасының бас редакторы.

Ақынның "Кешіріңдер келгенімді өмірге" атты өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Гүлнар Салықбаеваның барлық өлеңін мына жерден тегін жүктей аласыздар.

Кешіріңдер кең пейілді пішінде:
жүргенімді осы байтақ өңірде!
Кешіріңдер 
дәл осылай болғандығым үшін де,
келгенімді өмірге...

Кешіріңдер 
сүйгенімді өртеніп,
Күтіп желдің өкпегін.
Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,
өмірімнің өткенін...

Кешіріңдер
жақсы көрсем бәріңді,
көргім келіп биіктен.
Содан кейін өртеп алып барымды,
Жер тырнасам күйіктен.

Кешіріңдер
сенгенімді себепсіз,
жарқыраған бағымды.
Тозып біткен заттарыңдай, керексіз
лақтырылған шағымды.

Кешіріңдер
құрметсіздің қулығын
дер кезінде ұқпасам. 
Қырық тесік болса дағы сулығым,
қабағымды шытпасам.

Кешіріңдер
түсінбесем біріңді,
көңілімнің қалғанын.
Кешіріңдер 
жүрегімді, жырымды
және олардың арманын...

Кешіріңдер
өзгешелеу түсінік, 
өңге айналмас түсімді.
Оңып кеткен көйлегімді – түсі ұмыт,
мағынасыз ісімді...

Кешіріңдер
күткенімді үгіліп,
Кездерімді жаңылған.
Көз жасымды – 
шыға алмаған тығылып,
жүрегіме ағылған...

Кешіріңдер 
жасырылған жарамды –
ешқашан да таңбаған.
Кешіріңдер қолымдағы қаламды –
құмары бір қанбаған.

Кешіріңдер кітабымды бітетін –
айта алмастан бір шынын.
Кешіріңдер кереметтер күтетін
жүрегімнің дүрсілін...

Кешіріңдер
осынау бір адамды –
жағдайы жоқ белсенер.
Кешіріңдер иен қалған жағамды
қолдарыңнан келсе егер... 

Кешіріңдер
жазылмаған сөзімді,
өзімді де әлі аман.
Кешіріңдер менің ғашық көзімді –
өздеріңе қараған...

Сурет: zhasorken.kz