- Негізгі бет
- Поэзия
- Есейіп кетсем де...
Есейіп кетсем де мен саған сәбимін
Ана... Осы үш-ақ әріптің астарында қаншама мағына, қаншама күш жатыр. “Адамдар – әрқашанда өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды”, - дейді жазушы Максим Горький. Түн ұйқысын төрт бөліп, тал бесікте балаларын әлдилеп өсірген аналарға қандай ескерткіш қойып, өлең арнасақ та аз. Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған ана алдында бәріміз де бас иеміз. 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай Массагет порталы аналар туралы бір топ өлеңді назарларыңызға ұсынады.
***
Ана туралы жыр
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.
Сен берген құстардың
Қанатын самғаған
Балалық құштарым
Өзіңе арналған.
Әлдилеп, аялап,
Өсірген жемісің.
Самал жел, сая бақ,
Құшағың мен үшін.
Есейіп кетсем де,
Мен саған сәбимін.
Көңіліңді көктемдей,
Көзіңнен танимын.
Өтеуге борышын
Анашым, жан сырым.
Іздедім сен үшін,
Әлемнің асылын.
Әлемнің байлығын,
Сыйлар ем, кеш мені.
Сыйлар ем ай- күнін,
Қолыма түспеді.
Ете гөр қанағат,
Әзірге берерім.
Балалық махаббат
Балалық жүрегім.
Бол риза, анашым,
Қолдағы осы бар.
Өзіңе арнаған
Әнімді қосып ал.
Ғафу Қайырбеков
СТУДЕНТ САҒЫНЫШЫ
Қысқы кеште, пеш түбінде
Ұршығыңды иіріп,
Отырсың ба, жаным Апа,
Көздеріңе мұң ұйып?!
Мазасыз бір түн үңіліп,
Боран әнге сала ма?
Кештеу қайтқан тентегіңдей,
Терезеңді қаға ма?!
Отырсың ба секем алып,
Әлде неден алаңдай.
“Ер төстік” пен “Нан батырды”
Тыңдайтын жан таба алмай?!
Қиялшылдау жым-жырт бөлме,
Үмітіңді сабақтай,
Қуандың ба менен барған
Әр хаттарды парақтай?!
Терең сенің әжіміңде,
Аналардың бар мұңы.
Бір Аллаға тапсырдың ба,
Жалғызыңның саулығын?!
Қысқы кеште, пеш түбінде,
Ұршығыңды иіріп.
Отырсың ба, жаным Апа,
Көздеріңе мұң ұйып...
16 желтоқсан 1990 ж.
Мұрат Шаймаран
Асыл ана
Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.
Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.
Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.
Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!
Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?
Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!
Қалқаман Сарин
Мама
Мен сені Тәңірден сұрадым, мама,
Осы арудың құрсағына бітемін деп.
Мен сен үшін талай жыладым, мама,
Ақынның анасы боп өтеді деп.
Мен сені жұбата алмаймын, мама,
Арайлы бір таңың атады деп.
Мен бұл өмірді ұната алмаймын, мама,
Қабырғама бар мұңы батады кеп.
Мен өмірді сонда да сүйіппін, мама,
Сыздайды тек іште, жарам ғана.
Мен бар мұңнан биікпін, мама,
Мен үшін алаңдама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Сен мені қазаққа сыйладың, мама,
Ғажаптардан қағылсаң да.
Мен сені азапқа қимадым, мама,
Қанша жыл сағынсам да.
Әйтпесе, білсең ғой, жаным, мама,
Ішім менің – шексіз әлем.
Бұл менің сорым әрі бағым, мама,
Жанарымдағы өксік өлең.
Ішім менің гүлдерге толы ғой, мама,
Нұрға да толы жүрегім ақ.
Біздің тағдыр – азап жолы ғой, мама,
Әйтеуір тілегім ақ.
Ақберен Елгезек
Ана жайлы ең жақсы сөз…
“Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?” деді.
Ана жайлы…
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.
Ана жайлы – қара жердің төзгені,
Ана жайлы – уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.
Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сəулесін, Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.
Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!
Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткемен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені –
Ана жайлы айтқан сөзі болады.
Ана жайлы – кең дүние – бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде –
Ұлым, сенің есімің!..
Ерлан Жүніс
Т. Раушанұлы