Өтеді уақыт, өтеді өмір демде...
Қабырғасы жылдардың сөгілгенде,
мылқау мезгіл құяды мұзды суын
алаулаған сезімге, көңілдерге.
Мәңгі жасыл бақтарды қар басады,
жазғы түндей адамның арда шағы.
Мезгіл желі бағытын тез өзгертіп,
тақсырлар да, тақтар да алмасады.
Түтесе де уақыттың ұшқан шаңы,
адамды алға өмірлік күш тартады.
Бір-бірінсіз күні жоқ және адамдар
бір-бірінің ғұмырын қысқартады.
Көл тартылып, жанартау өртенгенмен,
тіршіліктің заңдарын Жер теңгерген.
Тылсымдарда тұншықсын, бірақ та адам
нұр сәулелер күтеді ертеңдерден.
Тек үміттің отымен ғұмырлы адам,
бұл - тірлікте бүгінгі, бұрындағы ән,
тыныштықта жаны жай күн кешеді
құламаған, тасқынға ұрынбаған.
Далаға жат көлеңке, күңкіл, күдік,
жанға мәңгі нұр шашып бір күнгі үміт,
ұнатады қырдағы ел
найзағайлар
түнектерді түргенде сілкіндіріп.
Дүбірлерден жатады қыр жаңарып,
сілкіністер күтеді мұнда халық:
қан тулаған жүректер елеңдейді,
арғымақтар өткенде зулап ағып.
Өмірің де — шырқайтын жалқы бір ән,
әуенінен өрт екпін, қарқын ұғам.
Аққан жұлдыз секілді ғұмырың да,
мәңгі ұшқындар қалсын тек жарқылынан!
Арғымақтай өтсе де ғұмыр ағып
(бұл - ежелден тірліктің сыры қанық),
адам мәңгі жалғайды үміттерді
бір-бірінен көкпардай іліп алып.
Мезгіл көші жылдарды алмастырып,
өтеді өмір, менде де қалмас тұрып.
Жырым қалсын жанымның ұшқынындай
жүректердің үмітін жалғастырып.
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: inform.kz, molodezhka.blogspot.com, tarih.spring.kz