Есей Жеңісұлы: "Бұл күнде ішім – жалғыз, өзім – өлең"

Есей Жеңісұлы – 1978 жылдың 9 қаңтарында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында туған. А.Нүсіпбеков атындағы мектептің, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі. «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Дала мен қала», «Ұлан» газеттерінде, «Қазақстан» телерадио корпорациясында, Президенттің баспасөз қызметінде жұмыстар атқарған. Қазір «Айқын» газетінің тілшісі. «Бір жарық», «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!» кітаптарының авторы.

Есей Жеңісұлы ең алдымен – ақын. Ақынның үні қарапайым поэзия тілімен жүректі тербей, бұра тартуға көнбей, рухыңыздың ең түпкі тамырына енбей қоймайды. Ақын өлеңін сағынған болар бұл жұрт деген оймен назарларыңызға соңғы уақыттарда қағаз бетіне түскен бірнеше жыр шумақтарын ұсынып отырмыз. 

***

Иә, мен бөлек жанмын сенен, ізгім,

Арамыз сонша қашық неге біздің?

Есікке қарағыштап күні бойы,

Сен кіріп келетіндей елегіздім.

 

Жанымды ойлар менің көп ұрлайды,

Әйтеуір, еш дауасы табылмайды.

Елегіздім, сен кіріп келе қалып,

Әңгіме бастайтындай өмір жайлы.

 

Қарысқанмен көлденең бақыр алмай,

Тұрмайды екен тірліктің таты қалмай...

Елегіздім,

         «еһ, өмір осы ғой» деп,

Мені өзің сабырға шақырардай.

 

Бұл күнде ішім – жалғыз, өзім – өлең,

Тірліктің тез-ақ көндім тезіне мен.

Арқамнан қақпады ешкім «ерсің ғой» деп,

Ешкім де аймаламай көзіменен.

 

Саған да, маған мынау бөлек ғалам,

Жаныма медеу іздеп, өбек қағам...

Елегіздім, бәрібір келмейсің-ау,

Жер бетінде барсың, сол медет маған...

***

Ардақ тұтушы ем есіміңізді...

Кеудеде жүрек те иеге көнбек...

Ойлағаным үшін кешіріңізші,

Сіз әлемді менше сүйеді екен деп,

Сіз адамды менше сүйеді екен деп.

 

Мен сізді қатты қадірлеп едім,

Адам біткеннің асылы екен деп.

Тас болып шықты Тәңір дегенім,

Сұрланып тұрсыз «басып өтем» деп,

Сенбеймін сонда да әзіл екен деп.

 

Енді байқадым амалдың жоғын...

Ежелден менің досым ед мәңгі ой...

Жау демеңізші адамның бәрін,

Ең сорлысында да қасиет бар ғой,

Ең мықтысында да қасірет бар ғой...

 

Өмірден мынау татар мұңымды,

Қоңыр күй етіп шертіп өтермін.

Өзім қаламас қаталдығымды,

Енді мен сізге тарту етемін...

Өртпін деуші едім... салқын екенмін...

***

Мен ешкімнен дауламаймын ақымды,

Мен ешқашан дауламаймын ақымды.

Өмір кешем құлақ салып арыма,

Өмір кешем ақылды.

 

Күндемеймін біреу озып кетті деп,

Тырыспаймын болу үшін ептірек.

Білген жандар Адам десе болғаны,

Одан басқа жоқ тілек.

 

Аяғынан шалмаймын мен ешкімді,

Таңым – арай, болса деймін кеш нұрлы.

Амалсыз-ақ, айласыз-ақ өткерем,

Мына жалған бес күнді.

 

Тұта берсін тіршіліктің қармағы,

Әр күніме алданамын алдағы.

Ең ғажабы – мынау ғазиз дүние

Керек етсе болғаны...

 

***

Қара шал біздің кешегі,

Тынымсыз болған деседі.

Тірліктен өте шығыпты,

Бейнетті кешіп бес елі.

 

Жіңішке қасқа тор атын,

Мініп ап, тауға баратын.

Қасиет қонған қара шал,

Халқына сыйлы болатын.

 

Тауларды жүрді тегістеп,

Ақылын жүрді кеніштеп.

Соғыстың уағы.

                   Ұлының

Қойыпты атын Жеңіс деп.

 

Адамға үміт жарасар.

«Болмасын ұлым жан осал,

Тезірек жеңіс келсін» деп

Тілеген болар қара шал.

 

Көктемнің таңы.

                   Жүрген сең.

Гүлдей бер, дүние, гүлденсең.

Жеңістің әні шырқалды,

Екі жыл, екі күннен соң.

 

Қабақтар жібіп қатулы,

Қуантты жат пен жақынды.

Қара шал – менің әулием,

Жеңісті солай шақырды.

 

Қара шал біздің кешегі,

Сұңғыла болған деседі.

Ғұмырын жалғап жүрмін мен,

Бақытым, сірә, бес елі.

 

***

Жеңілге ұмтылдық желікпен,

Маңдайдан шығармай тұнық тер.

Ұсақтап барамыз неліктен?

Ұсақтап барамыз, жігіттер...

 

Күн үшін бет арын бес төгіп,

Боп алдық бәріміз саудагер.

Арманы, үміті еш болып,

Еңкейіп барады қайран ел...

 

Даңғырлақ, даурықпа бос кеуде,

Өзін зор көреді өзгеден.

Қос езу көпіріп, бөскенде,

Сарайлар соғамыз сөзбенен.

 

Атадан өнеге көрген кім?

Жармаса саламыз жағаға.

Ел үшін еңіреген ерлердің

Ізінен кетейік садаға.

 

Түк емес бейқамға соқтығу,

Бос күлкі – әр күннің ермегі.

Дос пенен бауырға жоқ жылу,

Қос өкпе қысады кеудені.

 

Кім болдық арманы күйелеш,

Кездейсоқ ғажаптан үміткер.

Би емес, би түсер үй емес...

Ұсақтап барамыз, жігіттер...

 

Жас досқа


Тіршілікке шын таңырқап келдің сен,

Ренжи көрме қара аспанды төндірсем...

Ешкімнің де күткеніндей болмайды,

Мынау өмір, мен білсем...

 

Жастық шақтың мен де отына күйген ем,

Асау арман асқарларға сүйреген.

Қазір, міне, алдыңда тұр бір адам,

Өмір жайлы бар сенімі күйреген.

 

Жол таңдап ем, алып қашты бір соқпақ,

Бір аттасам, қала бердім мың тоқтап.

Үміт деп ем, күліп тұрды мың бір мұң,

Қамшы деп ем, «қаңқ» еткізді «ұр, тоқпақ».

 

Өмір тұрды еркіндік деп бұғауды,

Өмір тұрды жүгіру деп құлауды.

Өмір өзі қайығымды батырып,

Өмір өзі жағалауға шығарды.

 

Жорға деп ем, болып шықты шоқырақ,

Ақылшым да бола салды ақымақ.

Жанын жалдап жүгіргендер жеңілді,

Бәзбіреулер озып кетті жатып-ақ.

 

Сезім емес, сор боп шықты сүйгенім,

Садақ емес, шор боп шықты игенім.

Мен де өмірдің ыңғайына жығылып,

Алдыма не салса, соны иледім.

 

Ешкімнің де тыңдамайды ол өкпесін,

Жас досым-ау, алдыңда әлі көп көшің.

Өмір деген – барлық ойға қайшылық,

Таңданам деп көзің шығып кетпесін...

***

Арыса адам, аруақ болу бір демде,

Жарға апарып жапсырады құр кеуде.

Білгеніңді тырысқансып білмеуге,

Тіршіліктің қамын күйттеп жүргенде,

Сүйегіңе таңба түсіп кетпесін...

 

Ұлы жолға тіккеніңмен қосыңды,

Дұшпаныңдай күткеніңмен досыңды,

Бір түйілген қабақ үшін ашулы,

Қайта-қайта шұлғи беріп басыңды,

Сүйегіңе таңба түсіп кетпесін...

 

Сатып арды, ала көрме шаппай бақ,

Уақыт-ағзам жолға салар қақпайлап.

Үрей қуып, алдыңды ойлап, артты ойлап,

Ішің жылап тұрса-дағы «ләппайлап»,

Сүйегіңе таңба түсіп кетпесін...

 

Жақсы көріп жүргеніңмен егіліп,

Құлқын үшін қараңды үзіп, бөлініп,

Өз халқыңнан – пейілі ізгі, төрі құт,

Өз-өзіңнен түңіліп те, жерініп,

Сүйегіңе таңба түсіп кетпесін...

 

Өзіңше түр тіршіліктің іргесін,

Саналыға мынау өмір күнде сын.

Міндет етіп үлдесі мен бүлдесін,

Сүйегіне таңба түсіп кеткендер,

Сүйегіңе таңба салып жүрмесін!..

***

Сағынып, аңсап күтетін,

Ештеңе қалмай барады.

Сапар ғой өмір бітетін,

Аттаған сайын – жаралы.

 

Шақырған мың-сан арманға,

Жолдарды кеттім тегістеп.

Үмітке қоймай алданған,

Жүректің түбі беріш боп.

 

Қалған-ау бәрі жырақта,

Толқынын қанша күтті айдын...

Шуаққа, сыңғыр бұлаққа,

Мен мүлде алабұртпаймын.

 

О, неге қуаң шөлдеймін?

Тербеген қайда күй алуан?

Бұлттардан сурет көрмеймін,

Таппаймын рахат қиялдан.

 

Жанымнан тәнім бір бөлек,

Қыбырлап басып келемін.

Тіршілік қана құр медет –

осы екен өмір дегенің...

 

Оқи отырыңыз: 

Есенқұл Жақыпбек: "Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп..."

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату"

Ерлан Нұрдыханұлы. "Мұзға орап қойсаң да, сөнбеймін, Көнбеймін рухымды жоюға!"

Серік Сағынтай: "Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!"

Азамат Тасқара: "Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз..."

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: azattyq.org, pictify.com