Бүгін қазақтың аса көрнекті ақыны, еш қайталанбайтын, өзіндік қолтаңбасы бар өлеңдерімен оқырман қауымның жүрегінен орын алған қаламгер Есенғали Раушанов қайтпас сапарға аттанды. Қазақ поэзиясына, қалың оқырманға көңіл айта отырып, ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
***
Әдеби жыл қорытындысы баяндамасына қосымша
Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма?
Біз өзіміз айналамыз "тауларға".
Мейірхандар қартаяды қудай боп,
Есенқұлға ақсақалдық ауғанда.
Мүлде бөлек ұлысы да ұраны,
Ойхой, шіркін, ел боламыз мұралы.
Өтежандар шығады ертең бізден де,
Енді, әрине, өзгелер де шығады.
Шығады өрге жүйріктер мен жабылар
Бүркіті бар,
Жапекеңі тағы бар,
Өзіміздің Олжасымыз болады,
Бір Олжасқа бір тәржіман табылар.
Бүгінгі күн Қадекеңде тұрған бақ
Ауысайын қайсыңа деп жүр барлап.
Н. Рубцов болам дейді Аманхан,
Сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?
Қазірден-ақ шаруасына тас, мығым,
Сейтқұлдар шығар, бәлкім, бастығым.
Байбота шал отырады балконда,
Қай пәтерде калды екен деп жас күнім.
Өрекпімей, байқай шабар ма екенбіз,
Өрге қарай шайқай салар ма екенбіз?
Қырық жастан асқаннан соң біздер де
«Атақ бер» деп айкай салар ма екенбіз?
Ұсақ емес, сақалар ма екенбіз,
Атан бермей, ат алар ма екенбіз?
Қазақ үшін жан қинамай жүріп-ақ,
Қазақ жазушысы атанар ма екенбіз?
Мұрагерің біз боламыз, жарық күн,
Сен де бізге басқа емессің, ғаріп түн.
Қасиетің де, қасіретің де – еншімде,
Қара өлеңі қазақ деген халықтың.
Әңгіме ме, болмас, бәлкім, болар шен,
Туады өлең – сене бергін, оған сен.
Жұлдыздардай самсап өлі тұрамыз,
Жұлдыздардай сирейміз біз содан соң…
Содан соң ба?
Күледі жел жындана,
Күрсінеді жасыл қала, гүл қала.
Содан кейін… отырады ойланып,
Біздер жайлы өлең жазып бір бала…
* * *
Я хотел бы
Жить и умереть в Париже,
Если бы не было такой земли –
Москва.
В. Маяковский
Көгілдір кеш,
көк мешіт,
жорға бұлақ,
Аспан да – бақ,
жер де – бақ,
жол дағы – бақ.
Мен Ташкентте өлер ем,
Алматым бар,
Құшақ ашып тұрған жоқ ол да бірақ.
Жан-жағымнан қап-қара тасқын қамап,
Жандәрмен күн қаша алмай бас бұрмалап,
Мен Ташкентте өлер ем,
Саламатхан,
Сенің нөпір шашыңның астында қап.
"Мен қазақпын!
Алматы,
ар ма!" – дедім.
Жылытпады ол мұз болып қалған өңін.
Қапа шығар қазаққа… дедім іштей
Қарындасы секілді хан Кененің.
Тұлдана да қарайды, сұрлана да
Нөкеріндей көк найза шыңдар ана.
Қатал,
қайсар,
қызғаншақ,
өр көкірек,
Бір нәзіктік бар бірақ бұл қалада.
Бір нәзіктік бар онда… тіксінбелік,
Қайсар қыздың жанын ел ұқсын делік.
Сұлу жүзін жас жуып кетеді әр кез,
Бірақ кірпік қақпайды ол сұп-сұр болып.
Мәйін бұлақ алдымда жорғалады,
…Мешіттерді аралап жол барады.
Мен Ташкентте өлер ем,
Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы.
Бүгін күз қайтыс болды
Жердегі
Ең шынайы, сүйікті Дос өтті ұлы.
Газет-журнал некролог бермеді,
Радио хабарлаған жоқ мұны.
Даладан
Жаңбыр исі келеді.
Бәрі ғажап, бәрі орнында, бәрі аман -
Алматының қарағашы, терегі.
Алматының қаласы
Сазын тыңдап тұр кештің.
Ешкім мұнда өлмегендей, қарашы,
Өлмейтіндей көрінеді мүлде ешкім.
Жапырақтар дауыс сала ұшып кеп,
Көріспекші қол алып.
Хабар айтып шаршаған жел күшік боп,
Қыңсылайды балағыма оралып.
Төлежисің ойлар, ойлар арбасып,
Төменшіктеп өр еңсең.
Күз өлді ме - қыс келеді жалғасып,
Кім келеді менен соң?
Білмеймін.
Тоғыз қайық
Кәрі Каспий, кәрі айдын,
Көзімді алмай көкжиекке қараймын.
Тоғыз қайық қай жаққа алып кетті екен?
Викингтерін Адайдың.
Күте-күте соңын сол бір сапардың,
Мұнда ылғи да мұңаяды батар күн.
Ең болмаса ей, қара бет, қанды су!
Сүйегін бер, атамның!
Қай тұста олар бауырын жерге төседі,
Дүлей дүние-ай, не шеті жоқ, не шегі
Түнде жүрген кемелерге әлі күн
Тоғыз қайық көрінеді деседі.
Күнектейді өңшең батыр қол бұлғап,
Тайызға емес, ту тереңге тор құрмақ.
Тоғыз шамға ұқсайды екен кейде олар,
Адасқанға нұсқайды екен жолды ымдап.
Демім бітіп, батып ұйма тереңге,
Енді өлдім-ау дегенде.
Аласұра атып тұрам айқай сап,
Көз ұшынан тоғыз қайық көрем де.
Кәрі Каспий, түн қандай,
Теңіз жаққа асығамын қу маңдай
Толқын қуған тоғыз қайық болдырып,
Жағаға кеп мені күтіп тұрғандай.
Болмаңыз, тегі, шүбәлі
Болмаңыз, тегі, шүбәлі
Келесі жалын ғасырда
Ескерткіш тақтам тұрады
Осы үйдің қабырғасында.
Шулайды көктем бақта ана,
Төңірек әнге тұнып бар.
Қарайды кёліп тақтаға
Болашақ алматылықтар.
Ақындар, айхай, жыр оқып,
Ару қыз келіп гүл қадап,
Нәп-нөзік қолын, дір етіп,
Алады тартып жылдам-ақ.
Өтеді тобыр топтаса,
Кетеді ару алаңдай,
Енді бір сотке тоқтаса,
Тас ақын ұстап калардай.
Тақтаны халқым аз көріп,
Тірісің әлі сен дейді.
Мен тұрам шетте мәз болып,
Мені ешкім бірақ көрмейді.
Мен жазған ескі өлеңді
Жаңа ұрпақ мынау жаттаған.
Тіріде естімегенді
Өлген соң естіп, шаттанам.
Сытылып қалып тобырдан,
Келемін сосын бөліне.
- Сақтай гөр, - деймін, - соғылған,
Ұлысың дей ме-ей сені де!
Тез тарап кетерін білем
Бұл сөздің енді жалпыға.
Ұлы емес екенімді мен
Айтамын қалай халқыма?
Ұлы емес едім мен деймін,
Өзімізді өзім ақтай кеп.
Өзімді тағы жерлеймін:
"Өлген соң тыныш жатпай..." деп.
"Ұлысың, - дейді ел, - шын ғажап,
Туғызған сені жұрт ұлы".
Сендірмей қоймас бұл қазақ.
- Иә, рас, - деймін бір күні.
Содан соң көптен бөліне,
Лақатымды аша лекерлеп,
Жатамын кіріп көріме,
Ә, енді өлген екем деп.