Гауһардай жанған – Астанам менің!

Бүгін бас қаламыз Астананың туған күні. Осыдан тура 17 жыл бұрын Қазақстанның жаңа елордасы ресми жарияланған болатын. Салтанаты келіскен елордамыз бой көтерген кезде қуанышын қағазға төккен ақындарымыз көп болды. Біз де бүгін аталған күнге орай өлеңдер топтамасын ұсынуды жөн көрдік. Қабыл алыңыздар!

***  

Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам! 

Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам... 

Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!

Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам. 

Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам. 

Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам... 

Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?...

Гүлнар Салықбай 

Астана

Ұлттық тұтастығымыздың мәселесі ең өткір қойылған арғы Тоқтамыс пен Едіге, бергі Тәуке мен Абылай замандарында билік ордасының бұл маңайға қайта-қайта көшіп келіп, көшіп кетуінде де көп сыр бар.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеткенін талай басқаға кегім,
Тастарға жазып тастаған едім.
Жарқырап нұрың тұрсың ба жайнап,
Бекзада, дегдар – Астанам менің!
Кіндігін тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты күліп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесіндегі гүлі боламын.
Шашыңдар шашу, қырмызы кілең,
Тойлаңдар мәңгі ұл-қызым, ерен.
Түн менен таңның арасындағы,
Сәріде туған жұлдызым сен ең.
Байлық пен құтқа тегенең толып,
Төртеуің түгел – төбеден қонып.
Айнала ұшқан алты қаз құсап,
Алты Алаш елім егемен болып…
Тарқады шерім, көне сарыным,
Саябыр таппай неге арыным.
Құны кетсе де нұры шалқыды-ау,
Қан құсып өткен Кенесарының.
Алыста қалған сағымдай бір күн,
Көңілін баурап лағылдай ырым.
Ақорда тұрған бүгінгі жерге,
Ақ шатыр тіккен Абылай бұрын.
Арқаның мынау төсін жайлаған,
Бабаң да талай шешім байлаған.
Қала салсам деп Қасым қалаған –
Есілдің бойын… Есім ойлаған…
Мақсатқа жеттік мәні кетпеген,
Жүректі жарып дәні көктеген.
Аманат болған Астанам менің,
Керей хан менен Жәнібектерден.
Кіндігін тауып Ұлы Даланың,
Алдымнан шықты-ау, күліп арманым.
Нұрсұлтан салған нұрлы қаланың,
Көшесіндегі гүлі боламын.
Аспаған елім, таспаған елім,
Тарихын қайта бастаған дедім.
Жұмыр Жер, кенет, жүзік боп кетсе,
Гауһардай жанған – Астанам менің!

Маралтай Райымбекұлы

***
Римде – мәңгі қалада, 
тамсанып атақ-даңқына. 
Ыстамбұлда сан мұнарадан
азанды тыңдап,
Шалқыма күй кешіп жүріп,
санасын сарыуайым буып,
сарқыла, қазақтың қара баласы
қарайлай берер артына.
Нью-Йоркте – әлем үйінде
еркін өмірмен тыныстап,
Токиода, дегдар күйіңде,
сакурадан шоқ гүл уыстап
жүрсе де қазақ баласы,
шырылдап жаны, шарқ ұра,
жоғалтқандай боп анасын,
қарайлай берер артына.
Ертегідегі қаладай,
айырмасы жоқ аспанның,
бәрібір, түкке қарамай
Прагадан мен де қашқанмын.
Еуропаны салып табанға,
(Ақылға сыймас жай тіпті),
ақырған Ұлы бабам да
Астана жұртқа қайтыпты.
Сары далаға, Тәңірі,
байлаған нендей тағы күш?
Апарған – жорық сарыны,
қайтарған – ұлы сағыныш!
Өзге елді шарлап жүрсек те,
таңдай қақсақ та басқаға,
естен шығар ма бір сәтке
аруақты жұрт Астана!
Есілім шалқып, түзден кеп,
төріме күміс төккендей.
Қараөткел бойы біздерге
жыл он екі айы – көктемдей.
Айналдым сенен, Астанам –
бабаларымның көзіндей!
Сәулесі Күнді жасқаған
Алаштың алтын тәжіндей!

Талғат Ешенұлы

Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашанда еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!

Қалқаман Сарин